Мұрағат

М. Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» мақаласын талдау

Цензураның заманы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Біздің мақсатымыз» мақаласы – орыс халқының қарапайым қазақ халқына көрсетіп отырған озбырлығын, қиын-қыстау заманда көшпелі қазақтың зиялы қауым өкілдерінің құрдымға ұшырауын және т.б адам сенгісіз ауыр халімізді тайға таңба басқандай баяндап беретін астарлы мақалалардың бірі.

Аталмыш мақала сол кезеңде біраз орыс шенеунігінің ашуын тудырғаны рас. Олай дейтін себебім 1907 жылы жарық көре бастаған «Серке» газеті осы мақала халық арасына тарағаннан бастап патша өкіметі тарапынан жабылып қалуы.   Мақаланың саяси астарына үңілсек, кең жазиралы мекені бар қазақ халқын атамекенінен қуып қана қоймай, тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырғысы келген сорақы әрекеттерін байқауымызға болады. Ресей өз жерінде көбейіп келе жатқан мұжықтардан құтылу үшін қазақтың шұрайлы жерін тартып әперіп, елімізге жаппай қоныс аудартады. Дінімізді мазаққа айналдырып, түрлі кітаптарымызды аяқ асты етті.

Мақаланы оқи отырып Ресей бодандығының әлі де жайлап келе жатқаны айқындалады. «1907 жылы осы қалада шығып тұратын «Серке» атты газетке өлең мен мақаласы жарияланып, сол үшін патшаның бас жандармериясының «іріткі салушылар» тізіміне ілігіп, іздеу, нақты есімін анықтау және тұтқындау тапсырылған. Бірақ Петербор жандармериясы өлең авторын іздегенде, М.Дулатов Омбы поезына отырып, жол тартып кеткен» деп Abai.kz сайтында келтірілген деректерге назар салып қарасақ, Ресейдің 1905 жылы революцияның көтерілуінен қорыққаны үшін жариялаған саяси бостандығы уақытша екенін байқаймыз. Әсіресе, баспасөз бостандығы үнемі Ресей өкіметінен  қысым көріп отырды.

Шындық айтылған жерде міндетті түрде орыс шенеушіктерінің құйтұрқы әрекеттері орын алатынын тарих беттерінен аңғаруымызға болады. «Біздің мақсатымыз» мақаласы бүркеншік есіммен жарияланғандықтан отаршыл өкімет оның авторын біраз уақыт іздеп әуре болғаны рас. Бірақ мақала авторының Міржақып Дулатов екенін біле алмайды.

Мақаланың демократиялық бағытына келер болсақ, екі халықтың тепе-теңдігі жер мен көктей екенін байқаймыз. Мақалада көшпелі қазақ халқының теңдігі, алайда қазақтың бай шонжарлары ғана шұрайлы жерлерді иеленуге құқығы бар екені ашына жазылған. Дәл осы жағдайды бүгінгі күнмен салыстырып қарасақ ұқсас тұстарының бар екенін аңғарамыз. Мемлекетте "цензура" деген ұғымның бары рас, яғни сөз бостандығы. Соған қарамастан шырылдап шындық айтамын деп қызметінен айырылып жатқан журналистер қаншама... 

Жақында мынадай бір жаңалықты көзім шалған болатын. «Қазақстанда сөз бостандығы жоқ» дегені үшін Ұлттық арна қызметкері жұмыстан босатылды. Мұндай мысалдарды алып қарасақ бірнеше оқиғаларды келтіруге болады. Елімізде сөз бостандығы бар ма, жоқ па? Бұл жайлы журналистер мен қарапайым халықтың ойы екіге бөлінеді.

«Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай «Азаттық» сайтына берген сұқбатында: «Қазақстанда сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі мәселесін жақсы деп айтуға әлі ерте. Өйткені тәуелсіз басылымдар көптеген қиындыққа ұшырайды, ал осы басылымдардың журналистері үнемі бақылауда, үлкен қысым жағдайында жүреді», - дейді журналист.

Міне, мәселе қайда жатыр?! Осындай жағдай бұрыннан болды емес пе?  Ресейдің озбырлық саясатын бастан кешкен саяси басылымдар қай кезеңде болмасын үнемі тығырыққа тіреліп отырды. Тілші шындықты айтса ізіне түсіп, құқықтарын шектеп отыруға тырысып бақты. Тағы бір мысал келтірейік. «Неге?» атты бағдарлама телеарна төрінде көрермен назарына ұсынылатынын барлығымыз көрдік.

Алайда Алматы қаласы әкімдігінің жүргізіп отырған саясатына наразылығын білдіріп, дәрі-дәрмектің жоғын айтып,  халықтың мұң-зарын эфирде баяндаған танымал журналист Жанат Бақыт өз еркімен жұмыстан кетті. «Қазағым шыбынша қырылып жатқанда, қарапайым парацетомол таппағанның кесірінен қазағым өліп жатқанда үнсіз тұра алмадым. Айтқаным үшін емес, үндемегенім үшін өзімді кешірмес едім»,-деп ішіндегі мұң-қайғысын халыққа жазбасы арқылы жеткізген болатын. Дегенмен елімізде сөз бостандығының жағдайы мүшкіл халде деп айтуға келмес. Баспасөзден тыс әлеуметтік желі арқылы шындықты жар салып отырған журналистерді, қарапайым халықты кездестіруімізге болады.

Қорытындылай келе, Міржақып Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» мақаласы бүтіндей бір басылымның жабылуына не себепті түрткі болғанын анық аңғардым. Сөз бостандығы әлі де өз деңгейіне жеткен жоқ. Тарихтан құпиясы ашылмай келе жатқан оқиғалар әлі де баршылық... Соның бір дәлелі ХХ ғасырдың басында ауыр хал кешкен басылымдар екені рас-ақ...