Қоғам

Карантин қазаққа дос емес, қас та емес

Осыдан бірнеше, бірнеше емес бір жыл бұрын карантин десе көз алдымызға арнайы киіммен бүркенген адамдар мен жедел жәрдем көліктері ғана елестейтін. Жантүршігерлік жағдай

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазір ше? Қазір карантинге көз де, құлақ та үйренді.  Біз өзі бейімделгіш халықпыз ғой. Бұл карантинді де өзіміздің менталитетке икемдеп  алдық

"Карантин" ұғымы қайдан шықты?

Карантин (итал. Quarentena, quaranta giorni) қырық күн дегенді білдіреді. 14 ғасырда Еуропада оба індеті тарайды. Сол кезде Венецияда  мынадай тәртіп енгізіледі. Аймаққа келген кемедегі жолаушылар жағаға  түспес бұрын 40 күн тұруы керек дейді. Итальянша Quarentina қырық деген сөзді білдіреді. Міне осыдан карантин деген ұғым пайда болды. Бізге жеткен карантин осылай басталыпты.

Карантин алғаш енгізілгеннен бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Не өзгеріс болды?  Адамдар ақылды бола түсті. Көп нәрсенің қадіріне жетті. Бір-бірімізбен емен-жарқын күліп араласудың өзі қуаныш екенін ұқтық. Алғаш карантин құрсауына алған айларда бет-жүзін көрмесек деген адамның өзімен жылап қауышардай болдық. Тума-туыс,жекжат-жұрағаттың үйіне атаулы себеп боламаса бас сұға бермейтін едік. Төрт қабырғаға қамалған уақытта кең дүние деген ұғымның мағынасы қаншалықты зор екенін жете түсіндік. 

Оқушылар мектепке барып, партада сабақ оқудың өзі бір бақыт екенін түсінді. Бұрын тәтті ұйқы мен жылы төсекті қимаған оқушылар енді мектепке өздері асықты. Өйткені, онлайнның азабын тартты. Бала болып шапқылап,бірін-бірі қуалап ойнамаса оның несі қызық? Мектептің есте қалар тұсы да осы емес пе еді?!  

Шаш етектен шығындалмай-ақ қуанышты бөлісіп той жасауға болатынын білді. Бұрын той дегенде жиған-тергенін шашатын қазаққа жақсы сабақ болды. Сөйтсек,қуанышты қарапайым-ақ атап өтуге болады екен. Пәленшекеңмен,түгеншекеңнің бала-шағасын шақырмаса да той өтеді екен. 

Қыруар ақшаға кеңсені жалға алмай-ақ үйде отырып-ақ жұмыс жасауға болады екен ғой деді. Ойын-сауық орталықтарында ғана емес, отбасында да көңіл көтеруге болатынынын түсінді. Ең бастысы денсаулық-  зор байлық деген халық даналығының рас екендігіне әбден көз жеткіздік.

Карантин  бізді біраз дүниеден айырды. Оған сөз жоқ. Бірақ, үйреткені де аз емес. Қысқасы, карантин қазаққа дос емес. Бірақ, қас та емес.