Bugin

Қазақтың ырым-тыйымдары: Бос бесікті неге тербетпейді?

Қазақ халқының мақал-мәтел, наным-сенімдері күнделікті өмірде орын алып отырған түрткіл мәселелердің шешімінің құлпытасын ашар кілт тәріздес. Төмендегі наным-сенімдер кез-келген отбасында кездесетін жағдаяттарға арналған ырым – тыйымдар қатарына жатады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1.Қазақ баласы ата-анасына тіл тигізбеуі керек. Бұлай істесе қара тас жалап, тілің тасқа тисін деп қан шығарады.

2. Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз кыз болмайды» дейді. Ырымы жасалмай ұзатылған қызды, оны алған күйеу жігітті ананың ақ сүті, атаның ары мен кәрі атады деп ырымдайды.

 3.Қазанды есік жаққа қаратып қисайта аспайды. Ол құласа: «Несібе төгіледі, ырыс шайқалады, ас азайып, дән далаға қашады. Отқа төгіліп, дән күйеді. Күл астыңда қалады. Қазан шайқалса — ырыс шамданады» деп ырымдайды.

4. Қазақ асты оң қолымен алып жейді. Сол қолымен алғанды ерсі көреді. Оң қолмен тамақ жеу, оң қолмен амандасу, есіктен оң аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу – осының бәрі ісім оң болсын, оңға бассын, оңға бастасын деген ақ ниеттің ырымы.

5. Екі қолды артқа ұстап жүрудің де жосыны теріс. Себебі, бұл – қолы артына байланған тұтқын пендені еске түсіреді. Сол сияқты бүйір таяну да жаман ырым. Өйткені, жұбайынан айырылған қаралы әйел немесе талақ етілген әйелдер ғана бүйірін таянып, аһылап-үһілеп қайғы шегеді. Жайшылықта мұндай қылық көрсеткендерді жұрт ұнатпайды.

6. Қазақ салты бойынша түнде сыпырынды төкпейді, үй сыпырмайды. Сыпыра қалғанда: «Үйге бүйі кіріп кетті» дегенді айтып барып сыпырады. Себебі, сыпырынды жатқан жерге жын жиналады. Түнде сыпырындының ласы денеге шашыраса, адамға жын жабысады да, жазылмайтын науқасқа тап болады деп ырымдалады. Түнде үй сыпырмайтыны — сыпыртқының ұшына жын жабысады. Төсек салатын орынға жын орнығып алса, адам төсегінен суынып, ұшынады деп жориды.

7. Бос бесікті тербетпейді. Баласы өліп, бағы сөніп, өзегі өртенген, содан есалаң күйге ұшыраған әйел ғана солай істейді. Сондай жамандық болмасын деген ырымы.

8. Қыдырып келген жас баланы үйден құр қол шығармайды. Өйткені сәбидің меселі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, келер бақытының беті кайтпасын, үйде оттай ыстық ықыласы қалсын деп ырымдаған. Егер сәби суық рай көріп, кейіген кейіппен шығып кетсе, бұл шанырақтан бақ, төрден бақыт, дәннен ырыс кетеді деп ырымдалады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген мәтел осындайдан пайда болған шығар.

9. Дастархан басында, ас алдында, тамақтанып отырғанда сырттан сәлем беріп кірген кісінің колын алмайды. Бас изеп, асқа кел деп шақырады. Жуылмаған қолды астан артық көру — адамдық қасиетке жатпайды. Астан аттауға болмайды. Майлы ас жеп отырып, қолды сілікпейді. Бұлай істегенде ас сілкінеді, дәм-тұз атады деп ұйғарылады.

10. Аң аулауға алғаш шыққан адам тұңғыш олжасын біреуге сыйламайды. Онда қанжыға қурап, құр қалады, қанды болмайды, жол болмайды. Бақ пен несібе басқаға кетеді деп ырымдалады. Ал келесі саятта олжасын дос-жаран, туған-туыстарына сайлауға болады. Мұның мәнісі – әр қандай істің бастамасы өзімнен болады. Жақсылығы да, жамандығы да басқаға көшпесін деген ниеттен туған ырым. Мұның түп-төркіні – дүниеқұмарлық емес, жақын кісілері сол олжадан бақытсыздыққа ұшырамаса екен деген тілектің нышаны.

11. Есіктің босағасын екі қолмен керіп тұрмайды. Табалдырықты баспайды. Маңдайшаға артылмайды. Өлім шықкан, жау шапқан, қаралы күнге ұшыраған үйлерде ғана сондай көріністер болады. Сондай жаман ырымды істеуге тыйым салынады.

12. Қазақ аққуды, сары ала қазды, бұлбұлды және жалғыз жүрген құсты ауламайды, атпайды. Өйткені, бұларды киелі құс деп есептейді.

13. Қазақ көне жұртты, оттың орнын баспайды. Басса ауыру жабысады, пәле қонады деп жориды.

14. Қазақ нанды баспайды. Нан аса қасиетті деп есептеледі. Нанды басқанды құдай атады, қарғысқа ұшырайды, өзегі талып өкіреді деп ұтады.

15. Түнде әйел заты суға бармайды. Әйел жаны нәзік әрі қорқақ келеді. Су жануарларын көргенде жын деп ойлап, шошынып қалады деп есептеледі.

16.  Каз тұрып, апыл-тапыл жүре бастаған баланың тұсауы салтанатты түрде кесіледі. Бұл «Тұсау кесер тойы» деп аталады. Баланың аяғы ала жіппен тұсалып, байланады да, оны сол ауылдың желаяқ, жылпың, қадірлі кісілердің бірі кеседі. Сонан кейін сәбиді әрі-бері жетелеп жүргізеді. Тұсауы кесілетін баланың қалтасына тәтті тағамдар, күміс тиындар салынады. Тұсауы кесілген соң тойға келгендер мұны таратып алады. Тұсау кесілмесе бала сүріншек болады, үлкейгенде топ ауруына шалдығады деп ырымдалады.

17.  Қазақта көз тиеді, сұқ өтеді, тіл батады деген ұғым бар. Кейбіреулерді «сұқ көзді, сұқ тілді» деп сескенеді. Көз сұғы — жақсы адамға, жас балаға, жүйрік атқа, қыран құсқа, сұлу қызға, қайсар батырға, қайратты палуанға тиеді деп нанады. Сондықтан ас пен тойларда палуандарды, жүйрік атты көптің көзінен тасада ұстайды. Онысы — тіл мен көздің сұғы тимесін дегені. Біреу жас келінге немесе сәбиге сұқтана қараса, «көзің тиеді, қара жерге түкір» деп, жерге түкіртеді. Көз тисе «сұқ-сұқ» деп, тіл тисе «тфә-тфә» деп, ерекше мақтаса «тілің тасқа» деп қайырым айтады.

18. Қазақта ұзатылган қыз жыл толмай төркініне келмейді. Себебі, отаудың оты лаулай түссін дегені. Бұл мезгіл бұзылса  ақ төсек суиды, көңілге жел кіреді деп ұйғарылады. Мұндай кезде туған бала безбүйрек, қатал болады деп сенеді. Сондықтан отауды жайнатып ұстап, отбасына самауырды қайнатып қойып, келген-кеткенді ашық-жарқын қабақпен қарсы алу арқылы жас келін келген жеріне әбден бауыр басып кетуі керек. Содан кейін ғана төркініне баруға болады. Төркіндей барғанда дауыс айтып, сағынышын да ақтаруға ерікті. Қуанышты көрісу – жақсылық. Ата-анасы сағынып келген қызын жылы шыраймен, ақ пейілмен күтеді. Қайтар кезінде қалағанын береді. Қыз марқайса – ел көңілі өседі деп жориды.

19. Келін түскенде, қыз ұзатылғанда, жолаушы сапардан оралғанда, құда не туыс-туған келгенде, тағы басқа қуанышты күндерде ауыл әйелдері құрт-ірімшік, қант-кәмпит, күміс тиын араластырып, топтасып тұрған адамдардың ортасына «Шашу, шашу!» деп, айқайлап тұрып шашады. Шашуды барлығы теріп алып, ырым ретінде үйлеріндегі балаларына апарын береді. Шашуды әйелдер ғана шашады. Еркек шашпайды. Шашуды балаларға берудің себебі «ырысты болсын» дегені.

20. Айт күні ренжуге болмайды. Жайраң қағып, жылы шыраймен, ыстық жүрекпен, тасыған мереймен жүреді. Айт күні ренжісе, келесі айтқа дейін ашу тарқамайды деп жориды

21. Келін қайын атасының, енесінің, қайын ағасының, қайын жұртындағы үлкен-кіші туыстардың атын атамайды. Ата-енесінен басқаларға қосалқы ат қояды. Бұл — қайын жұртына құрметі әрі сыйлағаны, жақсы келін атанудың жөні.

22.  Ағайынды кісілер араздасып қалса, басқа бір туысы ақ дастарханына шақырып, дәм сыйлап, татуластырады. Кейде араздасқандар бірін-бірі шақырып, дәм береді. Онысы — түгі жығылып жүрсін, таспен ұрғанды аспен ұр деп ұйғарғаны.

23. Бас киімді кез келген жерге тастай салуға болмайды, биікке іліп қою керек. Әсіресс, құйрық қойып отыратын жерге қоймау қажет. Себебі, бастан бақ таяды, бас ауруына тап болады. Бас айналып, тіл байланып, иман қашады. Адамның басынан қадірлі, ақылынан қасиетті ештеңе жоқ.

23. Ішкісі келмеген жағдайда «асыңа разымын» деп ықылас білдіреді. «Ас — адамның арқауы» саналады. Асты жамандаған аштан өледі деп жориды.

24. Дастарханға нанды теріс қаратып, төңкеріп қоймайды. Оң қояды. Нанды жалғыз қолмен жерге басып тұрып сындырмау керек. Оң қолмен алып, сол қолмен ұстап тұрып сындырып жейді. Саусағы тиген бір жапырақ нанды тауысуы керек. Өйтпесе, несібе шала қалады деп жорылады.

25. Ыстық асты, шәйді, тағамды үрлеуге болмайды. Суығанша, ыстығы басылғанша шыдау керек. Үрлеп ішкен ас мәкүрік саналады. Ол асқазанға дерт болып, байланады деп есептеледі.

25. Қазақ асқан еттің көбігін екі рет алады. Алдыңғысы — қанды көбік, екіншісі — ашты көбік деп аталады. Көбігін алмай жеген ет мәкүрік болады. ауру жабысады деп жориды.

26. Балаға қойылған кейбір атты өте ауыр деп сезінетін жай да бар. Мысалы: «Мұхамет» аталған бала балиғатқа толғанша «Ахмет», «Мұқан», «Мұқаш» деген секілді жанама аттарды қолданады. Бұл баланың өмір-жасы ұзақ болсын дегені.

27. Қазақ алыстан келген жолаушыны, қонақты, ағайындарын, қандас бауырларын «Қырықтың бірі Қыдыр, Мыңның бірі Уәлі» деп ырымдап, төрге отырғызады. Дастарханға бата жасатады.

28. Ыстық асты, шәйді, тағамды үрлеуге болмайды. Суығанша, ыстығы басылғанша шыдау керек. Үрлеп ішкен ас мәкүрік саналады. Ол асқазанға дерт болып, байланады деп есептеледі.

29. Қазақ өлген адамды жоқтап жылағанда, әйел заты шашын жайып жіберіп жыласа — ішіндегі шер тарқайды деп сенеді.