Қоғам
Орыстың бірінші революциясының кезінде жарық көрген "Серке" газетінің жабылуын жеделдеткен не? Қазіргі кезде билікке сөзін ашық та батырып айтатын азаматтар бар ма?
XIX ғасырдың басында Ресейдегі революция ықпалымен қазақ жерінде жарық көрген "Серке" газетінің кенет жабылуына түрткі болған Міржақып Дулатұлының "Біздің мақсатымыз" мақаласы жайында сөз қозғамақпын. Мақаланың мазмұны Ресей еліне бодан қазақ халқының мүшкіл жағдайына саяды.
Ақын-журналист Міржақып Дулатұлының жазуынша қазақтың небір жанашырлары қаражатын шашып Петерборға барып, халықтың қамын атқамінерлерге жеткізбек болады. Алайда қарсы тараптан ұлт жанашырларына құлақ салған кісі табылмайды. Керісінше бодандықты нығайту мақсатында рухани құндылықтар мен дін мәселесіне араласып, еліміздің шұрайлы, нулы, сулы жерлерін Ресейден орын таппаған шаруалар мен мұжықтарға үлестірді. Бұған себеп орыс помещиктерінің сараңдығы болатын. Қазақ жұрты ата-бабасынан мұраға қалған өз жерінен қуғындалып жатты. Думаға кірген қазақ депутаттары қара халық басындағы мәселелерді ашық айтып, саясатты сынап, соның салдарынан түрмеге жабылып, лагерлерге аударылды. Ең мүшкілі – ұлт зиялысы мен қоғам қайраткерлерінің қуғын-сүргін көріп, жазықсыз оққа ұшырағаны.
Жалпы, өткен ғасырларда қазақ халқын сүйіп, оған жан-тәнімен берілген халық жанашырлары демократиялық бағытты қолдады, әр ісімен халықтың жағдайын күйттеді. Ресейдегі отарлықтан босап, тәуелсіздік алуды аңсады, билікті халыққа артуды көздеді және халықтың өз тағдырын өзі шешуді қолға алғанын жөн санады. Бұған бірден-бір дәлел – Міржақып Дулатұлының атышулы мақаласы мен "Жастарға" өлеңі. "Серке" газетінің мақсатын "Жастарға" өлеңімен айқындап берді. Оны мына жолдарынан байқаймыз:
...Халыққа, жастар, басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай?
Жоғарыда аталған мақаласымен патша өкіметінің қатігез саясатын ашық сынға алып, кесірін дәйектей отырып әшкереледі.
Ресейге еліміз отар болған кезде ел қамын ойлаған тұлғаларымыз халыққа газет, кітап және басқа да ақпараттық құралдар арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізсе, Ресей өкіметі оны лезде жойып жіберіп отырған. Мысалы, дүкен сөрелерінен, кітапханалардан және мұрағаттардан үгіттің шағын нышаны мен оппозицияның қарасы көрінген жазбаларды жасырып не өртеп отырған әрі жазба авторларын абақтыға қаматып, ату жазасына кескен. Сол себепті авторлар мақала-шығармаларын лақап атпен жариялайтын болған. Сондықтан да отарлыққа қарсы шыққан Міржақып Дулатұлының бұл мақаласынан соң "Серке" газетінің еш себепсіз жабыла қалғаны ғажап емес.
Ал қазіргі ғасырда Қазақстан өз егемендігін алса да, халықтың қамын ойлаған азамат-азаматшаларға әлі де сөз бостандығы берілмей келеді. Әсіресе, бұл қоғам жанашырларына журналистер қауымы жатады. Билікке қарсы сын сөз айтқан жандар белгісіз, әсіре, қолдан жасалған болуы мүмкін деп болжанған өліммен қайтыс болып жатады (мысалы, Заманбек Нұрқаділов, Асхат Шәріпжанов секілді азаматтардың жұмбақ өлімі). Соған қарамастан, сөз бостандығы үшін, нағыз демократияның орнауы үшін батыл әрі азат сөйлеп, сөйлеп қана қоймай, іспен дәлелдеп жүрген қоғам жанашырлары жоқ емес...