Қоғам
Тоқаев қылмыскерлер туралы ащы ойын білдірді
Коронавирус пандемиясының салдарынан Қазақстанда қылмыс саны көбеюі мүмкін. Осы жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі криминогендік ахуалға назар аударды. Мемлекет басшысы карантиндік шектеулер кезінде қылмыстық іс-әрекеттердің едәуір азайғанына қарамастан, шектеулер жеңілдетілгеннен кейін, керісінше көбейе түскенін айтты.
"Пандемияның экономика мен әлеуметтік салаға тигізген кері әсері бар. Ол – қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол ашылу. Құқық қорғау органдары осыған дайын болуға тиіс. Еліміздегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекетін бесігінде тұншықтыру керек", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Қылмыстық кодексті оңтайландыру жөнінде берген тапсырмасын еске салды. Бас прокуратура бұл жұмысты құқық қорғау органдарымен, арнайы мемлекеттік органдармен және Әділет министрлігімен үйлестіре отырып атқаруы тиіс. Оның пікірінше, аталған мәселеде қоғам пікірін, белсенділері мен сарапшылардың ұсынысын міндетті түрде ескеру қажет.
"Жедел тергеу аппаратының күшін болмашы құқық бұзушылықтарға жұмсауға болмайды. Қызметкердің жұмысы шаш етектен болған кезде, оған істі рәсімдеп, сотқа жіберген оңай. Ол осыған басымдық береді. Мұндай жағдайда азаматтардың құқығы мен қылмысқа қарсы нақты күрес екінші орында қалып қояды. Сондықтан елімізде жәбірленушілер тергеушілердің қандай да бір жұмыс нәтижесін айлап күтеді. Тергеу органдарының кәсіби кадрлармен толық қамтамасыз етілмеуі жағдайды ушықтырып жібереді. Прокуратура барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін үйлестіруші ретінде мұндай мәселелерге уақытылы мән беріп, әріптестерімен бірге оны шешуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.