МӘДЕНИЕТ

Кешегі әйел теңдігі үшін күрес және бүгінгі әйел

С.Торайғыровтың “Қамар сұлу” романы негізінде талдау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дана қазақ халқымыз “әйел деген - гүл” деп, оның қоғамдағы тұлға, жар, ана ретіндегі рөлінің маңызын жеткізген. Қазақтың біртуар ақындары мен жазушыларының да дәл осы әйел образын, әйел тағдыры мен теңдігін бейнелейтін шығармалары өте көп. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар Сұлу» және т.б туындыларда әйел тағдыры мен ерекше болмысы көрсетілген. 

Жанды жабырқатып, көңілді толғандыратын жоғарыда аталған шығармалардың бірі - “Қамар сұлу”. Көлемі жағынан аз, қоғамдағы маңызы жағынан зор роман. Романның идеясы - сұлу Қамар мен бозбала Ахметтің арасындағы махаббат трагедиясымен қатар қоғамда әйелдің адамдық құқығы бұзылып, ескірген әлеуметтік тұрмыс пен салт-дәстүрдің салдарын көрсетеді. Роман Қамар мен Ахметтің бір-біріне деген пәк сезімінен басталып, бұл хикаяға надан Жорға Нұрымның араласуымен өкінішті аяқталады. Бұл романды оқығанда ашуланбайтын, қапа болмайтын, қарлығаштай Қамардың тағдырына налымайтын адам жоқ шығар сірә… Мен бұл туындыны оқи отырып кімдерге қапа болдым? Бес тиын мен мал-мүлік үшін қаршадай қызды сақалы сақсиған сары шалға сатып, надан болған қазағыма қапа болдым! Ақша үшін Қамардай жанның тағдыры ойыншық болғанына ашуландым!Қамардың ойымен ешкім санаспады, оның көз жасына қарамай қор қылды.

Міне, XX ғасырдағы әйел теңдігінің жоқтығын, сонымен қатар көзі ашық қазақтарды “орыс” деп, білімге ұмтылуды жат санайтын, адамды қорлаудан жасқанбайтын қазақтың нағыз бейнесін ашып көрсеткен. Бәрі де “Ұят! Ел не дейді? Жұр не дейдіге” келіп тірелген. Әлі де сондай.

Бұл - біздің арыла алмай жүрген менталитет! Өкінішке орай, қазіргі таңда да Қамардың күйін кешіп жүрген қаншама бақытсыз арулар мен әйелдер бар. Мысалы, күштеп алып қашқан қыздар, өз құқығын қорғай алмаған арулар, зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жүрген әйелдер, бәрі-бәрі сол Қамардың, бақытсыз Жамалдың, Шолпанның кейпінде жүр… Яғни, 100 жыл өтсе де, әйел теңдігі үшін күрес әлі де жалғасуда. Бірақ, бүгіні бұлыңғыр деп айта алмаймын. Себебі, осындай ұлы туындылар мен білім, ғылымның арқасында көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Ер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін заңдар қабылданып, көзі ашық жастардың көбейіп жатқаны қуантады. 

 

Осы романымен қазақ қызының басындағы ауыр халді көрсетіп, әйел теңдігіне ұмтылған Сұлтанмахмұт Торайғыров пен қазіргі таңда қыздардың құқығын қорғау үшін ерен еңбек етіп жүрген жандарға мың алғыс!