Білім және ғылым

«Бағаланбаған бақ тастай шағылып кетеді...»

Парасатты болмысы мен тұла бойында өзгелерден дараланып тұратын қасиеттері өте мол қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың тарихқа, шежіреге жүйріктігі бәрімізді таңқалдыратын. «Бағаланбаған бақ тастай шағылып кетеді...»,- деген арғы атасы Асылбек биден қалған аталы сөзбен сусындап өскедігі тағы бар.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

           Асанбай Асқаров өзінің ер Мұраттың тұқымы екендігін, Бұзау, Тантай, Тәшпенбет, Бөрлібай сынды төрт ағайынды ерлердің татулығын, үлкен аталары Сүлеймен, Асқар, Әлімнің батырлығын, даналығын мақтанышпен баяндайтын. Бабасы Асылбек би мен әжесі Адас, әкесі Асқар мен анасы Күнімайдың рухын күніге асқақтатып отыратын. Ең үлкен ағасы Құлназардан бастап  бір атадан тараған Бекназар, Сыдықназар, Асанжан, Әсемкүл, Дүйсенәлі, Шайғара, Алмасбек, Алмагүл сынды бауырларын үнемі айтып отыратын.

       Адам баласының өмір жолы жүріп өткен тіршілік ізі арқылы айқындалады. Асекеңнің артында қалған біраз еңбектерін қайталап оқып отыру– біздерге парыз.  Өйткені, кітаптарының әрбір жолы – қазақтың тарихынан, әдебиеті мен мәдениетінен, тіпті саясатынан үлкен сыр шертетін, айтары да, берері де мол дүниелер. Солардың бірі «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) атты Тұран әлемі өркениетіне арналған толымды еңбегі дер едік.

  1.  «Ұлы Тұранның ұлдары» – ең алдымен, сөз қадірін білгізе отырып, аталы сөзге жетелейтін тәрбие құралы. Бұл тұста ойымызды қазақ мәдениетінде, руханиятында үлкен орын алатын халықтық мұраның бір саласы – шешендік өнер тұрғысында сабақтастырсақ. Шешендік өнер сөз өнерінің белгілі бір саласы болғанымен, онда халықтың дәстүрлі мәдениеті, байырғы дүниетанымы, эстетикалық көзқарасы, көркемдік ойлау жүйесі тұтас көрініс тапқан. Сондықтан да, қазақ шешендік өнерінде көрініс тапқан ойлар, ғибраттар, өмір құбылыстары жайлы терең мағыналы толғаныстар, негізінен, тыңдаушы жұрттың ақыл-ойын, сана-сезімін билеуге, сол арқылы олардың танымын кеңейтіп, білімін молайтуға қызмет етеді.

Мәжіліске баяндаманы өзі жазатын Асекеңнің сөйлем құраудағы, сөз саптаудағы тыңдаушыларына ерекше әсер ететін мәнері, әдісі болды. Бұл жағынан баяғының би-шешендерінен үйренгені де аз болмады. Десек те, бұл «Бағаланбаған бақ тастай шағылып кетеді», - деген аталы сөз қалдырған  Асылбектей би бабасынан дарыған қасиет те болуы мүмкін еді.

Арғы атасы Асылбек би еліне байлығымен емес, сөзімен сыйлы болған адам болды. Ол барынша әділ, дүниеге сатылмайтын адам еді. Ресми жағынан сайланбағанымен, халық би санайтын. Адамдар арасындағы дау-дамай сол кісі арқылы шешіліп, оның әділдігіне ел риза болатын.  Қалай десек те, Асанбай атамның шешендіктің, көсемдіктің, шыншылдықтың, қара қылды қақ жарар әділеттілік пен табандылықтың, бір сөзбен айтқанда, халықтың асыл қасиеттерін бойына түгел дарытқандығын мақтанышпен айтамыз.

Төле би кезінде сенімді серігі болған Қойгелді батырды мұны бір сынайыншы деп: «Қойгелдім, адам қайтсе адам болады?», - дейді. Сонда өзін сынап отырғанын сезген Қойгелді мүдірмейді: «Меніңше, Төке, дүниеге жоқтан бар болып келген соң адам баласы тәрбиемен адам болады. Тәртіпті, тәрбиелі бала жаманшылықтан аулақ жүреді. Ал, тәрбиесіз бала тәртіпсіздікке, жаман іске үйір келеді, соған бейімделеді. Бала тәрбиенің жоқтығынан бұзылады», - дейді. Тағы бірде:  –Ұятты қалай түсінесің? - деген сауалға Қойгелді батыр: «Меніңше ұят дегеніміз – сенім, тәрбие», - деп ұтымды жауап берген екен.

  1.  «Ұлы Тұранның ұлдары» – Ұлы дала шежіресіндегі тарихта өткен бабалар еңбегін дәріптейтін ғылыми еңбек. Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білгеқаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, дінін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері – түркі халқына тән негізгі ырымдар. Мәселен, Күлтегін жазбаларында: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді», - деген көне жазу бар.

        Қазақтың дәстүрлі төл мәдениетінің қалыптасуы мен кемеліне келу уақыты Алтын Орданың ыдырауы мен Қазақ хандығының өмір сүрген кезеңдері, яғни, ХV-ХVІІІ ғғ. аралығын қамтиды. Бұл тұста қазақ халқы көшпенділікке негізделген материалдық мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, рәміз-рәсімдерін, әдеп жүйесі мен жеті аталық үрдісін одан әрі дамыта отырып, өзіндік халықтық ерекшеліктерін қалыптастырды.

       Асанбай Асқаров «Ұлы Тұранның ұлдарында» әділ билік айту үшін бидің әлеуметтік белсенділігі мен құқықтық турашылдығы, сөзінің ақтығы аса маңызды екендігін ескерсек, бірнеше ірі тұлғалардың парасатты пайымы мен халқына сіңірген игі істерін дәріптей отырып, оқырманға тура билік айтушы бидің ұлттық салт-сана, халықтың адамгершілік түпкі нысанасы саласындағы көл-көсір білімі, азаматтық-құқықтық биіктігің ерекше тұстарын энциклопедиялық іліммен дәлелдейді. Кітап оқырманын «Тура биде туған жоқ, турасыз биде иман жоқ» деген қанатты сөз арқылы тура билік жасаудың ел үшін маңызы мен мәнін танытуда тура бидің азаматтық, қоғамдық келбетін анық сипаттайды.

       Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров терең білім, азаматтық биік тұрғысынан  «Ұлы Тұранның ұлдары» еңбегін болашағына берік сеніммен халық алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып жазған. Кітап сөзінің мазмұны мен көркемдік мәні де сонысымен жоғары сапаға ие дер едік.