Bugin

Ұлттық бала тәрбиесі

Ұлттық құндылықтардың бастауы – отбасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Төрге іліп, қырық жыл қырғын болса да, көшкен жұртта қалдырмай өзімен бірге алып жүретін қасиетті бесігін қазақ қадірлеген. Өйткені бір ғана шаңырақтың емес, тұтастай ұлттың ұйыған құт-берекесі, болашағы биіктікке көтерілген. Бесік барда ұрпағының өрісі кеңіп, ұлт болашағының бұлыңғыр болмауына кәміл сенген. Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл - ойының жетілуіне назар аударған. Кішкентайынан бала бойына адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылы баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкентай кезінен бастаған дұрыс деп ойлаймын. Себебі, кішкентай кезінде әрбір бала ақ парақ секілді болады. Яғни, қалай, не жазсаң сол бойынша кетеді. Жас балаға айдарлы, айбарлы болсын деп айдар тағу, басына бақ қонсын, маңдайы жазық болсын деп  кекіл қою дәстүрлері де бар. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды, өйткені бүгінгі – қыз, ертеңгі – ана. Әйел-ана – жақсы болса, бір әулеттің шамшырағы, жаман болса қасіреті болады. Ағайынның арасын жақындататын да-әйел адам. Өмірге енді ғана келген сәбидің еститіні – ананың үні, көретіні – ата-анасының қарым-қатынасы, сондықтан баланың өміріндегі, қалыптасуындағы отбасының орнын ештеңе айырбастай алмайды.

Атасы мен әжесінің еркелеткен сөздерінен нәр алып, әкесі мен анасының мейірімін сезініп  жетілген баланың иманды, көргенді, көпшіл  болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет баланың алдағы өмірінің бағдаршамындай болады.

Ұлттық құндылықтардың бастауы – отбасы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Бақытын баладан іздейтін ата-ана  «не ексе; соны оратынын» біліп, өзінің  әрбір сөзі мен әрекетіне мән берген. Отбасынан оңды тәрбие алмаған баланың дұрыс өсіп-жетілуі қиын болады. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі. Ұлт тәрбиесі – тал бесіктен – жер бесікке дейін. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы үлкен  борыш әрі міндет. Санамыздағы отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбеу керек. Маңыздысы - ұрпақтың саналы, иманды болып өсуі. «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізден» дейтіні  тәрбие бесіктен басталу қажеттігін меңзейді. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін сөзінің жаны бар. «Бесікті» әркім әрқалай түсінеді. Көбіміз бұл бесікті бала жататын ағаш бесік деп ұғамыз. Ақылгөй  бабаларымыз көз көріп, көпті біліп өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Тек соны түсініп, миына қонатындар болса нұр үстіне нұр болар еді. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті құрметтеген қазақтың ұлттық  дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала береді. Себебі шынайы шындыққа негізделген құндылықтар еш уақытта құнын жоймаған. Ол үшін рухани бұлақтың бітеліп қалуына жол бермеуіміз қажет. Ол дегеніміз, қоғамға өз пайдамызды  тигізіп қана қоймай, тәрбиелі де өнегелі азамат болып өскеніміз жөн. Халықтық дәстүр тәрбиесін нәр алған әрбір жас ұрпақ білімді болып өсіп, өздерінің ақыл-білім кенін кітаптан іздеп, ұлт мәдениетінің рухани қайнарынан, бастау-бұлағынан сусындайды. Кітап оқу арқылы жиған білім – ғұмырлық байлық, сондықтан да бұл кітап әрбір қазақ оқырманының төрінде тұруға тиісті тарихи жәдігер. Тәрбие берудің негізі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Олар тек сүйіспеншілік, махаббатпен ғана өсіп - жетіледі деп айтсам артық болмас.

Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида.