Білім және ғылым

«Сын – әдебиеттің бір қанаты»

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттері доцент Римма Жақсылықбаеваның ұйымдастыруымен «Бүгінгі қазақ сыны: талпыныстары мен ізденістері» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өткізіп, ой-пікірлерін таразы талқысына салған еді. Жас буынның өзіндік пікірлеріне көз жүгіртіп өтсек.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Римма Жақсылықбаева: – Сынсыз әдебиет өспейді. Көркем шығармалар сапасының төмендеуіне, әлбетте, алдымен, әдебиет сыны – жауапты. Сыншылдық өте қиын жанр, мұның дауы мен жанжалы тіпті көп. Осы қиындықтан қорқып шу дегеннен тасалануға, домалақ, жып-жылмағай сындар жазуға тырысатын адамды осы жанрда ұзақ өмір сүреді деп айта алмаймыз. Орыс сыншысы В.Г. Белинский: «Сыншының кәсібі оңай кәсіп және кім көрінгеннің қолынан келетін кәсіп дейтін кісілер мықтап қателеседі: сыншының таланты – сирек кездесетін талант, оның жолы тайғақ та қатерлі жол»,- деп жазады. Әр кезеңнің өзіндік талабы болатындықтан сын сипаты жайында әрқашан әңгіме қозғап отыруы жалпы қоғамдық сананың өрлеуіне, ой өресі биіктеген оқырман қауымға жасаған ықпалына байланысты. Осыған орай, сіздердің ойларыңызша, сын дегеніміз не? Әдеби сынның табиғаты қандай? Сынды зерттеген қандай ғалымдар еңбегін білесіздер? Ой-пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар.

Айзат Жолдасова: – Сын – шығармашылықтың көрсеткіші. Әдеби сын  болса, шығармашылықтың шарықтау шегі. Сынды орынды әрі дәлме-дәл етіп жазу да шеберлік. Сынды теориялық түрде зерттеген Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қирабаев, Дандай Ысқақ т.с.с. ғалымдар еңбегін қарасаңыз, сынға қатысты кез келген сұрағыңызға жауап табасыз. Мәселен, Дандай Ысқақ: «Сын жанрларын айқындаудың басты белгілерінің бірі – оның зерттеу объектісі. Әдеби сын қарастыратын негізгі объектілер – шығарма, жазушы, әдеби процесс», - деп нақты ойын шегелеп бере қояды.

Құралай Башанова: – Айзат сенің ойыңды дәлелдей түссем деймін. Сын – сан салалы, күрделі жанр. Оны апарып мынаған жатады деп тар ұғымға теліп қоюға болмайды. Сынның бір қасиетін баса көрсету үшін міндетті түрде басқа сипаттарының маңызын елемеушілік керек емес. Біреулер сынды көркем өнер деп білсе, екіншісі оны ғылымға жатқызады, тағы біреулері журналистика, идеология деп, сол тұрғыдан түрліше анықтамалар береді, мұның бәрі де – дұрыс пікір.  Сен мысалға алып отырған ғалым Дандай Ысқақ «Сын жанрларында» қолданылып жүрген негізгі сын жанрларына тоқталып өткенімен, әлі де анықталмай, нақтылай түсуді қажет ететін тұстары баршылық. Өйткені, жанрлық белгілер бір-бірімен араласып, қатар жүре береді. Осы кітап арқылы көзімнің жеткені – баспасөздің дамуымен бірге сын жанрларының да жетіліп отыратыны.

Шалқар Абылова: – Алдымен, сын туралы өтімді пікір білдіру үшін меніңше, белгілі ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішовтің «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» және «Сын сапары» атты кітаптарын бір оқып шығу керек тәрізді. Профессор Т. Кәкішевтің: «Сынның негізгі мақсаттарының бірі – ажарсыз бен келіссізді мінеу емес, ең алдымен, адамның жан дүниесін, талап-талғамын әсемдік пен сұлулыққа ізгілікке тәрбиелеу»,-деген ойымен толығымен келісуге болады.

Мөлдір Байтұрсынова: – Шалқар айтқандай, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің  «Сын сапары» кітабында  «Әдеби сын арналары», «Баспасөз және сынның тууы»,  «Жазба әдебиет және сын»  сияқты  басты тараулары бар. Өз заманның саяси-әлеуметтік мәселелері жайында талай толғанған  Шоқан, Ыбырай, Абай көркем әдебиет туралы көптеген соны ойлар мен тың пікірлер айтқан екен. Ұлы ағартушы-демократтар қазақтың сыншылық ойын оятып, құнарлы аңызға асыл дәндер екті. Міне, сондықтан көркем  сөзге эстетикалық талап қою, оған тиісті баға беру, мүмкін қадірінше насихаттау, ұғындыру, түсіндіру мақсатымен жазылған, айтылған ой-пікірлерді – қазақ әдебиет сынының  туа бастауы деп таныған жөн.

Бибіжан Сұлтан:  – Сөз әдебін айрықша қадағалап, үлкен-кішінің дуалы ауызынан шыққан әрбір сөздің мағынасына үңіле білген қазақ халқы үшін айтылар сын мен тағылар міннің орны ерекше. Әсіресе, әдебиет әлемінде сүрінбеген саңлақтардың  көркем шығармасына қарата айтылатын сын өткір сөзбен жазған-сызғаныңды орақшытып аларлықтай болғандықтан, айтылған сынды  жете  түсініп, авторды  содан қорытынды шығаруға асықтырады. Қай кезеңде болмасын, аталған ауыр жанрдың пұшпайынан ұстап, туралығын тіке айтатын қаламгерлер табылған. Оны бағзы замандардағы шешен, билердің әділетті әмірлігінен аңғаруға болады. Ал, негізгі әдеби сынды өмірге қазақ баспасөзі әкелді десек артық емес. Оған дәлел – алғашқы баспасөз баспалдақтарының бірі болып қаланған «Түркістан уәллаятның газеті» мен «Дала уәллаятының газетінде» жарияланған алғашқы сыни мақалалар мен пікірлерін жазып қалдырған сол кездегі зиялы қауым өкілдері. Атақты орыс ақыны А.С. Пушкин әдеби сын төңірегінде былай деген екен: «Әдеби сын – өнер мен әдебиет шығармаларындағы әдемілік пен кемшілікті ашатын ғылым».  Мен бұл пікірді барынша құптаймын.

Есентемір Қуанышбек: – Расымен де, сын көне заманда туғанымен, ол көп уақыт авторлардың көркем шығарманы ұнатуы немесе ұнатпауы дәрежесінен аса алмаған. Әдебиеттің жанрлары жіктеліп, өркен жая бастаған сайын әдеби сынының мақсаты мен міндеті де күшейе түскен. Сыншылдық ой-пікірдің туу, өркендеу тарихы әр кезеңде, әр әдебиетте әр қилы болды. Қазақ әдебиетінің көркемдік мәселелерін танып-білуде әдеби сынның өзіндік орны бар. Қазір әдеби сынға қатысты біршама еңбектер бар. Бұнда сынның тарихы ғылыми тұрғыда сараланды, жеке қаламгерлердің сыншылық қызметтері зерттелді.

Римма Жақсылықбаева: – Сын тек кемшіліктерді айтумен ғана өрістемейді, ол әдебиеттің даму заңдылықтарын, ақын-жазушылардың шығармашылық өсу жолдарын, аса күрделі көркем шығармаларды жан-жақты тексеріп, кеңінен ашып көрсету арқылы да өзінің дамығандығын танытады. Жазушы мен сыншы шындықты жазып қана емес, күнделікті өмірде  өмір шындығын айтып та қорғауға тиіс. Белгілі сыншы Сағат Әшімбаев: «Шындығында да өнерге, шындыққа және әділдікке өліп, өшкен сүйіспеншілік жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ екен. Өмірде шындық үшін күресе білмейтін адам, өнерде шындықты айтуды мұрат тұта бермесе керек»,-деп орынды пікір қалдырған екен. Қалай ойлайсыздар, қазіргі әдеби сынның деңгейі қандай?

Айжан Бүркітбаева:  – Кезінде белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Әдебиет сынмен көркейеді. Бәйгеге қосатын атты жаратып, құйрық жалын сүзіп жіберсе, көрікті болып, жұтынып шығады. Әдебиетке де сондай күтім, сондай сын керек. Әсіресе, әдебиетті сынау біз сықылды жұртқа керек, өйткені, бізде әлі жөнді әдебиет жоқ, бар болса балапан, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, әдебиетті тәрбиелей, мәпелей білсек, біздің де ақындарымыз, жазушыларымыз санатқа қосылады», - деген пікірі бүгінгі қоғам әдебиетіне де дөп келіп тұрғандай сезіледі.

Райхан Балтай:   Сынның негізгі мақсаттарының бастысы – кемістік пен икемсізге сөз тигізу емес, алдымен, адамның қабілетін, қауқарын байқап, ішкі дүниесі мен сыртқы тұрпатын, адамгершілігі мен ізгілігін, еңбегі мен еш кетпес өнерін бағалап, талабына тірек болар пікір айту. Бүгінде әдеби сын бұрынғыдай көркем туындының тек кемшілігін айтып, ұнамаған тұстарын ғана жеткізуді көздемейді. Қазіргі сын шығармаға эстетикалық баға беріп, өмір шындығын терең ойлы, мәнді саралауды қажет етеді. Әр ғасырдың айтулы жазушылары көркем шығарма мен ақиық ақындары өлең жазып, өз дәуірінің  мәселесін қозғап, сол кезеңнің маңызды оқиғалырынан хабардар етсе, сын да соған сәйкес заман талабына сай болуы қажет. Әдеби сын оқырманға дұрыс жолға бағдар берер ақылшы да, дұрыс таңдау жасауда тура жол көрсетер көмекші де бола білуі қажет.

Әсел Серік: Сын – қаламгердің қанатын қатайтып, шығармаларын шыңдайтын үлкен шығармашылық сабақ. Қазіргі уақытта сын ауылына соқпай кеткен қалам иесінің шығармашылық қазанының бір қайнауы жетпей жататындай көрінеді. Сыншы екенмін деп, анаған бір, мынаған бір орынсыз сын айту да, меніңше, үлкен қателік деп есептеймін. Дегенмен, сынды орынды қолданған дұрыс. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», - демекші, сын айтушылар қазір өте көп. Қазіргі қоғам арзан күлкіге әбден үйреніп қалған тәрізді. Көгілдір экранды қосып қалсаңыз, әзіл-ысқақ театрлары қыдықтап күлдіретіні рас. Әзілдерін тыңдасаңыз, өскелең ұрпаққа берер тәрбиесінен гөрі, керісінше ұят дүниелерді жиі көрсетіп жатады.

Арайлым Әбенова:  Сын дегеніміз – белгілі әдеби шығарманың жетістіктері мен кемшіліктері хақындағы пікірлер. Cын атқарар маңызды міндеттің бірі – үгітшілік, насихатшылық. Кезінде орыс сыншысы В.Г.Белинский: «Сын күдікке жақын»,- десе, публицист С.Сәдуақасов: «Қазақ әдебиетіне толық сын керек. Сынағаннан әдебиет ақсамайды, қайта сынның жоқтығынан әдебиетті тот басады», - деп орынды ой қалдырған екен. Демек, сын – өмір шындығын көркем шығарма тұрғыдан бағалайтын, әдебиетке дұрыс бағыт сілтеп отыратын шығармашылық сала.

Римма Жақсылықбаева: – Сынның ежелден өзіне тән табиғи ерекшелігі – батылдық, әділдік, күрескерлік қасиетінің кемуі үлкен мін болып табылады. Шындықтың бетіне тура қарап сөйлеу қашан да оңай болмаған. Мұндай іске халық, қоғам, әдебиет мүддесін бәрінен де жоғары қоя білетін, өзін ақиқат жолында қызмет етуге әзірлеген, бұл жолда кездесетін қиындық, кедергіге мойымайтын жандар ғана белді бекем буып, білек түрініп кіріспек. Сыншы мақала жазарда: «Менің осы пікіріме пәленшекем қалай қарар екен?», - деп алдын-ала есеп ойлап, сақтық жасап, аса қажетті жайларды бадырайтып көрініп тұрған міндеттерді аттап өтуге дағдыланса, ол сыншы емес. Сыншы әдеби жүйені сырттай бақылаушы емес, әдебиет көшін байсалды, байыпты бағыттаушы санаткер санындағы қалам иесі десек, қазақ сыншыларынан кімді білесіздер? Қазіргі қазақ әдеби сынында көрініп жүрген сыншыларға көзқарастарыңыз қандай?

Динара МұратқызыЖазба әдебиеттегі сын көрінісі: Әуезов, Сейфуллин, Ысмайылов, Мұқановтардың алғашқы мақалалары, М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», А. Байтұрсыновтың «Маса» жинағы, Мағжан поэзиясы әдеби сынды ілгері дамытып, сыни ойдың қарлығаштары атанды. 40-жылдардың соңына қарай БКП(б) ОК мен ҚКОК ұлтшылдыққа бағытталған қаулыда әдеби сынға қатысты айтылды. Т. Жароковтың «Зиянды кітап», «Есеп пе, есек пе?», Т. Нұртазиннің «Жаңылыс қадам, жалған бағыт», С.Төлешевтің «Қазақ әдебиетін зерттеудегі елеулі қателіктер мен кемшіліктерді батыл және тез жояйық», С. Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов өткендегі қателіктерінің шырмауында» әдеби  сын қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдықты әшкерелеуге кірісті. Бұдан әдебиеттегі сынның саясат шырмауынағы әсерін көруге болады. Әдеби шығармаларды сынай отырып, ондағы ұлтшылдық мәселесіне халықтың назарын аудару анық байқалады. 1960-70 жылдары әдеби сынның өзіндік ерекшелігі болды. Партиялық принципке негізделген социализм әдісінің күшеюі. Сын жанрында халықтық негіздің іске асырылуы, кәсіби деңгейі жоғары сыншылар тобы қалыптасты.

Жанерке Ахмет: Қазақ әдебиеті сынының қазіргі жадау, жарлы қалпын жедел өзгертіп, тыныс-тірші­лі­гін толық түзеп, бүгінгі бостан заманымыздың биік талап-тілегіне сай қуат-деңгейге жеткізуіміз қажет.  Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішұлы, Шериаздан Елеукенов тәрізді абыз ақсақал­дары­мыз, Төкен Ибрагимов, Дандай Ысқақов, Бекен Ыбырайымов, Құлбек Ергөбек, Қансейіт Әбдезұлы, Тұрсынжан Шапай, Әлия Бөпежанова, Аманкелді Кеңшілікұлы секілді аға буын, орта толқынның талантты сарбаздары – анда-санда жазса да, сап­та-қатарда.

Десек те, бұлардың дені ғылымға ауысып, қазіргі сынның үлкен міндет-жүктерін қайыспай көтеріп жатпағаны өз алдына, басты әлеуметтік-әдебиеттік себеп – жаңа заманның жаңа, жалынды өз сыншылары, жаңа қайратты көшбасы Мұқа­мет­жан Қаратаевтары болуға тиістілігінде. Өйткені, тәуелсіздікті бастан өткерген жиырма жылымызда – 1990 жылдары қыруар қиындық, дағдарыс-тоқ­тау, тіпті тоқырау орын алғанмен, жаңа ХХІ ғасыр ба­сынан өмірімізде, соған қоса өнерімізде жаңа өрлеу, өркендеу басталғаны белгілі. Ақындарымыз Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Сәкен Иманасов, Жұматай Жақыпбаев, Жарасқан Әбдірашев, Кең­шілік Мырзабеков, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Жәркен Бөдеш, Ұлықбек Есдәулет, Иран-Ғайып, Исраил Са­парбай, Күләш Ахметова, Несіпбек Айтұлы, Ға­лым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Бауыржан Жақып, Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан, про­зашыла­рымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұма­ділов, Дүкенбай Досжан, Оразбек Сәрсенбай, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеұлы, Берік Шаханұлы, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәу­тайұлы, Дидахмет Әшімханов, Тұрысбек Сәукетаев, Жолтай Әлмаш­ұлы, Нұрғожа Ораз, тағы бас­қалар, драматургтеріміз Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Баққожа Мұқай, Сұлтанәлі Балғабаев, Роза Мұқанова, Серік Асылбеков, т.б. жаңа дастан-жырлары, роман-по­вестері, әңгімелері мен пьесалары – осының ай­ғағы. «Соңғы парыз», «Жармақ», «Дарабоз», «Ақ­боз үй», «Шеңбер», «Құса», «Қасірет пен құдірет», «Құ­­ра­лай­­дың салқыны», «Көк түріктер сарыны», «ХХ ға­сыр­дың жиырма сәті», «Құбылыс», «Тобылғы жар­ған», «Бәйтерек», «Наурызбай», «Ұлы мен ұры», «Мен іш­­пеген у бар ма?», «Актриса», «Сыған серенадасы», «Империядағы кеш», т.б. тамаша туындылар мен тә­­уел­сіздік тынысын көрсеткен алуан дүниелер ла­йықты талданып-танылып, өз бағасын алды.

Шалқар АбыловаСын – обьекті, сыншы – субьекті деуге де болады. Кезінде Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Айқын Нұрқатов, Қалжан Нұрмаханов, Мәлік Ғабдуллин, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғали, Сағат Әшімбаев, Төлеген Тоқбергенов сынды сыншылар баспасөз саласында да, әдебиет пен театрда да, жалпы қоғамда қызу пікірталастар туғызды.  Бертін келе, Бақыт Сарбалаев, Құлбек Ергөбеков, Бекен Ыбырайымов т.с.с. есімдер қазақтың әдеби сынының дамуына өзіндік үлестерін қосты. Меніңше, бұл заманда да «сын» бар, «сыншы» көп. Қандай әдебиеттер жазылсын, не кинокартиналар шықсын, отандық өнім көбейсін, театрлар дамысын, бәрі-бәріне арнайы сыншылар қырағы көзбен қарап, жақсы мен жаманын айырып, болашақтарына сабақ болатын дүниелерді қозғап жүр.

Айнұр Шалғынбаева: Шалқар дұрыс пікір білдіріп отырсың. Әр заманның өзіне тән сыншысы болады.  Мәселен, Ш. Елеукенов, З.Серікқалиев, Х. Садықов, К.Керейқұлов, С. Жұмабеков, А. Нағметов, Т.Мәмесейітов, Б. Майтанов, Б.Ыбырайымов, Қ. Ергөбеков, Б. Сарбалаев т.б. сыншылар қазақ әдеби сынында көркемдік ізденістердің молаюын талдап, көрсетуде білімділік танытты. Бұл сыншылар күнделікті баспасөз бетіндегі сын мақалаларымен әдеби сынымыздың дамуы мен тереңдеуіне ойлы пікір қосып жүрген авторлардың санының көбеюіне мұрындық болды.

Құралай Башанова: Әділ сын әдебиеттің дұрыс дамуына үлкен септігін тигізетін нәрсе. Ал сынды жазу өте ауыр. Сыншы болу, сын жазу, көркем дүниені ой елегінен өткізіп сынау және әділ сынау оңай дүние емес. Ол үлкен білімділікті, ғылыми танымды қажет етеді. Сыншы, ең алдымен, жіліктеп талдап, майдан қылшық суырғандай етіп аса шеберлікпен сараптай білу қажет. Сонымен қатар, шығарманы салыстыра отырып, талқылаудан өткізу. Өткенмен салыстыру, шетел әдебиетімен салыстыру арқылы оның артықшылықтары мен кемшін кеткен тұстарын анықтау. Кәсіби сыншының қаламгерлік мінезі осындай. Сыншы жазушыдан гөрі таланттырақ болуы, интеллект жағынан да биік тұруы шарт. Қазір бізде әдеби сын бар. Сол сында қалам тартып жүрген Бақыт Сарбалаевты, Әлия Бөпежанованы, Амангелді Кеңшілікұлын, Мырзан Кенжебайды, Аманхан Әлімді қазақ оқырманы жақсы біледі деп ойлаймын.

Перизат Ортай:  – Сын – шығарманың көрсеткіші. Бүкіл қасиетін жіліктеп, жетістік, кемшілігін саралайды. Автор қабылдай алса, қисығын түзетіп, кеселді тұстан арылатын жол іздейді. Сынды қабылдап үйрену ләзім.

Бүгінгі күні әдеби сын әдебиет сахнасынан жоғалып кетті деп айта алмаймыз. Бүгінде Бақыт Сарбалаев, Әлия Бөпежанова, Амангелді Кеңшілікұлы сынды мықты  сыншыларымыздың баспасөз беттеріндегі жазбаларын іздеп, оқып жүремін.

Айнұр Әбішева: Перизат ойың өте орынды. Шындығында да, сыншы– жеке шығармашылық иесі. Ешқандай университетте «ақын» деген мамандықтың оқы­тылмайтыны сияқты, «сыншы» деген де ма­мандық жоқ. Сыншы болу үшін ізденіс, таным, әдебиетті жетік білуі, сосын, әрине, шабыт керек. Сыншының білімі, яғни әдебиетті тануы неғұрлым көп болған сайын, сыншы шығарманы кеңірек зерттей алады.

Сұлуфан Самат: Дұрыс айтасыңдар, негізі сынды барлық адам қабылдай алады. Орнымен кекетпей, мұқатпай айтқан сынды, неге қабылдамасқа. Сынның өзі жаман адамды жақсы жолға салар, жол көрсетер ақылшы десек те болады. Бір адамға немесе шығармаға сын айту арқылы ғана сол адамды немесе шығарманың қатесін жөндеп, келесіде қайталамайтындай етеуге әбден болады. Тек айтылған сынды түсіне біу керек. 

Римма Жақсылықбаева:  – Әдеби сын жанрының дамуына бірден-бір мұрындық болатын әрі оған мүмкіндігі мол әдеби басылымдар – «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақ әдебиеті». Кезінде белгілі сыншы Мұхамеджан Қаратаев: «Сын жанрын дамыту сыншы атаулының ғана міндеті емес, оған бүкіл әдеби қауым, әсіресе, тәжірибелі жазушылар да атсалысуы қажет», - десе, әйгілі орыс сыншысы В.Г. Белинский: «Сын – журналдың азуы», - деп, баспасөздің әдеби сын алдындағы пәрменділігін айқындай түседі. Демек, жазушы мен сыншы еңбегінің ауыр салмағын таразылайтын әдеби басылымдар қашанда шындықтың көкжиегін айқындай түсуі қажет. Осыған сіздердің пікірлеріңіз қандай?

Әдия Қайыржанова: Бүгінде баспасөз беттерінде әдеби сын жанры жоғалған жоқ. Көбіне «Қазақ әдебиеті» газетінде көрініс табады. Мәселен, осы газеттің «Ардың ісі»  айдарында жарық көрген сыншы Шериаздан Елеукеновтің, Маржан Әбіштің, Ардақ Әлімбетованың сыни мақалаларының өзектілігі мен проблемалылығы басым. Әсіресе, «Қазақ оқырманы қашан қалыптасады?», «Балалар әдебиетінде кімдер жазып жүр?» тақырыбындағы сыни әрі проблемалық мақалалар оқырманның көңілін бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын.

Еңлік Ерғалиқызы: Осыдан біраз жыл бұрын «Жалын» баспасынан жарық көрген жас қаламгерлердің кітаптары сынға алынып отыратын жақсы үрдіс болған еді. Жас қаламгерлерге сабақ болар ондай сындарды бүгінде өте сирек кездестіріп жатамыз. Өкінішке қарай, қазір ондай үрдіс жоқ, ұйымдастырылмайды. Бүгінгідей қоғамда сынды ұйымдастырмаса, ол жазылмай қалуы мүмкін. Сондықтан сын жанрын жариялауды тек «Қазақ әдебиетінің» мойнына іліп қана қоймай, әдебиетке жаны ашитын басқа да басылымдарда жарияланып тұрса игі еді. Бұл – бір жағынан қаламгердің өзінің кем-кетігін танып, білуіне сабақ. Екіншіден, оның шығармасына PR жарнама болар еді.

Күнту Арынбек: – Жақында кітапханадан «Лениншіл жас» газетінде  (1 қараша 1986 жыл) (қазіргі «Жас Алаш») жарық көрген «Жол мұраты – жету» деген тақырыпта берілген белгілі журналист, сол тұстағы газеттің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов пен жазушы Шыңғыс Айтматов арасында болған сұхбатты оқып шықтым. Шыңғыс Айтматов әдеби сыншылар мен оқырмандардың сыны жайлы біршама ой айтқан екен. Бір ауыз сөзін мысалға келтірсем: «Мен сынды әдебиеттің өгей баласы деп есептемеймін. Бұл – әдебиеттің тұтқалы жанры. Сын – әдебиеттің бір қанаты. Егер сын болмаса, көркем шығармаға баға беру қиын. Мыңдаған оқырмандар бар. Бірі түсінеді, бірі түсінбейді. Бірі қабылдайды, бірі қабылдамайды. Олардың талғамына, мәдениетіне, көзқарасына бағыт беретін, сол арқылы оларды тәрбиелейтін асылы – әдеби сын болса керек. Егер сын мықты болса, білімді және адал болса ол жазушыға үлкен көмек береді, тәрбиелейді. Біз өзіміз байқамаған нәрселерді көрсетеді. Бірақ өкінішке орай әдеби сында да ортақолдық немесе белгілі шығарманы талқылауда саяздық, өре жетпеушілік бар. Маған сындардың жаныма батып жатқан жерлері жоқ, мақтаса да желденіп ұшып кетпеймін. Шығармаларым туралы жазылған сынның бәрін барынша салқынқандылықпен қабылдауға тырысамын». Бұл сол тұстағы күллі қаламгерлер ойын көрсететін ұтымды пікір деп қабылдадым. Бас редактор ретінде Сейдахмет Бердіқұловтың да сол кездегі әдеби сынның жай-күйіне алаңдағанын: «Қазіргі әдеби сында білімділік, біліктілік, сырбаздық жетпейді. Сынау үшін сынау, мақтау үшін мақтау орын алып бара жатқан секілді. Сында жалаңқабаттық, таяздық бой көрсеткенде жақсының құны қашады, жаманның «беделі»  асады. Бұл бір бітпес жау, бітпейтін дау болып тұр»,-деген ойынан байқаймыз. Жастар басылымында жарияланған сыр сұхбатта көтерілген мәселелер менің көкейімде біразға дейін жүріп алды. Бүгінгі баспасөзден осындай сарабдал ойлар мен соны пікірлерді көбірек көргіміз келеді.

Абылайхан Өмірбаев: –  Жалпы, қазіргі таңда, әдеби сын өз көрінісін тауып жүрген үш басылым бар деп нық сеніммен айтуға болады. Олар – «Қазақ әдебиеті» газеті және «Жалын», «Жұлдыз» журналдары. Құдайға шүкір, әдеби сын жоқ емес. Баспасөздегі әдеби сын қаптап кетпесе де, өз орнын тауып, басылым беттеріне жарияланып жүр. Осының өзі қуантады. Сол себепті бұрынғы кеңес заманындағы әдеби сынға қарағанда бүгінгі күнгі сын әлдеқайда деңгейі жақсы, сұранысы мол деуге болады.

Арғымақ аттай шауып бара жатқан заманда әдеби сынның жоғалмай, жойылмай тұрғанына бір ғана себеп бар. Ол – әдеби сын жайлы толғайтын, әдеби сынды жазатын қаламгерлердің болуы. Солардың бірі – Айгүл Ісмақова. Сыншының «Жұлдыз» журналының осы жылғы қаңтар айындағы нөмерінде жарық көрген «Қазақтың ұлы көшін суреттеген роман» атты әдеби сыны керемет жазылған деуге болады. Себебі, сыншы халыққа есімі аса белгілі емес қаламгермен таныстыра отырып, оның «Ұлы көш» атты романын әдеби сын тұрғысынан талдап, саралап, оқырманға мән-маңызын түсіндіре кеткен. Оған мына сөздері де дәлел бола алады: «Қазақ тарихында күні бүгін арнайы зерттелмей келе жатқан бөтен жерге кетуге мәжбүр болған қазақтың тағдыры романда жан-жақты, шынайы суреттелген. Ж. Аймауытов «Ақбілек» романында бейнелеген тарихи қасіретті оқиғалар бұл романда жан-жақты дамытылған. Романдағы жас күшігін аузына тістеп көшке ілескен сұр қаншық бейнесі де ұтымды бейнеленген. Бұл бейне қазақтың сол кездегі басына түскен қасіреттің символы деуге әбден болады. Күшік өз енесін талап, етін жегені романда метафора ретінде меңзелген. Т.Рыскелдиев романда кейіпкерлердің диалогы арқылы тарихи мағлұматтарды ретімен қамтып отырады».  Сыншы қарапайым оқырман байқай бермейтін көптеген тұстарын аңғара білген. Теңеу, метафора қай жерде қалай қолданылғанын да дұрыс анықтай білген. Бұл – нағыз сыншыға тән қасиет деуге болады. Осының барлығы оның шеберлігін көрсетеді.

Арапат Сәруар: – Қазір біз сынды кітаптан емес, баспасөз беттерінен көптеп кездестіреміз. Қателіктер баршылық. Ең басты мәселе – білімділік жағының әлсіреп тұрғаны сияқты. Өйткені, барлық нәрсе білімге келіп тіреледі. Бірақ осы қателіктерді сыни тұрғыда қағаз бетіне ешкім түсіргісі келмейді. Сын жазған адамға ешкім қаражат төлемейді, бір жағынан жазған дүниеге сын білдіру үшін, сол жазушыдан екі есе білімді болуың керек. Нақтылық пен білімділік осы тұста қатты сезіледі.

Мейірім Бақытжанова: Сынның негізгі өмірі – баспасөзде. Баспасөз бар жерде әдеби сын да бар. Сынның дамуы баспасөздің дамуымен тікелей байланысты. Баспасөз жоқ кезде шын мәніндегі сын да болмайды. Баспасөз – сынның өмір сүру формасы, даму арнасы. Әдеби сын газет-журналдар бетінде көрініп, өмір сүреді десек, сонымен бірге, журналистиканың мүмкіндіктерін де молынан пайдаланатындығы көрінеді. Сын мен журналистиканың мақсаты да ұқсас: қоғамдық өміріміздің түрлі салаларында болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде халыққа жеткізіп отыру журналистика үшін басты мұрат болса, әдеби өмірдегі елеулі нышандарды насихаттап отыру – сынның да негізгі міндеті.

Римма Жақсылықбаева:  – Сынның төркіні ақиқатқа жету үшін болатын пікірталасы екендігін мойындасақ, әдебиеттің өсуі де көбінесе сынның дәрежесіне, батылдығына әдебиеттің қаншалықты қанына сіңіп, дәстүріне айналуына байланысты. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1963 жылғы 13 қыркүйекте жарияланған қаламгер Б. Уахатовтың «Сын бар, бірақ өткір емес» атты мақаласында: «...Әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымының өзінде не шықты, не қойды дегенді есепке алып, библиографиялық көрсеткіш жасайтын уақыт жетті. Қазір ғылымдық ойдың ілгері кеткендігі соншалық, тіпті мұның өзін жоғары оқу орындарында жеке пән етіп оқыту керек», - деген ұсыныс жасады. Орынды айтылған десекте, кейбіреулер: «Сыншылдық институт бітіргенде дипломмен бірге мемлекеттік комиссия беретін арнаулы мамандық емес, бұл ақындық, жазушылық сияқты өнерге, талантқа, дарынға байланысты нәрсе»,-деген қарама-қайшы ой білдіріп жатты. Қалай ойлайсыздар, сынның өрісін кеңейту үшін қандай шешуші қадамдар бар? 

Еркебұлан Бекқалиұлы:  Барлық нәрсені сынның астына алатын бір адам тамаша бір картинаны көрген кезде оны да жарытпай сынаған екен. Сөйтсе қасындағы жолдасы:  «Сен өзің осындай тамаша өнерді жасай алар ма едің?»,- деп сұрапты. Сонда ол: «Менің қолымнан жұмыртқа жасау келмейді. Бірақ, жұмыртқаның бұзылып-бұзылмағандығын ажырата аламын»,- деген екен. Қазір біздегі сын деп аталып жүрген дүниелердің көпшілігі – рецензия. Белгілі бір қалыптан аса алмайды. Шығарманы талдау болуы мүмкін, бірақ нақты әдеби тұрғыдағы кемшіліктерді көрсету жоқ.

Ақмоншақ Жорабай:  – Меніңше, қазіргі баспасөзде әдеби сын көп жазыла бермейді. Сын бойындағы кінәраттарды жою үшін бірнеше түбегейлі шараларды жүзеге асырған жөн деп айтар едік. Бірінші, сынға мән беретіндей, сыншыны қыспаққа түсірмейтіндей әдеби атмосфера жасау шарт. Екінші, сыншы еңбегін әдебиеттің басқа жанрымен тең бағалау қажет. Бұл қиын жанрға жастардың белсене араласпауы – эстетикалық талап пен талғамның жетіспеушілігінен емес, сыншылық еңбектің дұрыс қадірленбеуінен.

Жасұлан Наурызалиев: – Шыны керек бүгінгі баспасөзде сыннан көрі мадақтау сарыны басым. Көптеген кітаптардың тұсауы кесіліп жатады, соларды сынап жатқан ешкімді көрмедім де, естімедім де. Мен қателесетін шығармын (ылайым солай болғай) мүмкін, бірін-бірі оқымағасын оған сын да айтылмайтын шығар?

Динара Мұратқызы: – Әлі күнге лайықты шешімін таба алмай келе жатқан мәселенің бірі – сын мақалалардың жинақтарын басып шығару жайы. Әдетте, сын мақалалар кітабының баспа жүзін көруіне тоқсан тоғыз кедергі кездеседі. Бізде күні бүгінге дейін әдебиет сынына жеткілікті көңіл бөлінбей келгенін осының өзі-ақ айқын дәлелдейді.

Омарғазина Фариза: Сын – әдебиеттің шарайнасы, ақылшысы, жолбастаушы пірі. Қазақ көркем сынының бүгіні туралы алаңдап, ертеңі жайлы толғанумыз қажет. Өйткені, өткеннің тағдырлы жолы мен тәлімді мектебі – бүгінгінің негізі, болашақтың бағдары.                                                                                                                                        

Римма Жақсылықбаева:  – Кітап – рухани байлық көзі. Бүгінде жастардың басым көпшілігі әдеби кітап оқудан гөрі, интернетке көбірек үйір болып алғаны жасырын емес. Соңғы оқыған кітаптарың туралы қандай пікір айтар едіңіздер?

Айзат Жолдасова: Кітап – сенің жаныңмен үндесе алатын жалғыз құрал. Кітап оқығанда өз басым, кейіпкерлерін, желісін сезінгім келеді. Сондықтан да, үздік авторлардың кітабын оқуға тырысамын. Шетел авторларынан соңғы оқығаным Николас Спаркстің «Тихая гавань» кітабы. Керемет шығарма. Автордың бір кітаптың ішіне осыншама идеяны қалай сыйдырғанына әлі күнге таң қаламын. Кітапта тірі мен өлінің арасындағы үйлесім суреттелген. Мәні: шын жүрегіңмен қалаған нәрсе, қайткен күнде де орындалады. Тек шыдам керек. Николас Спаркстің әр кітабы өмір сүруге деген құштарлығыңды арттырады.

Қазақ авторларынан соңғы оқығаным жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жыры». Мен көбіне махаббат хикаялары туралы жазылған шығармаларды оқығанды жақсы көремін. «Махаббат қызық мол жылдардың» авторының, өзінің махаббат дастанын суреттеген кітабы екен. Әсерлі, мағыналы әрі өмірлік кеңестер тізбектелген туынды.    

Күнту Арынбек:  Мен қазір жазушы Оралхан Бөкейдің екі томдық шығармалар жинағындағы «Атаукере», «Қасқыр ұлыған түнде» еңбектерін оқып жатырмын. Оралхан шығармаларының биік шыңы болып табылатын бұл туындылар оқырманға ой салатыны анық.

«Атаукере» шығармасында Алтай тауының етегінде болған оқиғаларды суреттейді. Бұл шығарма қазақ даласында қазақты қырғынға ұшыратқан аштық, репрессия кезеңдерінен сұм соғыстан кейінгі кезеңдерді бейнелесе, «Қасқыр ұлыған түнде» Қазақстанның Шығыс өңірінде болған оқиға суреттелген. Алматыда газетте жұмыс жасап жүрген жас журналистің бастан өткізген оқиғасы баяндалады. 

Әдия Қайыржанова:  – Менің соңғы оқыған кітабым – Тәкен Әлімқұловтің «Оң қол» әңгімелер жинағы. Жазушының бір деммен оқылып шығатын мағыналы әңгімелері – жұп-жұмыр, астарын ұққанға азық болар шығарма.  Әр кейіпкердің өзіндік орны бар.    

Жасұлан Наурызалиев: – Мен көбіне тарихи шығармаларды оқығанды құп көремін. Кейінгі шыққан туындылардың ішінде Б.Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» романын ерекше атар едім. Автор басты кейіпкер Шәйі арқылы қазақ халқының қаншама қиын-қыстау кезеңдерден өткенін баяндайды. Осы романды оқып болған соң, қазіргі жазушыларымыздың егеменді ел болғаннан кейінгі кезеңді дәлме-дәл суреттейтін шығармаларын оқығым келді. Әзірге таппадым. Мүмкін жазылып жатқан болар, бірақ қолымызға тимей жатыр.

Ақмоншақ Жорабай: – Мен О. Уайльдтің «Д. Грейдің портреті», О.Бальзактың «Шегірен былғарысын» оқып, әлем әдебиетіне деген қызығушылығым артып жүр.

Райхан Балтабай: Менің соңғы оқыған кітабымның бірі – Мұхтар Мағауинның «Шақан-Шерісі». Қазақ әдебиетінің әйгілі суреткері, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шақан-шері» романы кеңес дәуіріне дейін өзгермей, ерекше мұрамыз ретінде сақталып келген ұлтымыздың өмір сүру салтын байырғы аңыздардың жетегімен айта отырып, Шақан атты кейіпкер арқылы барлық адамзаттық құбылыстарды көрсетеді. Жалғыздық, адам қасіреті деген өміршең тақырыпты қаузайтын бұл романның сюжеттік желісі тез баурайды.  Романды оқыған әр адам өзіне өмірлік сабақ, санасына салмақты ой түйері сөзсіз.

Римма Жақсылықбаева: – Әдеби сынға қойылар биік талап ежелден белгілі. Оның көркем әдебиет құбылысындағы жаңалық пен жақсылықты дер кезінде танып көрсетуі, жасанды мен дарынсыз атаулыға қарсы батыл күрес ашуға тиістілігі анық. Бірақ осы талаптың орындалу жолы тіпті де оңай емес. Екінің бірінде сынның өзіне тән, оның қадір-қасиетін көтеретін нышандар табыла бермейді. Бұл пікірді қазір қазақ әдебиеті сынына қатыстыра қолдансақ, бәрінен бұрын, сынның өткірлігі азайып бара жатқандығын айтар едік. Жақсы сын - шабыт шипасы. Сын дегеніміз шаншылау емес – сырласу, айғақтасу емес – әуезе мұңдасу іспетті болып жатса ғанибет қой. Бүгінгі әдеби сын хақындағы ой-пікірлеріңіз қаламгерлердің қанатын қатайтып, шығармаларын шыңдайтын ой тамызық болса деген пікірдеміз.