Сұқбат

«Егіз лебіз» жүргізушісі: Тележурналистика курсын ашу жоспарда бар...

Бүгінгі эфиріміздің жұлдызды қонағы өздеріңе белгілі журналист, тележүргізуші, автор, шоумен, жайдарманшы – Ғалымжан Кеңшілік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Ұлан» газетінен екенімді айтып, ұсыныс тастағанда бірден қуана келісті. Себебі, «Ұлан» Ғалымжан ағаның бала кезден сүйіп оқитын газеті екен. Керемет емес пе, иә? Ендеше танымы мол сұқбатты оқып, өзімізге қажетті өмірлік  кеңестерді  түртіп алайық.

Ұлан: Сәлеметсіз бе, Ғалымжан аға?! Ең алдымен шығармашылық әлеміндегі жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз.

Ғалымжан: Негізі біз журналист болғандықтан аса көп жаңалық бола қоймайды. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық арнасында «Таңшолпан» бағдарламасының тұрақты жүргізушісімін. Негізгі жұмысым тікелей эфирде қалың қазақ елін ұйқыдан ояту. Сонымен қатар, сенбі сайын ұлттық арнада көрсетілетін «Егіз лебіз» жобасының тізгіншісімін, ол да тікелей эфирде өтеді. Ең қызықты болып келе жатқан жаңалық осы деп ойлаймын, себебі сайыс қыза түсуде. Ал «Таңшолпан» бағдарламасы әдеттегідей тың ақпараттар мен қызықты қонақтары арқылы  көрерменді қуантуда.

Ұлан: Журналист болу үшін жоғары оқу орнын аяқтау маңызды ма? Сіз қайда оқу орнында білім алдыңыз? Қандай оқушы болдыңыз?

Ғалымжан: Негізі журналистердің барлығы екіге бөлінеді. Бірі бұл ойыңызды құптайды, ал кейбірі дұрыс санамайды. Мен секілді өзге мамандықта оқып келгендер де бар. Мамандығым жергілікі және мемлекеттік басқару. Ең алдымен колледжде программист мамандығын оқыдым. Шынын айтқанда, журналистикада мен секілді басқа мамандық оқып келген журналистер өте көп. Сондықтан, менің ойымша қатып қалған қағида жоқ. Қызығушылығың мен ынтаң болса, кез келген мамандықты игеріп кете аласың деп ойлаймын.

Ұлан: Өзіңіз айтып өткендей, сізді «Егіз лебіз» бағдарламасынан жиі көріп жүрміз. Бұл бағдарламадан бөлек қандай сахналарда тізгінші болдыңыз? Немесе қай жобада өзіңізді жүргізуші ретінде көргіңіз келеді?

Ғалымжан: Егер қызықты жобалардан ұсыныс түсіп жатса, әрине келісемін. Бірақ, мені көбіне қызықтыратыны тікелей эфирдегі бағдарламалар. Былтыр «Екі жұлдыз» байқауын жүргізген болатынмын, жоба алдын ала түсіріліп алынатын. Бұл жолы «Егіз лебіз» жобасы тікелей эфирде ұсынылып отыр. 

Сондықтан тікелей эфир мен алдын ала эфирге жазылып алған бағдарламаның атфосферасы екі түрлі болады.

Ұлан: Журналистика саласында бала кезден өзіңізге үлгі тұтып келген тұлға болды ма?

Ғалымжан: Жалпы, мынадай өмірлік ұстанымым бар. Менде кумир деген жоқ. Дегенмен де Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт апайларымызды, Нұртілеу ағамызды, Қымбат Хангельдинаны бала кезімізден көріп өстік. Дәл қазір сол аға-апаларымыздың ізін жалғап келе жатырмыз деп ойлаймын. Бір адамды үлгі тұтып, кумир ретінде қалыптастыру менде жоқ екен.  Кез келген адамнан үлгі аламын, мысалы оның жақсы қасиеттерін мейілінше үлгі етіп алуға тырысамын.  Менің принципім осындай.

Ұлан: «Таңшолпан» бағдарламысына кастинг арқылы келдіңіз бе, әлде арнайы шақыртумен бе?

Ғалымжан: Кастинг арқылы келдім. 2016 жылы бағдарламаны бірнеше ай жүргізген болатынмын. Одан кейін былтыр ақпан айында келдім, сол уақыттан бері жүргізіп келе жатырмын. Қай уақытта болмасын, бағдарламаға арнайы шақыртумен  немесе кастинг арқылы келсін, бәрібір алдын ала бір кастингтен өтеді. Сол кастинг  «Таңшолпанда» міндетті түрде болады.

Ұлан: Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз? Қандай жанрдағы кітаптарды оқыған  көбірек ұнайды?

Ғалымжан: Соңғы рет Ли Чайлдың шытырман оқиғаға толы кітабын оқыдым. Расымен де маған детектив, фантастика  жанрдағы кітаптар көбірек ұнайды. Соңғы кезде трендтегі өзін-өзі дамытуға бағытталған бизнес  кітаптардың аудио нұсқаларын тыңдап жүремін. Не де болса кітап оқуды тоқтатпау керек деп ойлаймын. Бұрынғы кездері жазылған «Самура без меча» деген кітап бар. Авторы жапон жазушысы Китами Масао. Нағыз мотивациялық кітап! Онда өмірдегі адамның болған оқиғасы жазылған. Базарда әркімнің аяқ киімін тазалап күн көріп жүрген кейіпкер, ең соңында императордың көмекшісі болып шығады. Осы кітапты оқырмандарға  оқуға кеңес берер едім.

Ұлан: Келесі сұрағымыз қоғамда өзекті түрде талқыланып келе жатқан сауал деп айтсақ қателеспеспіз. Журналист пен блогердің негізгі айырмашылықтары қандай? Кез келген журналист блогер бола алады, бірақ кез келген блогер журналист бола алмайды дейді. Осы тұрғыда көзқарасыңыз қандай?

Ғалымжан: Әрине, толықтай келісемін. Ең бірінші рет блогер ұғымын естігенде кез келген адамның  жеке парақшасы бар, өз ойын ашық айта алатын адамдар деп түсіндім. Ал қазір блогер дегеніміз көптің түсінігінде оқырман саны ең көп адамдар секілді. Қазір сондай ұғым қалыптасты. Блогерлердің түрлері болады: саясат пен экономика бағытында жазатын, ойын-сауық ретінде видео түсіретін блогерлер де жетерлік. Ал журналистер аналитикалық пікірін жаза алатын блогер бола алады. Блогерлердің журналист болуы қиындау нәрсе. Блогер болу-бұл заманның ағымы, тренд. Бірақ ішің ашитын кездер де болады...  Қаншама миллиондаған оқырманы бар блогерлердің істеген әрекетін қайталап, соңынан еретін адамдар да бар. Алайда, блогерлер өз миссиясын орындауда.

Ұлан: Дәл осы жауабыңызға байланысты оқырманнан сауал келген екен. Қандай  блогерлердің парақшасын жиі қарайсыз?

Ғалымжан: Өзім біраз жыл жайдарман ойнағаннан кейін осы салада танысқан  достарымның парақшасын қараймын. Мейіржан мен Дананың парақшасын көремін. Мейіржан мырзаның  әзілдері ұнайды.

Ұлан: Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кез келген студенттің басты арманы Казмедиаға келіп, «Қазақстан» ұлттық арнасына жұмысқа орналасу.  Жалпы , ұлттық арнаның төрінен көріну үшін болашақ журналист қандай қағидаларды есте ұстаған жөн?

Ғалымжан: Қиындау сұрақ екен. Бастапқыда 2013жылы Елордаға көшіп келгеннен кейін жұмыс бағытым шамалы басқаша болды. Сол кезде Казмедиа ғимаратының алдынан өткен кезде «Ех,  бұл жерде мен де жұмыс істеймін ғой» деп айтқаным әлі есімде. Себебі, Казмедианың түнгі көрінісі де өте әдемі болатын. Оған дейін Қызылорданың жергілікті арнасында жұмыс істеген болатынмын, Елордада «Жетінші арна», одан кейін «Қазақстан» ұлттық арнасы, арасында «Хабар» арнасын жүргіздім. Ең бастысы, сынбау керек. Себебі, журналистер өте көп, сондықтан бұл салада бәсекелестіктің де болуы заңдылық.  Барлығына дайын болу керек. Әрқашан еңбектену керек.

Ұлан: Болашақта жас тілшілерді даярлайтын журналистика мектебін ашу жоспарыңызда бар ма?

Ғалымжан: Жақында Еуразия Ұлттық Университетінің студенттерімен ZOOM-да онлайн шеберлік сабағы өткен болатын. Еліміздің басқа да университеттерінен  студенттер қосылған болатын. Сол кездесу мені шабыттандырды. Жан-жақтан ұсыныстар келіп түсті.  Елорданың өнер орталығында тележурналистика курсын ашу жоспарда бар. Әрине, бәрі жақсы болса, мені тыңдағысы келетін оқушылар болса тәжірибеммен бөлісуге дайынмын. Ең бастысы оқушыларға ұнаса жобаны ары қарай дамыту ойда бар.

Ұлан: Дәстүрлі сұрақтарымыздың бірі: түсірілім алаңында бастан өткерген ең қызықты, есте қалған оқиға есіңізде ме?

Ғалымжан: Бізде мұндай қызықты оқиғалар жиі болады. (күлді) Әріптесім Данияр  Есен ағамыз түсірілім алаңында велосипед айдап декорацияға, яғни студияға кіріп кеткені бар. Ол кезде тікелей эфир болатын.  Қаншама көрермендер қарап отыр. Сөзді ұмытып қалу секілді оқиғалар да болған. Бірақ, мұндай ситуацияларда сөзімізді әрі қарай өз ойымызбен жалғастырып алып кетуге тырысымыз.

Ұлан: Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Ғалымжан: Бос уақытта отбасыма көңіл бөлуге тырысамын. Ең бастысы спортпен щұғылдану. Тележүргізуші болғаннан кейін денсаулықа жақсы мән беру керек. Үнемі формада жүру керек.

Ұлан: Келешекте сізді кино саласынан көруіміз мүмкін бе?

Ғалымжан: Шыны керек, бұл жайында нақты айта алмаймын. Себебі, менің актерлық шеберлігім аса қатты керемет емес. Өз басым актерларды өте қатты сыйлаймын. Бала кезінен актер боламын деп армандайды, төрт жыл бойы академияда оқиды, сосын әрбір рөлге таласады. Рөлді маңдай терімен алып, үлкен қажырлықпен ойнап шығады. Бәсекелестік ол жерде де көп, мен ол салаға араласпай-ақ қояйын. Онсызда өз мамандарының хас шеберлері бар деп ойлаймын.

Ұлан: Оқырмандардан келген сауал: журналистика саласында жүргеніңізге неше жыл болды?

Бұл салада жүргеніме сегіз жыл болыпты.

Ұлан: Эфирді тамашалап отырған көрермендерге және «Ұлан» газетінің оқырмандары мен жас тілшілеріне айтар жылы лебізіңіз...

Ғалымжан: Баршаңызға алғысымды білдіремін! «Ұлан» газетінің ұжымына айтар алғысым шексіз! Себебі, кішкентай кезімнен бастап осы басылымның оқырманы болатынмын. Ал қазір бұл газетке сұқбат беріп отырғаныма өте қатты қуаныштымын. Газет оқуды ешқашан тоқтатпаңыздар! Ал ұжымға тек қана шығармашылық табыстар тілеймін!

 

Алтынай Бауыржанқызы

«Ұланның» жас тілшісі