Bugin
Фараби – ғұмырын адамдарды біріктіруге арнаған адам. Ол – мың жыл бұрын адамдар үшін өмір сүрген адам. Ол – өз ісіне берілген, ақыл – ойға, білімге және танымға деген құштарлықтан басқа ештеңені де, ешкімді де мойындамаған адам. (Әнуар Әлімжанов)
Шығыстың ұлы ойшылы, әлемнің теңдессіз ардақты ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері қай заманда да өзекті. Әл-Фарабидің мұрасында өнерді зерттеу ерекше орын алады. Өнердің адамға әсері мол, өнер дегеніміз – біздің болмысымыз бен біздің өзіміздің бойымыздағы адамилық бастауды үнемі еске салып отыру. Әл-Фараби үшін, өнер-білімнің ақылдың көмегімен емес, сезімдер арқылы жететін жоғарғы формасы. Өнердің мәндеттері көп: адамға білім беру, көркем шығармада бейнеленгенді дұрыс бағалауды, сол арқылы өмірдің өзін де дұрыс бағалауды үйрету. Өнер адамның шығармашылық күштерін жандандырып, идеялық тұоғыдан тәрбиелейді, моральдық тәрбие беріп, оның ақылын, сонымен қатар бастан кешу қабілетін де дамытады.
Өнердің барлық түрінің арасынан адам жанына әсер етудің тереңдігі мен күші бойынша Әл – Фараби поэзия мен музыканы ерекше бөліп көрсетті. Оларды философиялық тұрғыдан түсіндіру мақсатында әл-Фараби өзінің бірнеше трактаттарын арнады. Музыка саласындағы жарық жұлдыз «Музыканың үлкен кітабы» - музыка саласында жазылған әлемде теңдесі жоқ кітап.
Аристотельдің мына бір айтқаны: «Музыка мәселесі ғылымда, өнерде маңызды орын алатынын білемін. Дегенмен музыканы талдау үшін музыкалық талант, дыбысты түсіну қабілеті болуы керек. Ондай қабілеттер менде жоқ», -деген екен.
«Музыканың үлкен кітабының» бірінші тарауы – «Муызка өнеріне кіріспе» деп аталып, екі тарауды құрайды. Алғашқысында «музыка» атауы, оның этимологиясы, семантикалық негіздері, шығу тегі, оны шығару, орындау мәселелері айтылады. Кітаптың екінші бөлімінде адам құлағына жақын әуендер, дыбыстың табиғи сезілуі, гармония және үндестік, музыкалық тондардың әрқандай ерекшеліктері сөз болады.
«Музыка өнерінің негіздері » екінші тарауы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде музыканың физикалық анықтамасы, дыбыс шығаратын денелер, жоғары және төмен дыбыстардың себептері, музыкалық интервалдар, диссонасс қатарлары мен теориялық негіздерін көрсетеді. Екінші бөлімінде квартадан пайда болатын интервалдар туралы теориялық мәселелерді қозғайды.
Трактаттың үшінші – «Музыкалық аспаптар» тарауы да екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде әл –Фараби, уд аспабының құрылысы, ашық пернелері, орындаушы саусақтарының орналасуы, төрт ішекті уд, дыбыс қатары, жағымды тондар, уд аспабы күйінің күрделі және қарапайым тәсілдерін қолдану жайын қарастырады.
Екінші бөлімі, тамбур аспабының ерекшеліктеріне арнаған. Бағдат тамбуры, аккордтары, пернелері жайлы зерделей келіп, ең соңында Хорасан тамбурына тоқталады. Теориялық мәселелерін сөз етеді.
Сөз соңын қорытындылай келе, әл-Фарабидің еңбегі – музыка саласы бойынша жазылған аса қымбат тарихи және мәдени мұра.