МӘДЕНИЕТ

Ұлттық код: Қоғамдық сананың жаһандануы, менталдылық пен дүниетаным

Ұлттық дүниетанымды сақтап қалу, оны жоғалтпау өте маңызды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қоғамдық сана – қоғамның рухани өмірінің, адам ойында шындықтың бейнеленуінің барлық түрлерін қамтитын философиялық категория; әртүрлі әлеуметтік қауымдастықтардың өмір сүруі процесінде пайда болатын  адамдардың әлемге және өздеріне деген қатынастарының рухани тәсілдерінің жүйесі.

Оған қоғамдық идеялар, теориялар, саяси, құқықтық, адамгершілік, эстетика, философия және діни қозғалыстар, ғылыми білімдер жатады. Қоғамдық сана әлеуметтік сезімдер мен көңіл-күйлерді, әдет-ғұрыптар мен мінез- құлықтарды, қалыптасқан дәстүрлерді, үлттар мен халықтардың психикалық кейіп ерекшеліктерін де қамтиды. Қоғамдық сана қоғамдық болмыстан туып, соның бейнесі мен туындысы болып табылады. Сана болмыстың бейнесі болғандықтан, қоғамдық болмыс өзгергеннен кейін сана да өзгереді. Бірақ қоғам мүшелерінің санасы белгілі бір мерзімге дейін өзгерген болмысқа сәйкес келмеуі, яғни артта қалуы мүмкін. Қоғамдық сана болмысты бейнелеп қана қоймайды, ол бейнеленген нысанды қозғайды, оны өзгертіп, дамытады. Оның күрделі ішкі құрылымдарының деңгейі мен түрлерін ашып көрсетуге болады. Қоғамдық сананың деңгейлеріне тікелей бұқараның, жекелеген әлеуметтік топтар өмірінің күнделікті жағдайларынан туатын қарапайым, эмпирикалық сана және қоғамдық топтардың түпкілікті мүдделерінің рухани көрінісі ретінде ғылыми-теориялық сана жатады. Қоғамдық сананың түрлері объективтік дүние мен қоғамдық болмыстың адам санасында бейнеленуін көрсетіп, адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен байқалып, қоғамның рухани мәдениетінің қүрамдас бөлігіне айналады.

Қоғамдық сананың тарихи қалыптасқан түрлері: саясат, құқық, философия, мораль, өнер қоғамдық болмысты бейнелей отырып, оған белсенді түрде ықпал етеді. Міне, қоғамдық сананың осы түрлері әлемнің жаһандану процессімен бірге өзгеруде. Жалпы жер, бүкіл әлемнің осыдан 100 немесе 300 жыл бұрынғы келбеті мүлде өзге еді. Уақыт алға жылжыған сайын қоғам да бірге тұрақты өзгеріп келеді. Өркениет өзгеріп, дамып, шарықтауда. Қоғам цивилизацияланып, жаңа дәуір, жаңарған заманға қадам басып келеді.

Әлем жаһанданған сайын қоғамдық сана да одан қалыспайды, әрине. Мысалы, бұрын бүкіл қоғам патша әулетіне ғана бағынып, қарабайыр күн кешсе, бүгінгі күні әрбір азамат қоғамдағы өз орнын және құқығын біледі, демоктратия арқылы тәуелсіз, жалпыға ортақ ережемен өмір сүреді. Бұрын өзгеше ойлау, дінге немесе Құдайға сенбеу үлкен қарсылық тудыратын, қоғаммен мақұлданбайтын қылмыс болса, бүгінгі күні әр адам өз сеніміне өзі ғана жауап береді. Атеист пе, сайтанға табына ма, мұсылман немесе христиан ба? Біреуідің біреумен мәселесі жоқ. Қоғам санасында ол қалыпты: әр адам өз өмірін өзі таңдайды, өзі шешеді. Өнерді мысалға алсақ та дәл солай. Қоғам санасы заман ағымымен жаңа бағыттағы музыка, жаңа стильдегі ән мен күй тыңдайды. Яғни, қоғамдық сананың жаһандануы ескі дәстүрлер мен ескі өмір салтының артта қалуы, жаңару деп түйіндесек те қате болмас.

Ғаламдық жаһандану мен қоғамдық сананың жаһандану процесінен, әрине, біздің еліміз қалып қоймады. Әлеммен бірге алға жылжып дамып келеміз. Алайда жаңа дәуірмен жаңарамыз деп ертеден келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұмытып, ардақтаған салт-санамыздан аттап, көлденең басып кетсек, мұнымыз қате болары даусыз. Қазақтың қанындағы қасиетіміз мәңгі болуы тиіс. Ұлы жаһандану кезеңіндеміз деп ұлағаттаған қасиеттерімізді жоғалтып алмай, ұлттық кодты сақтауымыз керек.

Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипаттың ерекшелігі  – дара халықтың жаратылысындағы айырықша антропологиялық генези­сінен бастап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық негіздеріне дейін толық қамти алуында. Бір сөзбен айтқанда, этностың тұтастығын сақтап тұрған кілтінің бүтін болуы. Қазіргі жаһандану кезеңінде жойы­лып кетуден аман қалуын ойлаған әрбір халық  алдымен өзінің байырғы рухани-тектік қасиеттерін мейілінше жаңғыртып, осы арқылы заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алу жағын ескергені жөн. 

Ал ұлттық кодты сақтау үшін салт-дәстүрді, тілімізді, тарихымызды және менталитетімізді ұмытпауымыз қажет. Менталдылық немесе менталитет деген ойлаудың үлгісі, этностың, әлеуметтік топтың, индивидтің жалпы рухани мінез-құлқы. Сондай-ақ менталдылық халықтың этникалық бірлігі мен оның басқа ұлттық құрылымдардан ерекшелігін тану болып табылады.

Сол арқылы адамдардың жалпылама және нақты баға беруі, әлеуметтік ұстанымы әзінің әлеуметтік бірлігіне және басқа да қауымдастықтарға белсенді қарым-қатынасы пайда болады. Яғни сол халыққа, яғни, этносқа тән дүниетаным, бүтін көзқарас. Ол дегеніміз жеке адамның, әлеуметтік топтың, таптың немесе тұтас қоғам қызметінің бағытын және шындыққа деген қатынасын айқындайтын принциптердің, көзқарастардың мақсат-мұраттар мен сенімдердің жүйесі.

Дүниетаным қалыптасуына саяси, адамгершілік және эстетикалық көзқарастар көп әсер етеді. Ғылыми білімдер Дүниетаным жүйесіне ене отырып, адамның немесе бүкіл топтың қоршаған әлеуметтік және табиғат заңдылықтарын бағдарлау мақсаттарына қызмет етеді. Сонымен қатар, ғылым адамдарды әртүрлі нанымдар мен адасулардан құтқарып, оның шындық болмысты ақыл-ойы арқылы тануына жағдай жасайды.

Демек, ұлттық дүниетанымды сақтап қалу, оны жоғалтпау өте маңызды. Сәйкесінше, біз дүниетамымызбен бірге менталитетімізді, ұлттық кодымызды сақтаймыз.

Уақыт қарқыны зымыран дейтін сөз бар ғой. Қаншама ғасыр көшінен қалмай келе жатқан еліміз жаһандану дәуірінің де керуеніне ілесіп-ақ келеді. Әлемнің прогресіне сай дамып, өзгеріп, түрленіп жаңаруда. Қоғамдық сана да жаңғырып, халықтың өмір салты, дүниетанымы өзгеруде. Алайда тәуелсіз мемлекеттің, дербес елдің, қазақ қанды рухты халықтың ұрпғы ретінде, мемлекетіміздің келешегі ретінде ұлттық кодты сақтай отырып жаһандану дәуіріне бейімделуге тиіспіз.