Bugin
Етті мөлшермен жеу керек
Бешбармақ немесе ет тағам – диеталық ас. Тек оны мөлшерімен жесе, пайдасы өте мол. Осылай дейді Қазақ тағамтану академиясының жетекші ғылыми қызметкері, медицина ғылымының кандидаты Майгүл Қайнарбаева. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы жазады.
Тағамтанушының айтуынша, бешбармақ немесе ет тағам – нағыз пайдасы мол диеталық тағам. Өйткені тамаққа салынатын ет, қамыр мен көкөніс – бәрі қайнатылады, қуырылмайды. Етті де таңдап жеуге болады. Майлы жегісі келмегені қаракесегінен жейді.
"Бірақ ескерер бір нәрсе бар. Әркім өзінің шамасына қарай жеу керек. Біз бұрынғы ата-бабалымыз сияқты аттың үстінде жүргеніміз жоқ. Қимыл-әрекет аз. Көбіміз көлікпен жүреміз. Сондықтан ет келгенде, мөлшермен жеңіз. Мәселен, ер адам бір отырып жегенде 200 грамм етті қорытып, пайдасын сіңіре алады. Ал әйел адамдікі 130-150 грамм ғана. Бұл дегеніміз – бірнеше кесек ет деген сөз. Ал мөлшерден көп желінген ет асқазанда қорытылмай, зиянды қалдыққа айналады", - дейді нутрициолог.
Майгүл Қайнарбаеваның айтуынша, етті жегенде қимыл-қозғалыс пен жұмыс сипатын ескерген жөн.
"Мәселен, шахтада жұмыс істейтін адам мен кеңседе отыратын адамның тағам тұтынысы жер мен көктей. Шахтер күніне 4000 ккал, ал кеңсе қызметкері 1500-1800 ккал энергия тұтынады. Мұндайда шахтерге етті көбірек жеуіне болады", -деп түсіндіреді тағамтанушы.
Тағы бір ескерер нәрсе – қай малдың етін жеп отырғанымыз. Қазақта "қойдың ет таң атқанша, сиырдың еті күн батқанша, жылқынікі төсек салып жатқанша" деп бір-ақ ауыз сөзбен айтқан.
"Бабаларымыз кешке тамақтанған кезде, міндетті түрде қымыз ішетін. Ал қымыз – нағыз катализатор. Күрделі тағамды тез қорытады. Ал бүгінде қымыз ішетін қазақ аз. Нақтырақ айтсақ, қымыз тапшы", - дейді маман.
"Ет қосылған тағаммен бірге шай ішуге болмайды. Өйткені шай құрамындағы кофеин мен танин, сүттің құрамындағы кальций қоспасы еттің пайдалы қасиеттерін ыдыратып жібереді. Шайды еттен кейін, 40 минут не 1 сағаттан кейін ішкен жөн. Оған дейін тағам сіңіп үлгереді", - деп түсіндірді Майгүл Қайнарбаева.
Оқи отырыңыз