Инновация

Қазақ ғалымы зағип жандарға көмектесетін әлемдік құрылғы ойлап тапты

Sezual жобасы көзі көрмейтін адамдарға жаңғырық локациясы арқылы жүріп-тұруына көмектеседі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда зағип жандарға арналған инновациялық стартап іске қосылды. Стартап атауы қазақтың "сезу" және "ал" сөздерінен құралған.

Аппараттың жұмыс принципі көзі көрмесе де қараңғыда ұшып, жемтігін аулайтын жарқанаттың қабілетіне ұқсас. Яғни аппараттан шыққан сигнал кедергі мен қабырғаға соғылып, кері қайтады да, жаңғырық тудырады. Ал жаңғырық - кеңістікте бағдар алуға көмектесетін дыбыс. Табиғатта дәл осындай тәсілді дельфиндер де қолданады.

Sezual стартапы Бүкіләлемдік банктың қолдауымен іске асып отыр. Арнайы дайындықтан өткеннен кейін зағип жандарға беріледі. Sezual дегеніміз - арнайы құрал. Ол мойынға тағылады. Жиілігі жоғары дыбысты 15 метр радиусқа дейін таратады. Таратылған дыбыс айналадағы заттарға соғылып, қайта жаңғырық боп оралады да, зағип жанға үш өлшемді бейнемен көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, ақпарат мидың көруге жауапты қыртысында үш өлшемді бейне түрінде қалыптасады. Қолданушы, тіпті, маңайындағы заттың қандай материалдан жасалғанын да біле алады. Аппарат көру қабілеті бұзылған адамдарға кеңістікте емін-еркін жүріп-тұруға, жұмыс істеуге, саяхаттауға және толыққанды өмір сүруге көмектеседі.

Sezual приборын қазақ ғалымы Ғалымжан Ғадбрешов ойлап тапқан. Өзі де оқыс оқиғадан кейін көзінен айырыла жаздаған екен. Бұл өнертабысына тілін шыртылдату арқылы жаңғырық локациясын тудыру тәсілін ойлап тапқан америкалық Дэниел Киштің мысалы шабыт берген.

Ғалымжан Ғадбрешов стартапын 2017 жылы құрды. Сосын Бүкіләлемдік банк қаржыландыратын Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы арқылы грантқа ие болды. Осы қаржы ғалымның зерттеуін коммерцияландыруға, миллиондаған зағиптың және көзі нашар көретіндердің өмірін өзгерте алатын бірегей технологияны жасауға мүмкіндік берді.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 285 миллион адамның көру қабілеті нашар, ал 39 миллион адам мүлдем көрмейді екен. Осы күнге дейін бірнеше компания көру қабілетін жақсартатын құрылғылар жасап шығарған. Дегенмен ешбірі осы күнге дейін жаңғырық локациясын қолданбаған. Sezual аппараты шағын, алып жүруге ыңғайлы.

Қазақ ғалымының өнертабысын басқа да мақсаттарға қолдануға болады. Мысалы құтқарушылар мен өрт сөндірушілер осы технология арқылы үйдің ішінде немесе қабырғаны арғы жағында адам бар-жоғын біле алар еді. Сөйтіп жеделдікті талап ететін қиын жағдайда адам өмірін құтқаруға болады.

2017 жылдан бері аппарат біраз сынақтан өтіп, зағип адамдарға қолданылған. Қатысушылардың біреуі тіпті велосипед те айдап көрген.

2020 жылы шілдеде Sezual өнертабысы халықаралық патент алды. Ал былтыр желтоқсанда БҰҰ ұйымдастырған конкурс - Бүкіләлемдік саммит марапатының қысқа тізіміне енді. Бұған әлемдегі ең инновациялық цифрлық шешімдер іріктеледі. Осы стартап командасы болашақта әлемдік нарыққа шығуды көздейді.