Білім және ғылым

ҰБТ тапсырмай Түркияда қалай тегін оқуға болады?

Сіз білесіз бе, Түркияда 100% тегін оқу мүмкіндіктері қазіргі таңда көп екенін. 100% дегені ұшақ, қоныс орны, білім – бәрі тегін.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
  • ҰБТ-ны қажет етпейді
  • Ешқандай емтихан тапсырмасаңыз да болады
  • IELTS, TOEFL да керек емес ( бірақ ағылшын тілінде оқимын десеңіз болғаны жөн )

Бүгін мен сіздерге “Türkiye Bursları” немесе “Türkiye Scholarships” бағдарламасымен таныстырмақпын. Бұл бағдарламаның мүмкіндіктері:

  • Тегін оқу (сонымен қатар сізге ай сайын шәкіртақы төленеді);
  • Жатақхана мен тамақтану тегін;
  • Медициналық сақтандыру;
  • Екі тегін ұшақ билеті (ең алғаш оқуға түскенде және оқуды тәмамдап елге оралатын уақытта беріледі). 

 Ай сайынғы төленетін шәкіртақы (стипендия) мөлшері:          

  • Бакалавр — 700 түрік лирасы (1 түрік лирасы - 58,59 теңге);
  • Магистратура — 950 түрік лирасы;
  • Докторантура — 1400 түрік лирасы;
  • Постдокторантура — 3000 түрік лирасы.

Жалпы шәкіртақыға іліну екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – сайтта толтырған мәліметтер арқылы іріктеу. Екіншісі – бағдарлама өкілдерімен кездесіп, әңгімелесу. Бірінші кезеңнен өту үшін сіздің толтыратын анкетаңыз өте қызықты, тартымды болуы керек. Бастауыш сыныптан бергі жетістіктеріңіз, спорт, өнер саласындағы марапаттарыңыз бәрі осы бағдарламаға түсу барысында қажет болады. Сондықтан грамота, сертификаттарды алдын ала сканерлеп алғаныңыз жөн. Өйткені барлығы онлайн түрде қабылданады. Екінші кезең Алматы, Нұр-сұлтан қалаларында өтеді. Әңгімелесуге сайтта көрсеткен барлық құжаттың түпнұсқасын апару керек. Оны бағдарламаның үш өкілі және бір аудармашы қабылдайды. Әңгімелесу тілін өзіңіз таңдай аласыз, яғни қазақ тілінде де сұхбаттасуға болады. Қойылатын сұрақтар қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ сіздің жауаптарыңыз өте тапқыр, маңызды болуы қажет. Мәселен “Сіз Түркия елінде неліктен оқығыңыз келеді?”, “Сіз шет елге оқуға түсуге толықтай дайынсыз ба?” деген сынды сұрақтар қойылуы мүмкін. Иә, қарапайым сұрақтар, бірақ сіз қарапайым жауап қайтармаңыз. Сіздің жауабыңыз оларға ұнау қажет, сондықтан толықтай сенімділікпен, ойланып жауап беріңіз.

Грантқа өтініш жіберу мерзімі 10 қаңтар мен 20 ақпан аралығы. Осы уақыт мерзімінен кешіктірмей қажетті құжаттар жинауды бастаңыз. Өз мамандығыңызға сай университетпен танысып, алдын ала сайтта қабылдау өтінішін тастауға ұмытпаңыз.

Бұл бағдарлама бойынша оқуға түсу басты шарттары, қабылдау құжаттар тізімдері және одан да өзге ақпараттарды “Түркей бурслары” -ның арнайы сайтында да таба аласыз. Өтінімді де сол жерде онлайн жасау керек.