Білім және ғылым

Әр қазақ журналисі баспасөз шеберханасында шыңдалуы керек

Кезінде Алаш көсемсөздері баспасөздің қоғамдағы орнын дәл белгіледі, тасқа басылып, көпке тараған көсемсөздің қуатын қазақ халқының игілігіне қалай пайдалану керек екендігін іс жүзінде көрсетті. Әлихан Бөкейханов: «Газета – ғұмыр айнасы, газетаны оқып жұрт өзін-өзі көреді», десе, Міржақып Дулатов: «Газет – халықтың тамыршысы. Газет қоғамдағы кеселді ашып көрсетуі керек», - деген ой айтады. Қарап отырсаңыз, бұл пікірлер әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алаш көсемдерінің газет және оқырман мәселесіне қатты көңіл бөлген ой-пікірлері арқылы айтар ойымызды сабақтастырғанды жөн көрдік. Өйткені, өткен ғасырдағы баспасөздегі мәселе осы уақытқа дейін шешімін таба алмай келе жатқандығы жасырын емес. Ахмет Байтұрсынов: «Ұлт газетін қолдау, ұлтын қолдау, ұлтына қызмет ету»,-деп мәселені тікесінен қойды. Кез келген журналист бойында ұлтшылдық қасиеті болмаса, ұлтқа қатысты кез-келген жайтқа бей-жай қарай алмайды. Бүгінде басылымдарда ұлттың күрделі мәселелерінің жауапсыз қалып отырғандығы, сол мәселені түбегейлі, түбін түсіріп жаза алмауымызда жатқан тәрізді. Өйткені, шындықты айту, кемшілікті сынау  журналистің басты мақсаты болғандықтан, әрқашанда нақты дерекке сүйеніп, бұрмаламауы тиіс. Журналист қоғамдық пікірді тудырып, қалыптастырушы болғандықтан, ақиқаттан алшақ кетпеуі абзал. Замана шындығын дәлме-дәл көрсетуші ретінде журналист уақыт пен дәуір талабынан шығуы тиіс. Кез-келген журналист аудиториямен қарым-қатынас орнатуда, өз білімін толықтыруда, кеңес беруде, бағыт-бағдар көрсетіп, ойларын талқыға салуда жаңа, жетілген деректерді ұсынғаны жөн.

Жүсіпбек Аймауытов өзінің көп жылдық журналистік еңбегінің нәтижесінде байқаған: «Газетке елдің селхоз қарауының бір себебі: өз мүддесін сөйлейтін, қышыған жеріне дөп келетін сөздердің аз басылуынан» екендігін көрсетті. Демек, көтеріп отырған мәселесінің жан-жақты шешімі табу үшін терең білім мен аса ізденімпаздықтан туатын шеберлікке кейбір журналистеріміз жете алмай барады. Біздің байқайтынымыз, шеберлік – адамға тумысында-ақ сыйға тартылатын дүние емес, керісінше, оның үйренуі, шығармашылық ізденуі нәтижесінде қалыптасатын қасиет. Өйткені, адам – еңбекпен адам, еңбек – байлық атасы дейміз. Бұған қоса, шеберлік те бір жағынан адамды еңбек қуанышы сезімінен туатын эмоцияға бөлеп, ілгері ұмтыла беруге шақырып тұрады. Демек, шеберлік – шығармашылыққа жатқан жерінен жинап әкеліп, қолма-қол арнаулы қалыпқа құйып, қорытып ала қоятын қорғасын тәрізді нәрсе емес, ой-сана жетпес, қиын асулардан өтетін, шексіз өнер.

Жүсіпбек тағы бірде: «Елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ: кім көрінгенге қол жаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші «тәуіп» емес..»,- деп ашық пікір білдіргенін білеміз. Салмақты пікірдің астарында газет пен оқырман арасында байланыс болмаса, баспасөздің халықтық сипатының жойылатындығы көрініп тұрған тәрізді. Кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінің «Жазылған жайдың  жаңғырығы» атты айдары оқырман хаттарының негізінде көтерілген көптеген жайттардың оң шешімін табуға мұрындық болған еді. Журналистердің талмай ізденіп, нәтижесін баспасөз арқылы беріп отыруы оқырманмен тығыз байланыста болғандығын аңғартады.

Сондай-ақ, кезінде Сапар Байжановтың «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының бас редакторы болып тұрған 1960 жылдары журналдың тиражы 200 мыңға дейін жеткенін білеміз. Студенттер басылымның сарғайған бетіндегі материалдардың осы күнге дейін мәнін жоймағандығына таңданыстарын білдіре отырып: «Апай, журнал сол замандағы интернет қызметін атқарыпты ғой»,- деген бірауыз пікірлерін білдіріп жатты. Ақпарат тасқыны заманы жастардың 55 жыл бұрын шыққан журналды бас алмай оқуларына басты себеп, журнал айдарларының ұтымды қойылып, мақала мазмұндарының тақырыпқа сай болуынан дер едік. Кезінде «Мәдениет және тұрмыс» журналын «Жамал апайды тыңдасақ...» деген айдары үшін жазып оқитын оқырмандар болғандығын білеміз. Қазір де оқырманмен байланысты жаңғырту үшін газет-журнал айдарларын жаңаша ізге салу керек тәрізді.

Мерзімді баспасөздің күнделікті жанашыры және авторлары штаттан тыс тілшілер екенін естен шығаруға болмайды. Кезінде Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова тағы басқа қаламгер, журналистер еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінің әр облыстағы меншікті тілшісі қызметінен бастағанын білеміз. Өкінішке қарай, кеңес заманындағы осы бір өнеге қазір ұмытылып бара жатыр. Бүгінгі жас журналистерді газет арқылы шыңдау қажет. Журналист өмірде жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйрене отырып, шынайы шындықты, дәлелді факторларды іздеуі үшін өзін-өзі дайындап, жол іздеуі керек. Ол үшін болмысына өзі көмектесіп, қабілетін дамыта отырып, маңызды мақсатқа білімінің, рухани күшінің арқасында жетуіне атсалысу керек. Өз бетінше әдеби шығармашылық бағыттағы жұмыстарды саралап, белгілі тақырыпқа әңгіме, мақала жазуы керек. Шығармашылық жұмыс адамға қанат бітіреді, қиял әлеміне жетелейді. Өмірді жаңаша түсініп, ойлауға, жаңа технологиялардың мәнін терең ұғынуға жол ашады.

Баспасөздің бұқарамен байланысы, жергілікті тілшілермен жұмыс жөнінде алаш көсемсөздерінің тәлім аларлық өнегелі сөздері аз емес. Қошке Кемеңгеров газет оқырмандарына арнап айтқан сөздерінде, негізінен «Ел газеті қандай болуы керек» деген мәселені баса көрсетеді. Мұндағы ел газеті дегеніміз, белгілі бір топтың, таптың, партияның тілі емес, немесе салалық баспасөз емес, жалпыхалықтық, қоғамдық баспасөз деген ұғымды білдірсе керек. Сондықтан «газетке жазылмайтын сала, көтерілмейтін тақырып жоқ».

Баспасөзде жарияланатын әр тақырып ұтымды қойылуы керек тәрізді. Қалың оқырман сұранысын қанағаттандыру – қиынның-қиыны. Көптің қырағы көзі мен сергек зердесі ешнәрсені қалтарыста қалдырмайды. Сәтті тауып қойылған тақырыптың өзі оқырман қызығушылығын тудырып, мақаланы оқуға еріксіз итермелейді. Ал, керісінше, бүгінгі сайттардағы «Жаға ұстатты» дейтін бейәдеп жайттарға жетелейтін тақырыптар баспасөзде де белең алып барады. Кезінде жазушы Мұхтар Әуезов баспасөзде көтерілетін тақырыптар туралы: «Оқырман... неге қызығады, нені көксейді, қандай рухы бар? Міне, соған лайықтап жазуы керек» деген. Бұған қоса ол оқырмандардың көбінесе газетті «жамандау бөлімін ғана оқитынын» баспасөздің сәтсіз қадамдарының нәтижесі ретінде өкігішпен атап көрсетеді. Осының нәтижесінде, қоғам жастары арасында ештеңеден қорықпайтын, мейірімсіз ұрпақтардың өсіп келе жатқандығы қынжылтады. Психологтардың айтуынша, қорқыныш бастапқы кезде әсер етеді. Содан кейін керісінше әсер береді. Сондықтан телеарналарда, радио мен газеттерде берілетін «қорқынышты дүниелердің» пайдасы шамалы.

Кезінде Шерхан мен Камалдың «Егемен Қазақстан» газеті арқылы жарты жыл бойы (12 шілде 1996 жылдан – 26 желтоқсан 1997 жылға дейін) жазысқан публицистикалық хаттарының өзі үлкен  әлеуметтік  мәселелерді  қозғады.  Шерханның Камалға жазған «Алтын сандықтың кілті кімде?» атты хатында: «Оқулық дегеннен еске түседі. Өзің Журналистер одағын басқарасың. Қолыңда нақты деректерің бар шығар, осы біздің қазақ тілінде шығатын басылымдардың бәрі жиналып бір «Караванның» тиражына жетер ме екен? Сонда қалай болады, мектепке оқулық жетпесе, қалың жұрт газет-журналдан мақрұм қалса, кітаптың тиражы бес мың. Бір кезде тиражы 250.000-ға таяған «Жұлдыздың» тиражы қазір төрт мыңнан сәл-ақ асса – халық, әсіресе, жас буын білімді қайдан алады?...», - деген сауал тастайды. Бұл сұрақты Камал жауапсыз қалдырмай былай деп жауап береді: «Караванның» тиражына қазақ басылымдарының бәрі жиналып жетер ме екен деп сұрайсың. Бәрін қосқанда – қайдам? Бірақ, мен бір нақты дерек келтірейін. «Караван» 112 бет болып шығады. Демек, бір нөмірінен «Қазақ әдебиеті» газетінің (16 беттен ғой) 8-ін жасауға болады. Ал, тиражын алсақ, «Қазақ әдебиеті» - 18 мың, «Караван» -250 мың, сонда көлемін таралымына көбейтсек, «Караванның» бір нөмерінен 80-90 «Қазақ әдебиетін» шығарып тұруға болады екен! Амал жоқ, күрсінесің де! Сондай қазақ газеті неге жоқ дееп күйінесің. Ол қағаз, сол қаржы басқа жақтан емес, осы Қазақстан жерінен табылып жатқан жоқ па?».

Біз кезінде қаламгер Шерхан Мұртазаның журналистік, редакторлық кезеңін әр жылдармен сәйкестендіріп, ғылыми жүйеге түсіруге тырысқан едік. Шерхан басшылық еткен басылымдардың қай-қайсысының болмасын таралымы екі есеге өсіп, бүкіл Одақ көлеміне үлгі болғандығымен ерекшеленді. Айталық, «Жалын» журналы: 1970 жылы - 24 900 дана; 1971 жылы - 52 400 дана; 1990 жылы - 12 000 дана болды. Ал, «Жұлдыз» журналының таралымына көз жүгіртсек: 1928 жылы - 1 200 дана; 1965 жылы- 100 000 дана;1973 жылы - 196 600 дана;1974 жылы - 202 000 дана; 1975 жылы- 211 000 дана; 1977 жылы - 214 000 дана; 1990 жылы - 19 230 данаға жетті. «Қазақ әдебиеті» газетінің де Шерхан Мұртаза  редакторлық  еткен 1980-1989  жылдары  жоғары деңгейде болғандығына көз жеткіземіз: 1934-1940 жылдары - 2300-5200 дана;1950-1960 жылдары - 6000-7000 дана; 1980-1984 жылдары - 45 000-55 000 дана;1985-1989 жылдары - 86 226 дана;   1990-1999 жылдары-7 875 дана. Газеттің таралымын көбейту дегеніміз – оқырманның рухани сұранысы мен қажеттілігін өтеу, олардың қоғамдық   талаптарын орындау болып табылады.                                                   

Қазіргі журналистиканың міндеті – қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету. Журналист өзі жеткізіп тұрған ақпараттың салмағын, сөздің құдыретін жете түсінуі шарт. Интернеттің пайда болуымен ақпараттық ресурстар көлемі үлкен қарқынмен артуда. Ғаламдық торда кез-келген саланың жүздеген, мыңдаған сайты бар. Ағылшын тілін білетіндердің мүмкіндіктері тіпті арта түсті. Мерзімді және онлайн басылымдар бір-бірін толықтырып отыруы керек. Сондықтан осы екі форматта бірдей жұмыс істей білетін журналистерге деген сұраныс арта түспек. Қазірдің өзінде батыста жекелеген БАҚ репортерлері оқиға орнынан немесе баспасөз мәслихаттарынан сайттарға тікелей ақпар береді, ал газеттің қағаз түріндегі нұсқасына арналған сараптамалық материалды редакцияға барған соң дайындайды. Қазір мерзімді басылымдар да, онлайндық басылымдар да қажет.

Баспасөзде белгілі бір жекелеген тұлғалар немесе ұйымдар құпия сақтағысы келген маңызды тақырыпқа арналған журналистік материалға негізделген журналистік зерттеулер көбірек қажет. Өйткені, журналист өмірі– шығармашылық шеберліктен тұратын күрделі жүйе. Сондықтан, ол қайталанбаушылыққа жолықпай, үнемі жаңа идея, зерттелмеген жаңа дүниелерді ашып, халыққа таратуды талап етеді. Жалпы, шығармашылық шеберлікте табиғи дарынның, қарым-қабілеттің, білім мен ізденістің ауадай қажет екені айналып келгенде,  шеберліктің бастау саласына айналары сөзсіз.