COVID-19

Қазақстанда вакциналау қалай жүріп жатыр?

«Қазақстанның әрбір өңірінің 60 % тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцина ектірсе, жағдай тұрақталады» деген болжам бар. Covid-19-ды тежеу мақсатында Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халықты вакциналау басталды. Қазақстандықтардың бойында неліктен үрей басым?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Вакцина деген не?

Вакцина — сіздің ағзаңыз қабылдайтын вирусқа антигенге иммунитетті қамтамасыз ететін биологиялық дәрілік препарат. Яғни, иммундық жүйеңізді алдын-ала вирусқа қарсы жаттықтырады.

Маңызды дерек: вакцина ауруды емдемейді, бірақ оның организмде дамуына жол бермейді. Сондықтан, вакцина — әртүрлі аурулармен күресудің бірден бір тиімді әдісі. Дегенмен, коронавирусқа қарсы егілетін вакцина әлі де сынақтан өтіп жатқанын ұмытпаған жөн.

Қазақстанда қандай вакцина егілуде?

Қазақстанда коронавирусқа қарсы алғаш қолданылған вакцина Ресейлік «Sputnik V» вакцинасы. Айта кету керек, бұл вакцинаны әлемнің бірнеше елдері қолданбақ. Мысалы, Аргентина иммундаудың алғашқы кезеңі үшін 300 мың доза сатып алды.  Дәл осы вакцинаны Аргентина президенті Альберто Фернандес көпшілік алдында өзіне салдырды.

Сонымен бірге, Қазақстанның отандық «Qazcovid-in» вакцинасы қазіргі уақытта клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде. Отандық вакцина нарыққа шамамен, наурыз айында шығады. Аталмыш вакцина алғаш болып 3000 еріктіге егілмек.

Вакцинаға халықтың көзқарасы қандай?

Covid-19-ға қарсы вакциналар Қазақстандағы 18 бен 65 жас аралығындағы азаматтарға егіледі. Вакцина егілетіндердің алдыңғы қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер мен әскери қызметкерлер тұр.

Шыны керек, бүгінде ғаламторда вакциналаудың ауыр зардаптары туралы видеолар мен материалдар тарап кетті. Осының өзі халықты үрейлендіруде. Коронавирусқа қарсы бұл екпелер организм үшін тым ауыр екеніде айтылуда. Ал денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шорановтың мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде тараған екпеге қатысты жалған ақпарат таратушыларға қатаң жаза қабылданбақ. Енді халық кімге сенбек? Әрине, жаппай таралған видеолардағы вакцина ектіргендер актерлар емес шығар. Оларға актер болып не керек? Халықтың алдында вакцина ектірген шенуніктерге сенгің ақ келеді. Алайда, көп ұзамай "шенеуніктерге егілген расымен вакцина ма?" деген сауал туындады. Жалпы, халық тарапынан вакцина жайлы сауал көп, қанағаттандырар жауап жоқ.

Covid-19-ға қарсы вакциналардың қарсы көрсеткіштері болама?

Бұны анықтау үшін вакцина нұсқаулығы керек. Адамға кез келген екпе салынған тұста, организм иммунитетті дамыта отырып жауап қайтарады. Сол себепті, екпе егілгеннен кейін температураның аздап көтерілуі, қызару мен ісіну сынды жағымсыз көріністердің болуы заңдылық. Ал егер адам ағзасы вакцинаға аллергия беріп-бермейтіні, ауруханада вакцина егілмей тұрып, тексеріс барысында анықталады. Аллергиялық белгілер басым болса, бұл адамға вакцинадан медициналық бастарту беріледі. Вакцина егілген әрбір адам алғашқы 30 минут бойы бақылауда болуы керек.

Әзірге, Қазақстандағы коронавирусқа қарсы егілетін екпе жөніндегі нақты деректер осы. Сарапшылардың болжауы бойынша, жершары дәстүрлі өмір жүйесіне оралу үшін Covid-19-ға қарсы вакциналау бірнеше айды емес, бірнеше жылды қажет етеді. Сондықтан қалғаны уақыт еншісінде.