Мұрағат

Алғашқы қазақ баспасөзіндегі әдеби сын

Сынның негізгі көрінер арасы – газет пен журнал екені де ақиқат. Сын да әдебиет ісін қоғам алдындағы еңбегімен ұштастыра отырып, оны жеке адамның дүниетанымын қалыптастыру үшін пайдалануға қызмет етеді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты Қазақстанның Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал сияқты кейбір ірі қалаларда патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. «Түркістан уалаятының газеті» Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына 4 рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастады. Газеттің редакторы – Шахмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Ал, бұл басылымның аудармашысы, әрі әдеби қызметкері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Әлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеді.

1879 жылғы 28 нөмірінде парақор қазақ билерін әжуа еткен сықақ әңгіме жарияланған. Әңгімеде екі бидің өзара келісе алмай жанжалдасқаны күлкілі суреттеледі. Олардың бірі «Сен мырза қожадан алған ділдәға мастанып отырсың» десе, екіншісі «Сен жұрттан параны жеп-жеп, аузыңнан шыққан сөзді білмей отырсың» деп ақырында екеуі төбелесе бастайды.

«Дала уәләятының газеті» Омбы қаласында 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін 14 жыл қатарынан жарық көріп тұрған. Орысшасы «Киргизская степная газета» деп аталған. Редакторы әр кезде И.Козлов, К.Михайлов, Г.Абазе деген кісілер қол қойып отырған. Қазақ тіліндегі редакторы Е. Абылайханов, Д. Сұлтанғазиндер болды. Басылым өз қызметін оқырманына кімнің дос, кімнің қас екенін түсіндіруден бастаған десек қателеспейміз. Себебі, іргелі өндіріс орны, заводы, фабрикасы жоқ жағдайда өмір сүру, әсіресе, кедейлерге өте ауыр тигені түсінікті.

1920-30 жылдары әдебиет сынына, баспасөзге белсене араласқан Ғаббас Тоғжанов 1929 жылы шыққан «Әдебиет пен сын мәселелері» атты кітабында: «Бұдан екі-үш жыл бұрын көркем әдебиет жайында бірен-саран адамдар жазатын. Әуезұлы Мұхтар жазатын еді, Аймауытұлы Жүсіпбек жазатын еді. Анда-санда Сәкен мен Нәзір айтысып қоюшы еді. Қазақ оқығандарының ішінде Жүсіпбек, Мұхтарлар – «мұндай оқығандармыз» білімі де бар, қаламы да жүйрік оқығандар, өздері сыншы, өздері ақын. Алғаш әдебиетті тексеріп сын жазғандар осылар», - деп атап көрсетеді.

Қазақ баспасөзі тарихы «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналындағы әлеуметтік, саяси, әдебиет, мәдениет мәселелерін көтеріп, сын талқысына салған айтыс үлгілерінен бастау алған еді.

Өнердің де, ауыз әдебиетінің де даму барысында халықтық эстетиканың алатын орны ерекше. Демек, сөз өнеріне байланысты сыншылдық пікір қатар туды, дамыды. Сынның басты ерекшелігі жазба әдебиетке байланысты. Алайда өз дамуын халық ауыз әдебиетінен алатын, сыншылдық ойдың тууы бұралаңы көп жолдан өтті. «Айқап» журналы 1911 жылдың 19 қаңтарынан 1915 жылдың 28 тамызына дейін шығып тұрған, барлығы 89 саны жарық көрген. Журналда Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Самат Нұржановтардың шығармалары жарияланған. Олардың әдебиетке байланысты сыншылдық пікірлері қазақ әдебиеті сынының қалыптасуына берік қадам, ұтымды шешім болды.

«Сарыарқа» газетінің редакторы Халел Ғаббасұлының «Мемлекет күйі» (1917 ж. №22. 23, 27 қараша, 5 жетоқсан) деп аталатын тарихи, ғылыми, публицистикалық еңбегінен күні бүгінге дейін «ақтаңдақтар» қатарына жатқызылып келген көптеген жайларды ұғынуға болады.

Сәкен Сейфуллин өз кезеңіндегі сын мақалалардың жариялану деңгейін былай атап көрсетеді: «Көркем әдебиетті сынамақ болған мақалалар газеттерде, журналдарда соңғы кездерде көрініп те жүр. Бірақ әр түрлі сын бар. Көркем әдебиетші болудан оның сыншысы болу – қиын. Сын – мін тағу емес... Әрине, өзінің қолынан келмеген іске сырттан қарап тұрып мін тағу – оңай ғана нәрсе. Ол әркімнің қолынан келетін «көк шолақ». Бірақ әдебиетші шығармаларына тіл алғыш ұшқалақ қаламды айдап мін тағу негізгі тексеріспен толық сын берудің арасы – жер мен көктей нәрсе. Ал, нағыз сын жазу қандай қиын болса, сыншыға сын жазу, сын жазғандардың сындарына қорытынды жазу одан да қиын нәрсе. Белинский тәрізді сыншыға толық, дұрыс сын бере алған Г.В. Плеханов тәрізді ғана кісі болған. Әйтпесе талай атақты сыншылар да Белинскийге толық дұрыс сын бере алмаған... Расында, сын көркем әдебиеттің өзінен де сұлу және онан да терең болу керек».

1920 жылғы сындарда, айтыстарда түрлі жіктердің, қоғамдық өмірде экономикалық негізін әлі жоймаған түрлі таптардың салт-саналық салқыны да жоқ емес. Әдебиетке тек сыңаржақ, социологиялық тұрғыдан ғана баға беру, эстетикалық ерекшеліктерін ашпау сияқты кемшіліктер, сөз жоқ, сынның жастық  дәуірін көрсетеді. Алайда, осы тұстағы сындарда көркем шығармалардың саяси өмірімен байланысы, шеберлікке жетілу міндеті түйінді мәселе болып отырды. Мәселен, С. Мұқановтың, Ғ. Тоғжановтың, т.б. сын мақалаларында пролетариат бағыттағы ақын-жазушылардың өмірді білу, білмеуі, жазушылық шеберлікке төселуі, төселмеуі, озық әдебиет үлгілерінен, бұрынғы әдебиеттен үйрену, үйренбеуі нақты тексеріліп, сынға алынды. Мұндай сындардың барлығы да әдебиеттің жаңа сатыға көтеріліп өсуіне, ақын-жазушылардың марқая түсуіне орасан көмекші болды.

Е.Исмаилов: «Бізде аласапыран дауылды күндердің өткінші құйыны сияқты бірін-бірі «сұлатып», «сойып», «соққыға жыға» есеңгіретіп салатын сындар болды», - деп жазады.  1920 жылдың бас кезінде Сәкеннің алғашқы поэзиялық шығармаларына қатты сындар болды. Сәкеннің от арбаны, техниканы, жұмысшыны жырлауы ауылдағы қазақ үшін әлі ерте деген пікірлерді алға тартты. Сәкен мұндай біржақты сынды көтере де білді.

1920 жылдардың бас кезінде Сәкеннің алғашқы поэзиялық шығармаларына қатты сындар болды. Сындар бір жағынан буржуазияшыл эстет ақындар тарапынан шабуыл жасау түрінде болса, екінші түрдегі сындар сол буржуазияшыл әдебиетшілердің ықпалындағы адамдар тарапынан болып отырды. Мұндай сындар Сәкен поэзиясының әртүрлі кемшіліктерін өңін айналдыра көрсетіп, ең маңызды идеялық мазмұнын, әсіресе, социалистік революцияны жырлаған өршіл мотивін жоққа шығарғысы келді. Сәкен мұндай біржақты сындардаған абыржыған жоқ, қайта «Аққудың айрылуы», «Көкшетау» сияқты тамаша поэмалар жазумен жаңа шығармашылық биікке өрледі. Оның ақындық талантының өрісіне шек келтірушілердің аузына құм құйылды. 

1925 жылы С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» шықты. Мұның өзі ол кезде прозадағы бір ғана тұңғыш көлемді шығарма еді. Бұл жөнінде «Еңбекші қазақ» газетінің жарнамасында: «Бұл кітап сыртқы түріне қарағанда бұл күнге шейін қазақша шыққан кітаптардың ең көрнектісі. Мұндай кітапқа сын жазушы біреу емес, әлденеше кісі болуы мүмкін. Кітаптың бұл материалы келешек тарихшыға аса қымбат болуында дау жоқ. Бұл жағынан Сәкен жолдастың еңбегі қымбат екен...»,- деп жазылған екен. 1935 жылы әдебиетке енді келген жас белсенділер Майлин мен Жансүгіровті «жолбике» деп атады, «Құлагер» поэмасына да мін тағылды.

Дала демократиясына бейім болып келген қазақ халқы «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген тұжырымды жақсы ұстанған. Кезінде Абай шәкірттерін жиып алып, соның ішіндегі талабы асқан Көкбайға: "Мына жазғы ауылды суреттеп өлең жазшы”, - дейді. Алайда шәкірт Көкбайдың жазған өлеңіне көңілі толмай әбден сынайды да, өзінің “Жаз” атты өлеңін жазып, сол арада оқып береді. Рас, Көкбай ақын Абайға ренжіп, біразға дейін маңайлағысы келмей жүрді. Дегенмен, Абай сынады екен деп ақындық әлемінен қолын бір сілтеп кете берген жоқ, қайта ізденіп, намысқа тырысып, талантын талаптандыра түсті.

Мұнан біз қазақ халқының бұрыннан қалыптасқан сынының арқасында кейбір көркем дүниелер пайда болып, ел игілігіне жарағанын аңғарамыз. Ендеше демократиялы қоғамды сыни пікірлерден аластатып елестету мүмкін емес. Демократия болған жерде сөз бостандығы, сөз бостандығы болған жерде сын болады. Бұл – заңды құбылыс. Демек, қазақ мәдениетіндегі сынның айтылуы мен жазылуы деңгейіне қарап бірқатар мәселенің басын ашып алған жөн.