Bugin

Ойылым, қайда барасың...

Каспий теңізінің алабына жататын Ойыл өзенінің бүгінгі ахуалы. Өткені мен бүгіні. Арнасынан тасыған ерке өзеннің бүгінгі мүшкіл халі Ойыл жұртшылығын алаңдатып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Менің туған жерім – баялыш пен бүргенге, құмарлық пен қымыздыққа, бүлдірген мен жусанға толы керемет сұлу табиғаты бар мекен. Ауылдың тұсынан бастауын Мұғалжар тауынан алатын, ұзындығы сегіз жүз километр аумақты қамтитын, Ақтөбе облысының үш аймағын, Атырау облысының екі ауданы аймағының шаруашылықтарын шипалы суымен нәрлендіріп отырған ерке өзен Ойыл ағып жатыр.

Ойыл өзенінің алқабы – ежелден-ақ халықтың көп қоныстанған сүйікті мекені.

Қайран, Ойыл өзені! Ерке толқының мен екпінді ағысың қаншама ақынның жүрегіне жыр боп құйылып, сыр боп ақтарылмады дейсің!
Ақтөбенің ақиық ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың мына өлең жолдары соның дәлелі секілді:
Кел біздің Ойыл, Қиыл саламызға,
Жан сая самал ескен даламызға,
Байлаулы балдай тәтті бағыланымыз
Сары қымыз сапырулы сабамызда...

      Бұл құтты мекеннен елдің іргесін ажыратқан Әз Жәнібекке:
 "Ойыл деген ойыңды,
Отын тапсаң тойынды .
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылдан елді көшірдің",- деп кесімді жыр арнаған Асан  бабамның жырына арқау болған өзен еді. Шөлдеген тіршілік атаулыға нәр берген, етегін жағалай қонған, еңбегін еміп өскен халықтың тұрмысына  сән берген Ойылымның бүгінгі күйін шығармама арқау етсем деймін.

     Тал бойына өнер ұялаған күміс көмей әнші, сырлы сазгер, дәулескер күйші, әсемдікті қалт жібермейтін суретші, шәкірт жүрегіне жол тапқан Жолдыбай Айтқұловтай ұлағатты ұстаздың әсем жырына арқау болған ерке өзеннің бүгінгі күйі жаныңды ауыртады. Әкем екеуміз балық аулай барып, тірсегіңнен ғана келетін өткелден өткенде жан жүрегім шымырлап кетті. 
Жолдыбай ақынның:
"Ойылдың бойы қандай көркем,
Жаздың жайлы кешінде,
Мойныңа сұлу, асылып еркең
Толқындар жатты есіле",- деген өлең жолдарындағы ерке толқынды көре алмағаным шымбайыма батты.
Сондай-ақ ақынның:
"Су беті айна, жұлдыздар тізбек,
Шалқиды шаңқан шағала,
Қол созып айға, бір бақыт іздеп,
Келеміз өзен жағалап",-деген жыр жолдарындағы ынтық жүрекке шуақ сыйлаған әсем келбетінен із де қалмағыны, «құрағы мүлгіп, сұлулық құрап» тұрған табиғи сұлулықтың сынық тартқанын көрудің ауыртпалығын сезінгендей болдым.
      Негізінен қар суымен қоректенетін өзеннің көктемде тасып, ағысының қаттылығынан өткел болмай, Қарасу ауылының балаларын мектепке апару үшін тікұшақ келгені туралы атамнан естігем. Бүгінгі күні бұл біз сияқты жас буынға ертегімен теңдей әңгіме еді. Өткел бермес асау өзенді ағысынан жаңылдырған не, бұрын кісі бойламайтын терең тұстарының қазір тізе шаймайтыны қалай деген сұрақтар мені жиі мазалады. Жаныма тыныштық бермеген сұрағымның жауабы тоталитарлық жүйенің адам түгіл табиғатқа жаны ашымауынан туған кінәратынан екенін түсіндім. Ержетіп, есейіп, сөзін ел тыңдайтын азамат болсам, ең алдымен, құрудың аз-ақ алдында тұрған ерке өзенімді қалпына келтірудің жолдарын іздестірсем деп армандаймын.