Bugin

"Серке"-нің "Біздің мақсатымыз" мақаласы

Бұл мақалада елден себепсіз жиналатын салық, шенеуіктердің көзссіз әрекеттері, дін мен дәстүрге қол сұғу, ата-бабамыздан мұра болып қалған жерді Ресей халқына үлестіру, шіркеу салу секілді мәселелер ашық көтерілген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

​«Оян қазақ!» деп ұрандатып, ұйықтап жатқан халықтың жүрегіне өлеңмен серпін беріп, «Маса» болып маза бермей ызыңдап оятуды мақсат тұтқан, ұлт қамын ойлаған, шын жанашыр азамат – Міржақып Дулатов.

Патша өкіметінің қазақ жерінде үстемдік құрған шағында өмір сүрген ол – кең далада мал бағып, бейқам жүрген халқына маза бермеген саяси отаршылдыққа қарсы тұрғандардың бірі. Жастайынан ілім-білімге құмар болып, өз бетінше талпынып орыс тілін жетік меңгерген М. Дулатұлы, қазақ еліне жасалып жатқан қастандықты көріп, үнсіз отыра алмады. 1906 жылы Петербурге барған сапарында көптеген мәселені көкірегіне түйіп, күннен-күнге өз басымдығын көрсетіп келе жатқан Ресей елінің үстемдігіне шыдамай 1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетіне «Біздің мақсатымыз» атты мақала жариялады. ​Бұл мақалада елден себепсіз жиналатын салық, шенеуіктердің көзссіз әрекеттері, дін мен дәстүрге қол сұғу, ата-бабамыздан мұра болып қалған жерді Ресей халқына үлестіру, шіркеу салу секілді мәселелер ашық көтерілген. Автор қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. ​Ащы шындық отаршыл саясаттың көңілінен шықпай, екі нөмірі ғана жарияланған басылымды бірден жауып тастады. Себебі ілім-білімнен хабары жоқ, қарабайыр елдің жаппай ашуын туғызудан, көтерілістен қорыққан еді. Мақаладағы маңызды мәселелер халықтың шымбайына тиіп, ұлт зиялыларын қолдайтын азаматтар қатары көбейетінін түсініп, баспасөзді бұғаттап тастады. ​Мақалада М.Дулатов: - «...Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандарыңыздай ...чиновниктер, урядниктер кедей халықтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып, ойына не келсе соны істеді... Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселесіне де араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...», деп ашып айтып, Ресей бодандығына қарсы шықты. Бұл жолдардың өзінен Ресейдің бодандығы қаншалықты көрініс тауып отырғанын байқауға болады. Отарлау саясаты, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, өнер-біліміне де қол сұғып, жерін тартып алуды мақсат тұтты. Мақаланың демократиялық бағыты да алғашқы жолдардан көрініс табады. «Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық... Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нәрселерге жұмсалады...» деп мақалада М.Дулатұлы демократияның жоғын айтып қынжылады. Өз басымдығын барынша көрсетуге тырысқан Патша үкіметі қазақ жұртын өздеріне тәуелді етуді көздеген болатын. Оған қарсы шыққан ұлт зиялыларының әрекеттері оларға әсте ұнай қойған жоқ.

Дегенмен ел бірлігі мен тұтастығын сақтап қалуды мақсат тұтқан айбынды арыстарымыздың арқасында бүгінгі таңда өз Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Ел іргесі бүтін, Ата заңымыз айшықты, Рәміздеріміз бекітілген, зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі күннің ұрпақтары – көзі ашық, көкірегі ояу, саналы азаматтар. Дегенмен қазіргі таңда журналистер дәл осылай ашық түрде жаза ала ма деген сауал еріксіз туындайды. От ауызды, орақ тілді төртінші билік өкілдері, өкінішке қарай бүгінгі таңда саусақпен санарлық. Бұл – менің жеке пікірім. Теледидарды қоссақ та, газет-журнал оқысақ та, сайттарға көз жүгіртіп өтсем де, бір-бірін қайталау, жаңалық ұрлау, сары жолаққа айналып бара жатқан секілді. Мүмкін, бұл қазіргі таңда халықтың тұрмысы жақсарып, бейбіт өмірде, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүріп жатқанының белгісі болар. Тәуелсіздігіміз тамырын тереңге жайсын! Ата-баларымыздың бастан кешкен қиындықтары қайталанбай, тіл еркіндігі, ұлт азаттығы мәңгі болғай!