Қоғам

Қазақтың Илон Маскі қашан шығады

"Тәрбие- тал бесіктен " дейді қазақ. Бірақ кейде "тәрбиелейміз" деп асыра сілтеп жататынымыз да бар. Әсіресе баланың меселін қайтарып, қиялын тежеуге шеберміз. Арманына қанат бітірудің орнына өзіміз күткен маманды жасап ала салғанды жеңіл көреміз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда.
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек адамға!"

Шахановтың осы бір өлең жолдары афоризмге айналып кеткелі қашан. Немесе Гётенің: "Орындалған ұсақ мақсаттардан, орындалмаса да биік мақсат артық" дегені де бар. Расында арманы үлкен адамдар ғана үлкен болады. Мұны дәлелдеудің қажеті де жоқ шығар.

Кристиан фон Кёнигзегг деген азамат бар. 22 жасында мәшине құрастырған. Бала күнгі арманы осы болса керек. "Гран-при Пинклиффа" деген мультфильм көріп (сіз де қарап шығыңыз, мүмкін шабыттанып кетерсіз) содан шабыттанып, осы арманына жеткен дейді. Бала кезінен үйіндегі бар техниканы шашып қарап қызықтайтын болыпты. Ермек үшін емес, бұл қалай жұмыс жасап тұр деп зерттеу үшін. 

Илон Маск көкемізді білесіздер ғой. Жерді қойып Марсты игеруге әрекеттеніп жүрген сабаз. "SpaceX" деген компаниясы бар. Әлемге тегін интернет таратуға тырысқанынын да естіген шығарсыз. Тесласы бөлек бір жыр. Айта берсең, жасағаны көп адам. Кейбіреулер тіпті оны әлемдегі ең ақылды адам деп те жүр. Жаңағы Кёнигзигг екеуінің арасында не байланыс бар дейсіз ғой. Илон Маск та тура Кёнигзигг секілді техника бұзғыш бала болған. Ес білгеннен бастап үйдегі тұрмыстық техниканың ішек-қарнын ақтарып қарайды. Мақсат сол, бұл қалай жұмыс жасап тұр деген ой. Бұл тек бірер мысал ғана. Мұндай деректерді тізе беруге болады. 

Ал енді тура осындай балаларды қазақ отбасында елестетіп көріңізші. Үйдегі нан пісіретін пешті шашып тастаған бала. Ата-анасының реакциясы қандай болады? Келесіде бір затты шашпақ түгілі, маңына жоламайтындай қылады ғой. Кейде баланың психологиясынан заттың құны артығырақ болып кететіні өтірік емес. Мүмкін дәл осы жазбаны оқып отырғандар менімен келіспейтін шығар. "Сонда баланы төбеңе шығар дейсің бе?" деуі бек мүмкін бәз біреулердің. 

Айтпағым, бала болса да оның арманын құрметтеу керек. Сөзіне ересек адамды тыңдағандай құлақ түріп,пікірн сұрау керек. Мүмкін,сіз жауабын таппаған сұраққа оның жауабы дайын шығар. Бүгінгі бала ертең тұлға болуы үшін, оған бүгіннен бастап тұлға ретінде қарау қажет деп есептеймін.