Білім және ғылым
Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерияздан Рүстемұлы Елеукенов әдебиеттану ғылымында іргелі зерттеу еңбектер жазып, әдебиеттің, әдеби сынның көркемдік деңгейін жүйелі саралаған. Оқырман назарына ғалым-ұстаздың сын туралы өрбіткен ой пайымынан бір үзік ұсынуды жөн көрдік.
«Әдебиет адамгершіліктен тұрады. Таланты қанша жалындап тұрғанмен, өз жақсылығы өзінен артылмаса, ондай қаламгерден не игі іс күтуге болады? Әшейін қызыл сөзге үйірліктің, жазу-сызумен көрініп қалатын атағыңды шығарайын деген ниеттің нағыз творчествомен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны белгілі, елім деп еңіреген ер, туған жердің ыстық-суығына араласқан қайраткер керек әдебиетке. «Ақын болмасаң болма!» деген нақыл сөз содан қалған. Суреткер болудың алғы шарты – азамат болу»,- деп жазады (Замандас парасаты).
*** *** ***
«Суреткердің алғырлығы мен көрегендігі, шын қайраткерлігі – өзіне дейінгі жасалғанның бәрін жанығыш етіп шыңдалып, серпіліп, серпілуге қуат тауып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ең озық міндеттеріне сай творчестволық соны жол табуында, өмір шындығына өз көзқарасын тағайындауында болса керек» (Дәуір және дәстүр. Уақыт және қаламгер. 1973).
*** *** ***
«Ойшылдың тереңдігі, ғалымның бірлігі, суретшінің көрегендігі қажет. Жазылмақ тақырыпты егжей-тегжейлі танымақ керек. Ойша түйсіне білу, көңілмен сезіне білу сияқты табиғи қасиеттің өзі өмірді зерттеп тану нәтижесінде өткірлене түспек. Тіпті, жүз рет көріп, бастан кешірген фактінің өзі оны басқа құбылыстармен өзара астас байланыста қарастырған кезде мүлде жаңа қырынан көрінуі, ойламаған жерде таңырқатуы мүмкін. Егер өмірде ұшырасатын бір ғана фактіні әр түрлі тұрғыдан алып тексерсек, болмыстың сан қилы сырын ашар едік», - деп жазады (Зымыран дәуір қаһарманы. 1976).
*** *** ***
«Әдебиет дегеніміз әсемдік дүниесі. Көзіңді қызықтырады, көңіліңді желіктіреді. Бірақ ол құмардан шығаратын ермек емес. Жақсылыққа, ізгілікке, адамгершілікке құмартқызатын өзгеше ғажап дүние. Солай болғандықтан оның бүкіл табиғаты, барша болмысы жамандыққа қас, ол зұлымдықтың қандайына да көнбейді, нақақ жас төгілмесін дейді, адам жүрегіне ар ұяласын,- бақыт мәні, өмір сәні сондай дейді. Сондықтан әдебиет шіркіннің күші де керемет! Оның тиген жерін тіліп түсетін де қасиеті бар» (Адам деп ат қойған соң...).