МӘДЕНИЕТ

Салалық журналистиканың қыры мен сыры

Журналистика - шығармашылық мамандық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Баспасөз, радио, теледидар, ғаламтор сияқты ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыратын әдеби-шығармашылық қызмет түрі.

Бүгінгі күні жаһанданған, дамыған заманда адамзат ақпарат ағынының қарқыны мықты, ауқымы кең кезеңде өмір сүріп жатыр. Әрбір жаңа оқиға, орын алған құбылыс, бастау алған тың дүние болсын, аяқталған нәтижелі іс болсын, жалғасын тапқан процесс болсын, барлық пікір, әрбір әрекет - қоғам назарында. Ал оны қоғамға уақтылы, дәл, әрі мәдениетті жеткізу, әлбетте, журналисттің қызметі.

Журналисттер қоғамдағы саланың қайсысына болсын қатысты ізденеді, жазады. Бұл маман иелерінің ізденімпаздығы мең жан-жақтылығы сондай қоғамның назары қайда ауса, сол тақырып төңірегінде зерттеу жүргізіп, сараптама жасап, өз мақаласына немесе репортажына арқау етеді. Елді елең еткізген мәселе көтерілсе, бірден сол механизмге қатысты барлық ақпаратты жинап, саралап, реттеп, бір жүйеге келтіріп, өз мерзімінде көпшілікке ұсынады. Қаншама кезеңнен бері қалыптасқан дүние осы - журналист әмбебап болуы тиіс. Қандай тақырыпта, қай салада болмасын орынды ой, орынды сөз айтуы керек әрі оны сол тақырып өзектілігін жоймай тұрып жасап үлгеру керек. Бірақ бұл қағида да бірте-бірте ескіріп, журналистика әлеміне үлкен бетбұрыс келіп жетті.

Менің меңзеп тұрғаным - салалық журналистиканың пайда болуы және дамуы. Салалық журналистика дегеніміз журналисттің белгілі бір саланы жетік меңгере отырып, сол саланың қыры мен сырын үйреніп, таңдаған саласына әбден машықтанып жазуы. Салалық журналистика несімен артық? Ол дәл қай нюанстарымен ерекшеленеді? Неліктен ол қоғамға әмбебап журналистикаға қарағанда тиімді?

Салалық журналистиканың ең үлкен артықшылығы - дәлдік. Мысалы, бүгінгі күні журналист маман жоғарыда айтқанымдай, жалпы түгел қоғамда қандай мәселе қызу талқыға түсіп жатса, қай тақырып халықтың назарын өзіне бұрса сол жөнінде жазып-ақ кетеді. Тілші қазір қоғамның қызығушылығында тұрған тақырыпты маңыздылығын жойғанша ұсынып үлгеруі тиіс. "Ақсақ қой түстен кейін маңырайды" дегендей, түстен кейін ұсынылған ақпарат қоғам назарынан кенже қалары еш дәлелді қажет етпейді. Яғни, маманның тақырыпты ашу үшін, оны жалпыға ұсыну үшін бір-екі күн, ары кеткенде бір жұма ғана уақыты бар. Әрине, әр журналист шын кіріссе кез-келген тақырыпты шемішкедей шағып тастайды.

Десек те, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен майталмандары секілді терең бойлай алмайтыны даусыз. Яғни, журналист өзінің құзырындағы аз ғана уақыт ішінде танып үлгерген нәрселерді көрсетеді. Ал сол салаға машықтанған маман болса, ол осы күнге дейін жинаған сол саладағы білімінің арқасында алынған тақырыпқа байланысты кең ойлай алады. Сәйкесінше, тақырыпты әр қырынан баяндап, өте дәл аналитикалық талдау жасауға қауқарлы болады. Оны салыстыра, өзге құбылыстармен байланыстыра отырып өте сапалы дүние жасап шығаруға мүмкіндігі болады. Баршамызға аян, қазір ақпараттың саны көп, сапалысы аз. Ал қоғам қажет ететін сапалы әрі дәл ақпарат ұсынуда салалық журналистика әмбебап журналистикадан оқ бойы озық тұрары айтпаса да анық нәрсе.

Ендігі кезекте салалық журналистика әмбебапқа қарағанда несімен ерекшеленетініне тоқталып өтсем. Бір журналисттің  "Таңертең театрда, түсте ауруханада, кешке егіс даласында жүрдім" деп жазғанын көзім шалғаны бар еді. Яғни, әмбебап маманның миы шашыраңқы, ойы жүйесіз жүреді. Ал сала бойынша жұмыс жасайтын тілшілердің концентрациясы бір бағытта, жинақы болады. Ол дегеніміз маманның бар ойы, ізденісі бір саланың шеңберінде болады.

Сол саланы басынан аяқ зерттеген, әрбір детальын білетін, әр өзгерісінен хабардар, саланы түсінетін адам, әлбетте, нәтижелі жұмыс жасайды. Мәселен, телеарнадан ауыл шаруашылығы туралы хабар шықса, оны сол саланы жақсы білетін журналист жүргізсе құба-құп емес пе? Орынды сауал қойып, тұщымды жауап алса, көзқарақты көрермен мен сол салада жұмыс істейтіндердің дені аталған бағдарламаны көрері анық. Немесе бүгін медицинаны, ертең мәдениетті, әр күні құқықты, бірсігүні экономиканы жазған журналист пен бес жыл бойы тек экономиканы немесе тек медицинаны жазатын журналисттің қайсының жұмысы сізге пайдалы? Сөзсіз, салаға бейімделген маман дер кезінде қажетті мәселені көтере алады, жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізіп нәтижелі, ойлы дүние жасап шығара алады. Әрі оқырман не көрермен тарапынан да терең талдау, сауатты сөз құп саналары айқын. Демек, салалық журналистиканың басты ерекшеліктері - ең алдымен маманның аналитикалық қабілеті дамыса, екіншіден журналист өзінің потенциалды аудиториясын таниды және сол аудиторияның сұранысына сәйкес өнім жасайды.

Келесі мәселе неліктен салалық журналистика әмбебап журналистикаға қарағанда тиімді? Қазақта "торғай сойса да қасапшы сойсын" деген сөз бар ғой. Әр істі сол істе пісіп-жетілген, әбден машықтанған адам ғана жоғарғы деңгейде орындайды. Бүгінгі күні жаһандану дәуірінде бір салада білімді болудың өзі оңай емес. Бір нәрсені жөнді меңгеру үшін көп уақыт пен еңбек қажет. Ал көп уақыт бойы бір сфераны зерттеген, сол саланы түбіне дейін қазған адам, әсте, орынды ой, сүбелі сөз айтады. Мысалы үшін медицинасы қарыштап кеткен Жапонияны алып қарайық. Онда бір дәрігерді адам ағзасының бір ғана мүшесіне қазып оқытады екен.

"Башпайын біреу, бақайын біреу деп бөліп тастаса, соның майын ішпегенде қайтсін? Бір нәрсенің түбегейлі майталманы болмау шалалық береді. Бәрінен хабарымыз бар бірақ ешбірі нақты емес. Сондықтан ауыз толтырып айтарлық нәтижеге жету қиын" - депті Бекболат Тілеухан өзінің бір сұхбатында.

Өте орынды пікір. Журналист бір салаға терең бойлап, сол тақырып төңірегінде көп ізденсе, онда оның ақпараты мәнді әрі құнды болмақ. Аспаз әр күні әр тамақ түрін жасаса, ол сол тағамдардың ешбірін таңдай қағарлық жасап үйренбейді. Өйткені ең нәтижелі жұмыс бір бағытта көп еңбектенудің, тәжірибенің арқасында келеді.

"Журналистикада сөзін қоғам тыңдайтын тұлғалар тәрбиелену керек. Ал ол белгілі бір салада машықтанып сол саладағы кез-келген тақырыпты сауатты көтере алатын маман болғаны дұрыс. Әйтпесе, әр проблеманың басын шалған тілші халыққа толық ақпарат бере алмауы мүмкін. Журналист өз саласына толық меңгеруі керек, өз баласындай көруі керек. Өз саласының қоғам мен министрлік арасындағы, сала арасында дәнекері болуы керек. Бүгінгі күні сондай дәнекердің жоқтығынан қоғам кімге сенерін білмей дал болып отыр", - дейді журналист, сенатор Дана Нұржігіт. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы ма деймін. Еуропада салалық журналистика өте жақсы қарқынмен дамып келеді және бұл өзгеріс жемісін беруде. Ал ТМД елдеріне кенже қалған салалық журналистиканың жоқтығы білініп тұрады. Әсіресе, пандемия кезінде орны ойсыраған салалық журналистиканың қажет тұстары көп екенін аңғарып отырмыз.

Қаржы, медицина, ауыл-шаруашылық, технология, құқық сынды кең ауқымды салаларда қалам тербейтін, сауатты тақырып көтеретін журналисттердің жоқтығы қоғамға айтарлықтай байқалып отыр.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігі салалық журналистиканы дамытуда қолға алу керек екендігін атап өткен еді. Дәл әрі сапалы дүние ұсынатын, өз аудиториясына жан-жақты сарапталған ақпарат бере алатын тәжірибелі мамандар даярлау ісі болашақта өз орнымен жүзеге асырылса, журналистиканың қоғамға берері көбейері сөзсіз. Өйткені салалық журналистика – сапалы контент кепілі.