Bugin
Сонау 1941-1945 жылдардағы сұрапыл шайқастан соң қазіргі Ақтөбе облысында болған мына бір оқиғаны айта кетсем
Бұл сонау соғыс бітіп, жер жүзіне тыныштық орнаса да қылышынан қан тамған коммунистер қазаққа тыныштық бермегенінің тағы бір айғағы. Қайғыдан қан жұтып көз ашпаған қазақтың қаралы күндері сол кездері соғыс бітпегені рас. Қанішер коммунистердің қаныпезер саясаты қазақты аямаған заман еді . Сол жылдары Батай бала жасы 24-ке келіп ақыл тоқтатқан үйдегі жалғыз ананың тірегі боп жүрген. Əкесі соғысқа аттанып хабарсыз кеткенде осы бала мүшел жаста болатын . Бұл сонда әкесі соңынан отан қорғауға аттану үшін қаншама есік қағып жасы жетпей соғысқа бара алмады. Ол біріншіден тым жас , екіншіден жауды тықсырып Германияға жеткен қызыл əскерге қазақтың керегі шамалы еді.
Өйткені әне-міне дегенше жеңіс қолға түседі. Ал Жуков бастаған жеңіс дивизиясына басқа ұлттың қажеті жоқ деп шешті . Бірақ сол соғыс бітіп, жеңіс тойы тойланып жатқанда қанқұйлы НКВД талайдың соңына түсіп, отбасын ойрандап басын жалмады. Міне, тап осындай күн Батайдың басына 1951-ші жылдың көктемінде түсті . Сондағысы соғыста жүріп іс - түссіз кетті деген əкесі Жақыбайды «тірі жүр екен , немістер жағына өтіп кеткен екен» деп ауыл ішінде өсектің таралуы болатын. Əрине, бірі өлгені рас екен десе, бірі тұтқында екен, ал енді бірі немістер жағына Бласып ( Власов ) дегенмен бірге сатылып кеткен екен деп соқты. Міне, сол өсектің соңы бұл ауылды НКВД өз қарамағына алып қатаң түрде қадағалауына себепші болды деседі. Қысқасы, адам құқығы дегенді білмейтін қитұрқы заманда бала Батайға əкесі үшін жауап беруге тура келді . Сонда қар еріп күн жылына бастаған кез . Жолдар ашылып, жылғалардан су ағып, жер беті алақара тартқан. Қыстан қатты қалжыраған табиғат көкшіл тартып, Жер ананың ажары кіре бастағанда бала Батай ауласына гүрілдеген отарба кеп тоқтады . Сонан соң мұздай қаруланған жендеттер топырласып бірінен соң бірі секіріп түсіп жатты . Суық түсті осы жаналғыштар əпсəтте Батайдың қолына кісенін салып үлгірді . Еңіреген кейуана мен жылап сықтаған бала-шағаны ешкімде елемеді. Тапа-тал түсте бір үйдің ойранын шығарып, Батайды отарбаға өңгерген қанішерлер кете барды. Осылайша құлыным зар қаққан ана , ағатайым деп еңіреген қарындас , кемсеңдеп жылаған көрші қолаң қол бұлғап қала берді. Бірақ құдайға налып, жалынғаннан басқа бұл бейбақтардың айла амалы жоқ еді .
Сөйтіп жалғыз ананың тірегі, қарындасының қамқоршысы болған бала Батай бір күнде қылмыскерге айналып кете барды. Небəрі жиырма төрт жасында халық жауының баласы деген айып тағылып Ақтөбеден Астраханьға айдалды . Мұнда келгеніне айға жуық уақыт өтті . Анасы мен қарындасын ойлаған Батай қайғыдан қан жұтты. Оның үстіне шимақтап түсініксіз жазылған ақ қағазға қол қой деп көккөзсарылар аяусыз соққыға жықты. Саусағында сынбаған сүйек қалмады. Аузы-басының сау жері қалмады. Қанішер НКВД-шілер өз дегендеріне жету үшін түрлі қитұрғыларға барды. Басына қап кигізіп аяқтан көтеріп асып көрді . Екі қолынан жоғары керіп байлап та көрді . Суға тұншықтырып, темекі шоғын да басты . Сонда да бала Батай берілмеді . «Әкем сатқын емес» дегеннен танбады . Мұның мойымайтынын түсінген қанішерлер соңғы шараны айтып жеткізді . «Анаңды әкелеміз , өз орныңа қоясың Ол енді халық жауының әйелі . Не болмаса мына жерге қолыңды қоясың», - деп төтесінен шықты. Сондағана бала Батайдың амалы таусылды. Көз алдынан ауылда қалған анасы мен жалғыз қарындасы өтіп жатты . Үнсіз ғана басын изеп келісімін берді . Соңында айыпты деп танылып небəрі 24 жасында 21-жылды арқалап, Сібір айдалып кете барды . Міне, осылайша бала Батайдың Сібір орманында қаңғып жүріп бастан кешкен шын - шытырман оқиғалары басталды.
Бала Батайдың қол аяғына кісен салып еңгезердей көккөз орыстың алдына алып келді. Отырған жері өзінікі боп, көзінен от шашып тұратын осы орыс бала Батайға бастан аяқ бір қарап шықты да, қолына қағазын алып үкім оқи бастады :
«Сəбеттер еліне жасаған сатқындығы үшін ,сондай-ақ Жолдас Сталин мырзаға жасаған опасыздығы үшін , халық жауы Ақсабай үлы Жақыбайдың бел баласы Батай Жақыбай ұлы 21-жылға бас бостандығынан айрылсын. Бұл опасыз қатаң тəртіптегі абақтыға жабылып Сібірге итжеккенге айдалсын. Əкесінің күнəсін қанымен не жанымен жусын . Үкім үш күннің ішінде өз күшіне енетін болсын. Шешімді қайта қарауға тыйым салынады. Сатқындық жазасы осы болсын. Отанын сатқан опасыздың ұрпағы да опасыз , мұндайларға ешқашан кешірім жоқ». Астрахань аумақтық сотының төрағасы коммунист майор Гринцев деп барып бір-ақ тоқтады .Осылайша ойда жоқта "сатқын","опасыз", "халық жауы" боп шыға келген бала Батай сол кездегі мыңдаған жазықсыз қазақтың бірі ғана еді. Бұл жаз айының ортасы болатын
Жалғасы бар
Ғани Әлихан