Bugin
Қытай өзін жақсы жағынан көрсеткісі келгенімен, бет-бейнесі бәрібір ашылып қалды
Қытай үкіметінің әлемдікке бұқаралық ақпарат құралдарымен іргелі жұмыс жасауы мен қытай БАҚ-тарының жемісті еңбек етуінің арқасында Аспан асты елінің халықаралық беделі біршама көтерілген еді. Алайда Шыңжаңдағы геноцид пен оңтүстік-шығыс Азияда жасаған зұлымдықтары, Уханьнан шыққан коронавирус Қытайдың абыройын айрандай төкті.
АҚШ-тың Ұлттық демократиялық қоры (NED) "Қытайдың ғаламдық медиа ізі: Авторитарлы билікке қарсы демократиялық бастама" атты баяндама әзірлеп, Пекиннің сандық платформа арқылы әлемге жағымды имиджі қалыптастыруға тырысқан әрекетінен түк шықпады деп баға берді.
Баяндама авторлары атап өткендей, Қытай әлемдік державаға айналу үшін барынша өзін жақсы қырынан көрсетерлік жаңалық пен оқиғаны жариялап, БАҚ-пен қоян-қолтық жұмыс істеді. Басында қытайдың бұл идеологиясы жақсы нәтиже көрсетті. Әлемнің қытайға деген көзқарасы жақсарып, оны жек көрушілер азайғандай болды.
Алайда бәрін пандемия құртты. Оған дейін Қытай барынша жасыруға тырысқанымен, Шыңжаңдағы мұсылман халықтарды езіп-шаншығанын, түзету лагерін салғанын әлем бәрібір біліп қойды. Гонконг көтерілісін де басып-шаншып, азаматттық құқықты аяққа таптағанын бүкіл әлем көрді. Ақыр соңында Қытайдан коронавирус тарап, дүниежүзі пандемияға тап болды.
"Қытай билігі өз ішінде болып жатқан жағдайды сыртқа шығарғысы келмейді. Нақтырақ айтсақ, сыртқа шығармай ауыздықтауға тырысады. Зорлық-зомбылық, адамгершілікке жат әрекет жасалуда. Алайда цензура мен өтірік ақпарат, көпе-көрінеу пропаганда арқылы қытай жуып-шаймақ. Тіпті, қытай халықаралық аренада сын айтқысы келгендердің өзін тұншықтырғысы келеді. Оларға күш қолданып, агрессия көрсетуде. Өзіне қарсы келген ұйымдармен ат кекілін үзіп, Twitter мен Facebook сынды халықаралық әлеуметтік желілерді бұғаттап тастаған", - деп жазады баяндамада.
Аталмыш қор жүргізген сауалнамаға сүйенсек, басында Қытай мен оның басшысы Си Цзиньпинге деген әлем азаматтарының көзқарасы жағымды болған. Көбі Қытайды "жақсы мемлекет" ретінде таныған. Алайда кейінгі кезде Қытай жайлы негативті ақпарат тарап, халықтың көзі ашылған сәтте, ҚХР-на деген ашу-ыза артты.
"Әлем жұрты Қытай таратқан ақпарат пен шынайы оқиғаның арасы жер мен көктей екенін ұқты. Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары жүрдек пойыз, панда, Си Цзиньпиннің айтқаны, "Бір белдеу, бір жол" сынды имиджік мақалалар арқылы Қытайдың жағымды бет-бейнесін жасауға тырысқанымен, Гонконгтегі көтеріліс, студенттік белсенді қозғалыс мен мұсылмандарды басып-шаншуы жайлы ақпарат оның басып кетті", - деп жазылған баяндамада.