Bugin
Патша үкіметінің отарлау саясаты басымдылық ұстап тұрған уақытта, қазақ тіліндегі алғашқы журналдың жылдар бойы үзбей жарық көруі ерлікпен тең.
Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, азаттықтың ақ таңына қадам жасап, соңынан жұртын ергізе білген, бұқара халықты қараңғылық түнегінен шығаруға бар күш-жігерін салған қазақтың маңдайына біткен тұлғасы - Ахмет Байтұрсынұлы. Зиялы өкілінің қаламынан шыққан қай туындысын айтсақ та, түп мақсаты халықты, бірлікке, білімділікке шақыру, көзі ашық көкірегі ояу жас буынды тәрбиелеу, адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді сақтау, әділеттілікті ту етіп көтеру. Ахмет Байтұрсынұлы өз заманның күрделі мәселелерін көтеріп қана қоймай, мәселені өзіндік көзқарас тарапынан талдап, баға беріп, ащы болса да шындықты жеткізуден тайынбаған.
Сыни көзқарастарға толы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ өкпесі» мақаласы жоғарыда айтылған ойыма дәлел бола алады. Мақалада тығырыққа тіреліп, шығар жолын іздеп адасқан, езгіге душар болған қара халықтың шарасыз күйі жайлы сөз қозғалады. Халықтың осыншама аянышты халге түсуіне бір жағынан ресейдің ұстанған қатігез саясаты себеп болды десе, екінші жағынан ескіліктің шырмауынан шыға алмай, жаңа дәуірдің жаңашаланған талаптарына ілесе алмаған халықтың өзінде себепші ретінде қарастырады. Мақалада: “Қазақ басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп хүкіметке өкпеледі. Қазақ жерін қазыналыұ етуге неге көнген деп өткендерге өкпеледі.”- дей отырып қазақтың өзі душар болған күйіне бірде ресейді, енді бірде ата-бабасын кінәлап, артынша кімге кінә тағарын білмей, барлығына өкпелеп жүргендігін айтып ызаланады.
Біз көп жағдайда мәселенің түп тамырына үңілмейміз, сол тамырдан пайда болған проблемаларды талқыға салып өз өкініш ренішімізді білдіреміз. Неге біз қателікті өзімізден емес, өзгелерден іздейміз? Себебі туындаған қателіктерді өзіңнен іздеп үңілгенше, өзгелерден көру, өзгеге кінә арту оңайырақ. Ахмет Байтұрсынұлының мақаласында білдірген күйініші де осы. Қазақтар білім-ғылым іздеп, оқып-тоқудың орнына надандықтың жетегінде жүріп, өз қара басының қамын, күйбелең тіршілігін ойлап жерінің қалай бөтен халықтың қолына өтіп бара жатқандығын, өзге ұлттың ырқына қалай көніп бара жатқандығын аңғармауда. “Жерді жалдау сатудан да тартынбайды. Қазақ облыстарындағы Мұжық қалаларына көбіне хакім қондырған жоқ, қазақ өзі қондырған сықылды шай, қант, шүберекке қызығады. Мұжықты ішіңе кіргізген өзің емес па? Өзің қондырған дұрыс та, хакім қондырса бұрыс па?” - деп қазақтың надандығын, бетіне басып сынайды.
Ресейдің отаршыл саясаты болмағанның өзінде, аталарымыз жерді орыстардың қолына бермегенде, уақыт өте келе бар байлықтан өз надандығымыздың, қараңғылығымыздың есебінен айырып қалушы едік деп ой қорытады. “Жер өзінде болса, қазаққа пайдалы емес, бөле болар еді. Жер өзінде болған естекті көрмей жүрміз бе? Жері көп, малы көп естек көрінбейді ғой. Естекті жұрдай ғып, түбіне жеткен надандық пен жалқаулық.” Халықтың еркіндікке, тәуелсіздікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық шырмауынан босану, надандықтан арылу деп білген.
Мақала қазақ халқын өз күйіне аяныш білдіріп, өзгелерді айыптап босқа уақытын өткізгенше, өзінің өмірі үшін, жері, елі үшін күресуге шақырады. Осы тығырықтан шығар жолдың кілті, күресудің негізгі қаруы білім, ғылым екендігін айта отырып, мақаласы арқылы дұрыс жолды сілтейді.