Әлеумет

Такси жүргізушісінің табысы қанша?

Мамандығына көңілі толмаған Замина Оспанова "Әйел адамына таксиші болғ­ан қанша қауіпті болса да, отбасымды асырауым керек" деп қысқа қайырды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- Жаңа базар, 300 теңге.

- 400 тг қылсаңшы, қазір деген жанармай бағасы тым қымбаттап кетті емес пе?!

- Жарайды, - деп отыра кеттім. Иә, бұл саясат пен нарықтағы бағаны шемішкедей шағатын такси жүргізушілерінің саудасы. Бұл процесс күннен-күнге жалғасып, кәсіпке айналдыр­ғандар да аз емес.

"Саясат пен нарықтағы баға" деп қолдануымның себебі, кез-келген таксиге отыра қалсаңыз, жүргізушінің қаладағы, облыстағы, республикадағы, одан қалды, жаһандағы жаңалықтардан хабардар екенін сөздерінен-ақ байқайсыз. Және тағы да өзіндік пікірі мен көзқарасын қатар айтып жүреді. Зерттеу барысында бір байқағаным, такси жүргізушілерінің басым бөлігінің қатырма қағаздағы мамандығы заңгер, есепші, экономист сынды аты айқайлап тұрған саланың серкелері. Сонда респу­бликамыз осындай мамандық иелерін қажет етпейтін болғаны ма?!

Осы тұста, Санжар Камаловтың мамандығы заңгер бола тұра, такси жүргізгеніне шамамен 7 жылдан асыпты. "Бастапқыда тек ермек, уақыт өткізу үшін, адамдармен араласу мақсатында әдетке айналдырдым. Кейіннен жақсы табыс таба бастағаннан, кәсіпке айналдыруды жөн көрдім. Міне, содан бері 7 жылдан астам уақыт өтіпті" дейді такси жүргізушісі.

Ал, көлікке қол жеткізгеніне аз уақыт болса да, таксист болып үлгергендер де аз емес. Солардың бірі - Нұрсұлтан Қазыбеков. "Таксиді аса бір кәсіпке айналдыру ойымда жоқ. Уақытты тиімді өткізу үшін, одан қалды, бензиннің ақысын өтеу үшін жүрмін" деп ақтал­ған сыңай танытты.

Расында, бүгінде жанармай бағасы "ұшып" кеткен. Көпшілігіне қолайлы АИ-92 150 теңгені құрап тұр. Яғни, 10 литр жанармай 1500 теңге болса, қалтаны қағып түсері сөзсіз. Осы шығынды өтеу үшін такси болып жүруге тура келетін көрінеді. Және тағы бір айтарлығы, такси жүргізушілерінің саны күннен-күнге артып келеді. Себебі неде? Жолаушылардың көптігі ме әлде жұмысқа орналаса алмай жүрген ағаларымыз таксиші болуға мәжбүр ме?

Такси жүргізушілері­нің көбі дерлік - орта жастан асқан аға буын өкілдері. Бірі такси болып жүргені­не 2-3 жыл ғана болса, келесі жүргізуші 15-20 жыл­ға жеткен. Өз қызметінде зейнеткер атанған аға буын, зейнет жасынан кейін көлік жүргізуді хобби деп санайтын сынды. Ұзақ жылдар бойы такси қызметінде жұмыс жасаған ағаларымыз: "Менің жұмысым - осы. Өзім бастық, өзім қызметкер" деп жауап қатты.

Такси жүргізушілерінің арасынан әйелдер қауымын да кездестіріп қалсаңыз таң қалмаңыз. Отбасының асыраушысына айналған нәзік жандылар көлік жүргізуді күнделікті тіршілікке айналдырған. Мамандығына көңілі толмаған Замина Оспанова: "Әйел адамына таксиші болғ­ан қанша қауіпті болса да, отбасын асыраудың бірден-бір жолы. Көлігім аса қатты жаңа емес. Бірақ жолаушыларды аман-есен діттеген аялдамаларына жеткізе аламын. Көлікке кешкілік уақытта мас күйде, екі немесе үш ер кісі отырады. Сол уақытта аздап қорқыныш пайда болады. Алайда үйдегі бала-шағам аш қалмас үшін қорқынышты кейінге ысырып қойып, көлік жүргізуді жалғастыра беремін",- дейді.

Бүгінде көшеге шығып қол көтере қалсаңыз, бірінен кейін бірі тізіле қалған таксилер. Бір қызығы, арнайы жиналатын тұрағынан бөлек, whatsapp әлеуметтік желісінде ортақ топтары бар екен. Келісіп, кезекпен жүретін көрінеді. Қаладағы ескі базар деп танылған "Отырар" сауда үйінің жанын жағалаған такси жүргізушілер. "Қаракөл 2 адам. Жалағашқа 1 адам" деп көшеде көлігін жарнамалап тұратындардың саны көп. Мұндағы такси жүргізуi3лерінің күнделікті табысы орталық жүргізушілерден бөлек. Терең­өзек ауданына адам басына 600 теңге құраса, көлікті 4 адамға толтырып жүреді. Яғни, бір күннің ішінде 4 рет барып қайтса, жанармай бағасынан бөлек шамамен 5000-6000 теңгені қалталарына басады. Ал, қаланың орталығындағы такси жүргізу­шілері шамамен бір күнде 4000-5000 теңге көлемінде пайда көреді екен. Бұл статистика нағыз таксиді кәсіпке айналдырған аға-әпкелеріміздің көрсеткішімен есептеліп отыр. Алайда, "тәксәват" етуге азғантай уақытын бөлген тұрғындар тек күні бойы шығынға кеткен жанармай бағасын өтейтін көрінеді.

Оған қоса, үйіңізде отырып алып шақыратын такси қызметтері де жеткілікті. Солардың ішінде ең танымалы, тұрғындарға қолайлысы "Жұлдыз" такси қызметі. Қарамағында 100-ден аса көлігі бар компания кез-келген уақытта қоңырау шалсаңыз болғаны, белгіленген уақытта жетіп, діттеген орынға жеткізеді.

Расулдың (есімі жасырылып берілген) айтуынша, бұл компаниядағы кез-келген көліктің табысы күніне 15-20 мыңнан асады екен. Ал, көбінде тұрғындардың көңілінен шыға білген "Яндекс такси" компаниясы. Қолың­ыздағы смартфон арқылы тапсырыс беріп, қызметтерді пайдалана аласыз. Арнайы есептеу құ­ралы арқылы сіздің қан­ша теңге төлей­тініңізді аялдамаға жеткен уақытта білу мүмкін­дігіне ие боласыз. Осы такси қызметтерінің ішінде ерекшесі, "Ин­драйвер" атымен таныл­ған қызмет. Мұнда сіз аялдамаңызды ұсынып қана қоймай, қалтаңызға байланысты өз бағаңызды ұсына аласыз.

Такси жүргізушілері­нің түр-түрі болады. Мысалы, бірі кез-келген бағаңа келісе кетсе, келесі бірі "қатып қалған" сауданы ұстанады.

Әр кәсіптің өзіндік берекесі мен ырзық несібесі бар. Бүгін таппаған пайдасын ертеңгі күндері екі еселеп беретіні сөзсіз. Сондықтан қандай кәсіп болмасын, адамгершіліктен аттамай, сыйластықты алдыңғы шепке қою керек. "Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді" деген мақал осы тұста айтылған болса керек.