Әлеумет

Танысы жоқтың "шансы" жоқ па?

Бүгін де таныс-тамыр деп жүргенде, таланттылырдың жолын тар қылып алдық-ау!..Жемқорлық жойылмаса, ел келешегі не болмақ?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

               

  Десек те,шындығынан шырай қашқан              

 Бұл қоғам алға қадам сынай басқан.                

           Көкесіне сенгендер талтаңдап жүр,                  

             Қоғамда бір -бірімен сыбайласқан.                   

              Осының барлығына төзіп жүрген ,                    

               Жердегі қиянатқа жылайды аспан...                 

С.Қалиев                          

Есіткен құлақта жазық жоқ! Кей кезде үлкендердің « Мекемеде танысы болса керек. Пәленшенің баласы тәп-тәуір жұмысқа кіріп алыпты» деген әңгімесін құлағымыз шалып қалып жатады. «Бармақ басты , көз қысты» деген ұғымның біздің қазаққа үйлесе кеткені өкінішті!.. Бұл біздің қоғамда ашық түрде етек алып жатқан сыбайлас жемқорлықтың бір түрі. Жыл санап осы қылмыстың елімізде үдеп бара жатқаны жасырын емес. «Ешкімнің ала жібін аттамасын» деп өсірген сәбилер келешекте жемқор болса кімді кінәлаймыз? Тал бесіктен берілер «адалдық , ар-ождан» секілді қасиеттердің жоғалып бара жатқаны жанды қинайды. Берілсе қазынаның қаражатын жымқырып , ел бюджетін өз қалтасының ақшасындай көріп жүрген аға-көкелер қайдан келді? Бағанағы таныс-тамырдың дәурені де әлі бітер емес! «Біреудің ақ адал несібесін жеме, қиянат болады» деуші еді бұрын.

Алдымен статистиканы сөйлетсек. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша Қазақстан жемқорлықтың салдарынан жылына 3,8 млрд доллор жоғалтады екен. Мұндай қылмыс көбіне етек  алатын орындар - әкімшілік полиция және қылмыстық атқарушы жүйе қызметкерлері. Жемқорлық бойынша еліміз рейтингтің көшін бастап тұр. Бұл қылмыстың түрі бір жылда бірнеше рет тіркеледі.

Сыбайлас жемқорлық күннен-күнге азайып, таныс-тамырдың дәурені өтіп бара жатыр десек те, біздің мемлекет мұны түбегейлі жоюға әлі де қауқарсыз. Танысың жоқ болса, жұмыс табуың қиын, оқуға түсу де оңай емес. Елімізде жастар арасында жүргізілген сауалнамада студенттердің 95%-ы "танысың, ағаң, көкең болмаса, жұмысқа орналасу қиын" деп жауап беріпті. Бұл жауапты біздің қазаққа тән менталитет деп ақтап бере алмаймыз.Себебі, әлі күнге дейін орын алып отырғаны ақиқат. Бұл алдыңғы қатарлы мемлекеттерде де күрмеуі шешілмеген қиын мәселе.

Десе де, жақсы жұмыс орнына орналасып , қалаған оқу орнында оқу үшін барлық мәселені таныс-тамырға тіреп қою қате түсінік. Таныссыз да танылып , табыс тауып жүргендер бар. Қарым-қабілеті мол маманға қай жерден болса да жұмыс табылары анық. Білімі мол студентке қандай ЖОО болсын өз есігін ашары хақ. Біздің мемлекет тауып алған танысынан гөрі ,озық ойлы жастарға өте мұқтаж.

 Болашаққа қадам басқан әрбір кемел мемлекет өз ертеңін өзі ғана жасайды. Жемқорлық жойылмаған мемлекеттің келешегі күңгірт, болашағы бұлдыр. Сыбайлас жемқорлық ғасыр дертіне айналмай тұрғанда мемлекет бұл қылмысқа шектеу қоюы тиіс. Қазақстанның әрбір мекемесінде таныс тамырына сүйеніп жұмыс істеп жүрген жандарға халық өз болашағын тапсыра алмайтыны белгілі. Ендеше ел болып сыбайлас жемқорлықпен күресіп, ұлт болып қарсы тұрайық.