Қоғам

Феминизмге қарсылық: Қазақстанда әйел болып туу қорлықпен тең

Қазақ қызына ешқашан басыбайлы құлындай қараған емес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Осы жақында ғана қазақтар кезінде қыздарын құлша ұстаған ғой" деген пікірді көзім шалып қалды. Шыны керек, қазақ қызының өткен тарихқа берген бағасына қатты таңқалдым. Сондағысы өзінің осындай позициясына тиек еткені "Балқадишаның сексен жастағы  шалға тұрмысқа шыққаны" еді.

Біріншіден, қазақ қызына ешқашан басыбайлы құлындай қарамаған. Бұл сөзіме келтірер негіз жетерлік. Қазақ қызына құлша қараған болса, қыз баласы туып өскен үйіне уақытша қонақ деп үлбіретіп оң жағына отырғызар ма еді? Көңіліне келетін сөз айтпай, барын аузына тосып бар білген түйгенін үйретіп, кішкентайынан "ертең сен бір үйдің түтінін түтетіп, бір әулеттің ұйытқысы боласың, бүтін бір ұлттың бесігін тербеткен аяулы анасы боласың" деп айтар ма еді? Қазақ әйел затына құл секілді қараған болса, тектіден қыз алуға неге тырысады? Егер расымен қызын құлша ұстаған болса, ата анасы қызының жасауын неге барынша сапалы, ең бағалы заттармен толтыруға тырысқан? Ол құл емес па еді?!.

Елімізге "феминизм", "гендерлік саясат" ұғымдары келгелі бері қазақ қыздары "ата бабаларымыз оқымаған", "надан", "қыздарды өздерінен төмен санаған" сынды түрлі пікірлерді айтып жүр. Айналайын-ау, сол қыздар ұлттық мүддеге кесірін тигізетін осындай теріс пікірлерді айтпас бұрын тарихқа бір сәт болсын үңілді ме екен?

Біле білген адамға қазақ ешқашан қызының тағдырына қиянат жасамаған, әйел затын төмен санап, аяққа таптауға тырыспаған да. Егер шынымен де ол адамдар айтқандай, қазақ қыздары күң секілді өмір сүрген болса, Дешті Қыпшақ даласына даналығымен танылған Домалақ ана, Қарашаш ана, бертін келе, Жәнібек ханның ақылды жары Жаған бике, он тоғызыншы ғасырда алғашқы әйел аға сұлтан, қазақтан шыққан алғашқы ғалым Шоқан Уалихановты тәрбиелеп өсірген Айғаным, күллі Тобықтының аузы дуалы анасы саналған, ұлы Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжан, жұртты сөзіне тоқтап, айтқан кесіміне құлақ түрген Ұлпан сынды аналарымыз да әйел заты емес пе? Қазақ оларды әйел заты деп кемсіткен жоқ, қайта төбесіне көтеріп ардақтады, сый құрметке бөледі.

Мен түсінемін, қазір Қазақстанда неше түрлі әйел затына күш көрсеткен жағдайлар тіркеліп жатыр. Оны жоққа шығара алмаймын. Алайда сол оқиғаларға қарап бүтін бір халықты кінәлай алмаймыз ғой! Әлгі қыздар "Балқадиша сексен жастағы атаға тұрмысқа шыққан", "қазақтар қыздарын зат сияқты сатқан" деген ойларынан тиылар емес.

Дәл осы Балқадишаға қатысты деректі айтайын. Қазақстан телеарнасындағы "Ауылым" бағдарламасында Баянауылдағы бір ауылға жолдары түседі. Ауыл тұрғындарының сөзінше, Балқадиша апамыздың немере қызы сол ауылдың тұрғыны екен. Немересі әжесінің әуелеген әнде айтылғандай сексен жастағы қарияға емес, өзімен замандас ер азаматқа тұрмысқа шығып, асыл жар, аяулы ана атанғаны белгілі болды. Бұл дегеніміз өлең жырларда айтылған оқиғалар жүз пайыз шынайы оқиғаға негізделген сөз емес деген қорытындыға келтіреді. Мұны "кеңес одағы кезінде саясат үшін өлең шумағына қосылған тармақ" деген бұрында Бекболан Тілеухан.

Қараңызшы, қазіргі таңда өз қарындасын зорлаған жауыз ерлердің оқиғалары бірнеше рет тіркелгені белгілі. Кейінгі ұрпақ осы бір оқиғаны естіп алып біздің заманымыздағы ерлер қауымына "жауыз", "зорлықшыл"  деген айдар тақса, қайтпекпіз! Астағфируллах! Ақылға қонымсыз иә, сол секілді бір адам үшін бүтін бір халыққа күйе жағу нағыз ақымақтық!

Қазіргі елімізде болып жатқан жағымсыз оқиғалардың тамыры тереңде жатыр. Мәселенің салдарынан гөрі себебімен күрескен жеңіліске.

Кайдзендегі "бес неге" әдісіне салып көрер болсақ, ер мен әйел неге төбелесуге дейін барады? Өйткені бір-бірінің сөзін көтере алмайды. Неге бір- бірінің сөзін көтере алмайды? Өйткені бір-біріне көңілі толмайды. Неге бір- біріне көңілі толмайды? Өйткені бірінің ойын бірі түсінбейді. Неге бірінің ойын бірі түсінбейді? Өйткені жар таңдауда қателескен. Көрдіңіз бе мәселе қайда жатыр?

Жар таңдауда асығыстық таныту мен кейбір жаман қасиеттерін елемеу, қыз баланың бірінші сезім білдіруі кейін отбасылық өмірде үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін.

Қорыта келе, гендерлік саясат пен феминизм ұғымдары қазіргі таңда түпкілікті мағынасын жоғалтып, ерлер мен әйелдер арасындағы өшпенділікке, өткен тарихқа деген жеккөруге алып келе жатыр. Өзін "феминистпін" деп санаған, бірақ "феминизм" ұғымын басқалай түсініп жүрген бір әйел азаматшаның бір сұхбатында "Қазақстанда әйел болып туылу қорлық" дегенін естіп жағамды ұстадым.

Жеке басым, қоғамдық ортада болмаса да, отбасында әйел затының бір саты төмен болғанын құптар едім. "Бір саты төмен болу" деген, әрине, ол адамның қүңі болу дегенді білдірмейді. Кейбір "ер атауына лайық емес" азаматтардың "әйеліме не істесем де өзім білем" деген қараңғы ойларын көріп, "мынаны да адам ба деп қаласың іштей".

Алла Тағала "Ниса сүресінің 19-шы аятында: "Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар" демеп па еді? Өкінішке орай, "қоғамда әйелім менің айтқанымды бұлжытпай істеу керек" деген қате пікірдегі адамдар мен "ер адамсыз-ақ өмір сүре аламын" деген әйел азаматшалардың бар екендігі көңілге мұң ұялатады. Ортадағы сыйластық пен екі жақтың "мен " деген емес "біз" деген бір-біріне танытқан құрметі бақытты отбасының кілті болар еді!