Bugin

Тағамтанушы: Қазақтың тамақтау әдеті денсаулыққа пайдалы

Бұл – тамақты сыйлаудың, құрметтеудің ерекше белгісі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақтың дастарханға отыру мен ауқаттану мәдениеті, шын мәнінде, денсаулыққа өте пайдалы. Әрі бұдан айырылып бара жатқанымыз өкінішті. Осылай дейді Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің "Нутрициология" кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты, Қазақ тағамтану академиясының жетекші ғылыми қызметкері Майгүл Қайнарбаева. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы хабарлайды. 

Тағамтанушы маманның айтуынша, тамақты дұрыс ішпеудің кесірінен қазір халықтың 80-90%-ы созылмалы ауруға шалдығуда. Мұның бірнеше себебі бар. Оның бірі – пайдасыз тағамдарды жиі жеу болса, тағы бір себебі – астың өзін дұрыс ішпеу. Әсіресе, асты төкпей-шашпай, асықпай, сіңіріп ішудің пайдасы көп. Бұған көбіміздің мән бере қоймауымыз – үлкен қателік.

"Осы орайда қазақтың дастархан мәдениетінің кереметін айта кеткім келеді. Мәселен, қазақ халқы ауқаттанар алдында бүкіл отбасымен, кішісінен қариясына дейін бір дастарханның басына кеп отырады. Бұл – тамақты сыйлаудың, құрметтеудің ерекше белгісі. Қариясы дастарханға отырмай, бата бермей ешкім асқа қол салмайды. Әрі қария орнынан тұрмайынша ешкім тұрмайды. Мұның денсаулыққа пайдасы мол. Өйткені қария отырған дастарханда ешкім астан басқаға алаңдамайды. Әсіресе, үйдің кішісіне дейін асты асықпай, шайнап сіңдіріп ішкені өте маңызды. Балаға көшеден емес, үйден тамақтануды үйретеді. Отанасының қолымен дайындалған тағам әлдеқайда пайдалы. Әрі бір дастархан басына жиналып, арқа-жарқа ас ішу отбасының ауызбірлігін арттырады", - дейді нутрициолог маман.

Маманның айтуынша, қазіргі жастардың ас ішерде гаджет ұстап, теледидар көріп, не басқа да бір дүниелерге көңілі ауып кеткені дұрыс емес. Бұл – денсаулыққа өте зиян.

"Смартфон қарап отырып тамақ ішкен адам не ішіп, не қойғанын білмейді. Асты шайнап жеуді ұмытады (әсіресе, қыздар). Астың дәмін де сезіп үлгермейміз. Ал асқазанға астың сілекеймен түскен өте маңызды. Оны сіңдіре алмаған асқазан қатты қиналады. Адам тамақ ішкенде, тек асты ішумен ғана айналысуы керек. Асқазанның тойғанын адам миы 20 минуттан кейін сигнал ретінде жібереді. Ал оған дейін біз асты асығып ішіп, тыңқиып алғанымызды өзіміз де сезбей қаламыз. Ауру, міне, осыдан шығады", - деп түсіндірді Майгүл Қайнарбаева.

Айта кетейік, адам дұрыс тамақ ішпеудің кесірінен, жүрек-қан, қатерлі ісік, заттек алмасымының бұзылуы сынды көптеген ауруға шалдығуы мүмкін.