Денсаулық
Кеңсе қызметкерлері үшін алтын кеңес дайындадық
Қазір миллиондаған адам физикалық тұрғыдан белсенді емес. Қашықтан жұмыс істеу бізді ерте тұрып аялдамаға немесе метроға барудан айырды. Көбіміз үйден шықпай, ноутбукқа телміріп жұмыс жасаймыз. Алайда мұның денсаулыққа зиян екенін ұмытпағанымыз жөн. Үйде жұмыс істейміз деп, үйден шыға алмай қалсақ қайтеміз?
Personaltoday жүргізген сауалнаманың жауабы бойынша, үйден жұмыс істейтін адамдардың 81% - ы арқа, мойын немесе иық ауруынан зардап шегеді екен. Сонымен қатар, сауалнаманың әрбір екінші қатысушысы пандемияға дейін физикалық белсенді болған. Ал үш адамның біреуінің арқасы ауырады екен.
Дәрігерлер тұрақты арқа ауруы бар адамдар кәсіби емделуі керек дейді. Бірақ Bugin.kz тілшісі бұл мақалада дәрігер көмегіне жүгінбей-ақ, өзіміз жасай алатын эффективті күресу жолдарымен бөліспекші.
Сарапшылардың барлығы дерлік сіздің арқаңыз үшін жасай алатын ең жақсы көмек қозғалу дейді. Британдық физиотерапевт маман Эшли Джеймс «Қозғалу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланыңыз» дейді. Ол нақты жаттығуды емес, күніңізді қозғалыспен өткізуді меңзеп тұр. Қоңырауларға тұрып жүріп жауап беріңіз. Денені созуға арналған жаттығулар жасаңыз. Болмай бара жатса, баспалдақпен жоғары және төмен мініп түсіңіз. Негізінде қозғалыс тыныс алу белсенділігін арттырады. Бұлшықет ауруы болмайды. Қан айналымды жақсартады.
«Бұл бір орында ұзақ уақыт отырудан аулақ болудың ең жақсы тәсілі» дейді мойын ауруы бойынша эксперт Крис Ворфолд. Мысалы ноутбукта жұмыс жасап отырсыз, оятқыш шырылдады. Орныңыздан тұрып, жаттығу жасаңыз. Демалып жүріп қайтыңыз. Ең бастысы – өзіңізге сай күн тәртібін белгілеп алыңыз. Ол тәртіп тек қана қағаз жүзінде қалып қоймауын да қадағалаңыз.
Адамның арқасының ауруына тек қана отырған орны емес, оның көңіл-күйі де әсер етеді екен. Мысалы стресс, мазасыздану, шешімі табылмай жүрген мәселенің барлығы арқа ауруына әкеліп соғады. Мұндай кезде әркім әртүрлі жолмен емделуге тырысады. Бірақ ең жақсы әдіс – дұрыс ұйқы. Британдық Денсаулық сақтау жүйесі ұйықтар алдын, шамамен 1 сағат бұрын электронды құрылғыларды өшіруге және қолданбауға кеңес береді. Телефоннан шығатын көк жарық ұйқы гормонының пайда болуына жол бермейді екен.