МӘДЕНИЕТ
Қазіргі күннің дара журналистері деп кімдерді атаймыз?
Журналистика тек табыс табу сабақтары емес.
Журналистика - қоғамдық игілікке қызмет етудің жоғары миссиясы.
Д. Авраамов
Адамзат баласы пайда болғалы сөз – тілдің негізгі бірлігі. Тек біз, адамдар ғана сөз көмегімен сөйлесу құзіреттілігіне иеміз. Бұл диалог жүргізуге, өз көзқарасын білдіруге және мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін бірегей қабілет. Адамдарды басқаруға және бағыттауға ықпалды билік. Жер бетіндегі әрбір мамандық сөзбен байланысты болғанымен, меніңше барынша тікелей байланыс журналистиканың құзырында. Олай дейтінім, бүгінгі күні ақпараттың негізгі таратушылары – журналист. Себебі кез-келген жан әр таңын жаңалықтарды білуден бастайды.
Алып күшке ие болып отырған журналистика дегеніміз не, журналист деген кім? Әлеуметтік даму тенденциялары мен жаһандану үдерісі аталмыш ұғымдардың мағынасы мен мазмұнын үнемі өзгертіп отырады. Журналистика тарихына көз жүгірте отырып, өз бастауын Франция жерінен алатынын, ал қазақ жеріндегі журналистиканы ХІХ ғасырдың ІІ жартысымен байланыстыратынын көруге болады. Мұның басты себебі алғашқы газеттердің пайда болуымен тұспа-тұс келуінде деп ойлаймын. Алайда қазақ жеріндегі ауыз әдебиеті, әрбір жырдың, тағылымды тәмсілдің ұрпақтан-ұрпаққа жетуі әрбір қазақтың жүрегінде журналистік қасиеттің болғанын дәлелдейтіндей. Хош делік, сонымен журналистика латын тілінен аударғанда «күнделікті ақпарат», ал журналист сол ақпаратты жеткізуші жан деп негіздеуге болады.
Ең алдымен журналистің басты қасиеті – даралығы деп ойлаймын. Журналисті басқалардан ерекшелейтін айрықша психологиялық, дүниетанымдық, кәсіби қасиеттері. Оның жеке тұлғасы рухани әлеуетін анықтап қана қоймайды, сонымен қатар таңдау еркіндігімен, шығармашылықтағы өзін-өзі анықтауымен, жазу, айту стилімен тығыз байланысты.
Бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған даралықты дамыту қаншалықты мүмкін? Меніңше оны дамыту үшін шектеу жоқ. Күнделікті еңбектің нәтижесінде әрине белгілі бір табысқа жетуге болады. Десе де алдымен қабілетті анықтап алып, кейін даралықты дамыту қажет деген ұстанымдамын. Осы орайда американдық психолог Г.Линктің «даралық – бұл адамның қабілеті мен энергиясын басқа адамдарға әсер ететін әдеттер мен әрекеттерге айналдыру дәрежесі» деген сөздері ойға оралады.
Даралық не береді? Әсіресе журналист үшін жетекші рөлге ие болуы қаншалықты маңызды? Алдымен оның бірегейлігіне, ішкі тұтастығына және әлеуетіне жауап беретін қасиет ретінде көремін. Себебі журналист мамандығы көптеген маңызды дағдылардың болуын талап етеді. Креативті ойлау, қажет кезінде шеңберден шыға білу, әрдайым қызықты ақпаратты жарқын жеткізе білу, ең бастысы оның шығармашылық тұлғасы, міне осылар журналистті басқалардан ерекше етеді.
Әлемде жарқын, ерекше және талантты журналистердің сансыз мысалдары жеткілікті, әйтсе де мені құйрықты жұлдыздай жарқ еткен, қысқа ғана ғұмырында қазақ журналистикасында өз есімін ойып жазып, миллиондардың жүрегінен орын алған Руслан Бөлебай қызықтырды.
Тым жас жігітке аса тән емес сынды ерекше терең ақыл, таңғы ұйқыңды шайдай ашатын жарқын дауыс, ұстамдылық пен талғампаз еуропалық киім стилі – мұның бәрі оның жеке басын тануға мүмкіндік береді.
Руслан – ауылдан шыққан қарапайым, қазақтың қара баласы. Бала кезінен бар кітапқұмарлығы, кейін мектеп қабырғасында түрлі тілдік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуына жол ашты. Әрине журналист болсам деген арман жетектеп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі болуына ықпал етті.
Руслан Бөлебайға танымалдылық бірден келген жоқ. Дүниежүзілік ВВС радиосы ұйымдастырған эссе байқауының бас жүлдегері атанып, Лондонда тәжірибеден өтуі оның тележурналист ретінде қабілеттерін ұштауға ықпал жасады деп болжауға болады. Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасының тележүргізушісі ретінде бағдарламаның қызықты өтуі үшін ерен еңбек етті. Оның даралығы басқа журналисттерден айырмашылығы, жастығына қарамастан сауаттылығы, кейіпкерге деген көзқарасын көрсетуден тартынбауы еді. Сұхбат алып отырған адамына оған сөйлеу тәсілі мен Русланның үні бойынша көрермен бағдарламаға қызыға түсуші еді.
Русланның журналист ретіндегі дара қасиеттерінің бірі ретінде тікелей эфирлерді жүргізу шеберлігіне басымдық бере едім. Себебі эфир барысындағы сөз саптау, келген қонақты сөйлетуге сүйемелдеу, сұхбатты әсерлі ету, сұрақты дөп басып, дер кезінде қою әр журналистке қажет қасиеттер легі.
Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, өзіндік даралығымен ерекшеленетін журналисттер қауымы әрине, өте көп. Әйтсе де менің кейіпкерім даралықтың жас талғамайтынын көрсеткені үшін қызықтырады.
Журналистика – бұл шығармашылық, ал шығармашылық – бұл жанның айрықша жағдайы және адамға ғана тән дүние. Жоғарыдағы кейіпкеріме тән қасиеттерді тізбелегеніме қарамастан, журналистке білім мен өмірді зерттеу қажет. Өйткені жазу қиын, ал жақсы жазу, қиыннан қиыстыру, әсте оңай болған емес. Осы сәтте сансыз еңбек пен тәжірибені ұштастыра білген Нұртілеу Иманғалиұлын атап өтуге болады деп ойлаймын. Өзінің қырық бес жылдық еңбек жолында 4500 бағдарламаның жарыққа шығуына мұрындық болған жан. Жазу, айту, сұхбаттасу, басқару сынды қасиеттерді бойына сіңіре білген – журналист маман.
Сөзсіз журналист арнайы біліммен қарулану тиіс, десе де жалғыз диплом кәсіпқой болуды білдірмейді. Тым айқын дүние, барлық мамандықтағыдай дерсіз. Әйтсе де уақыт пен қоғамның барлық талаптарына жауап беретін журналист болу үшін өзін-өзі дамыту, қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында кең білім көкжиегін жетілдіру, өресі тар маманға айналмау маңызды. Сондай-ақ ақыл-ой икемділігіне, жаңа, кейде мүлдем күтпеген білімге деген сезімталдыққа ие болуы керек.
Ойлау және ойлай алу қабілеті - журналисттің қажетті кәсіби қасиеттері. Әңгімелесушінің идеясын ұстап, оны оқырманға, тыңдаушыға, көрерменге бұрмалаусыз жеткізу бәріне бірдей беріле бермейді. Кәсіби журналисттер – сапалы ақпаратты таниды, бағалайды, өңдейді. Міне, нағыз даралық деп осыны атауға болады.
Қорыта келгенде, журналист сан қырлы призма сынды, мөлдір, хрусталь призма. Оның даралық қасиеттерінің өзі бірнеше саланы қамтитын сияқты сезім ұялатады. Алдымен, ақыл-ой қабілеттері, яки интеллектуалдығы, кең көзқарас, рухани әлем, эрудиция, қызығушылық, ойлау ниеті болса, кейін еңбекке қабілеттілігі, шығармашылығы мен жеке дамуы, жауапкершілігі, соңында танымдық, коммуникативтілік, оқуға деген сүйіспеншілік, актерлік, режиссерлік, ұйымдастырушылық және коммерциялық бейімділіктері деген тұжырым жасауға итермелейді.
Бүгінде журналист болу үлкен жауапкершілік деп санаймын. Бір ауыз сөзбен жанды жаралауға әрі емдеуге болады. «Жақсы сөз – жанның азығы» дейді бабаларымыз. Демек қазіргі сәтте кейбіреулер «төртінші билік» деп атап жүрген журналисттер қауымының шешім шығарумен айналыспаса да, әрбір жанның жүрегіне жол табуға мүмкіндігі зор. Ал мұның барлығы қоғамға қызмет ететін әрбір журналисттің даралық қасиетіне тікелей байланысты екендігі айдан анық.