Мұрағат
Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман
ХХ ғасырдың басы – Қазақ жерін орыс патшалығының отарлық саясаты күшейген кезеңі. Қазақстанның көп бөлігі Ресей меншігіне еніп, қарапайым қазаққа қысым көбейді. Ата-бабаларынан қалған жерін, мал-мүлкін сұраусыз тартып, ойларына келгендерін істеді.
Еліміздің шұрайлы, егінді жерін патша үкіметі тартып алып, меншік етті. Бұл қазақ патриоттарының, жанашыр азаматтарының ашуына тиді. Патша өкіметіне қарсы шығып, бар батылын жинап, ойын білдіріп, ғасыр басында сап түзегендердің бірі – Міржақып Дулатов.
М.Дулатов өзінің "Серке" газетінде жарық көрген "Біздің мақсатымыз" атты мақаласында ойын ашық түрде жеткізіп, Ресей патшалығына халық атынан бар шындығын айтты. Ұлт мүддесі үшін жанын құрбан етуге дайын болды десем де қателеспеспін. М.Дулатовтың бұл мақалада барлық мәселені қамтып, халық күйзелісін жан-тәнімен сезініп жазуға күшін салды.
Менің ойымша, оған өз тағдыры емес, ел тағдыры маңыздырақ болды. Басты мақсаты қайтсем де, шындық пен әділдікке жетеміз деген ой алға жетелегенін байқаймыз.
"Серке" газетінің жабылуына осы мақала түрткі болса керек. Десе де газеттің өмір сүруі тым қысқа болды. Тарихқа берер дерегі мол болмаса да, қалдырған ізі терең деп білемін.
Мақаланың астары – тәуелсіз, дара мемлекет атану, бабаларымыздың бізге мұра етіп қалдырған атамекенімізді қайтару еді. Себебі бұл – біздің жеріміз. Бұл жерде кіндігіміз кесіліп, сүйегіміз көмілген. М.Дулатов қолынан келгенін істеуге тырысты. Қазақ халқының жоғын жоқтап, мүддесін қорғап, ұлттың бірлігін, елдің елдігін, жерінің тұтастығын сақтап қалуға барынша еңбек етті.
Ал қазіргі кезде басымызда тәуелсіз аспан, байрағымыз желбіреп, ән ұранымыз шырқалып жатыр. Бірақ неге қазіргі жастардың көзінде ата-бабамызда болған от көрінбейді? Неліктен жастарымыз қазақ тілін құрметтемей, бізге қорлық көрсеткен орыстың тілін ұстанады? Бұл сұрақ көкейімді тесіп, жадымды қыйнайды. Әрине, көпке топырақ шашқаным емес.
Арамызда елім, жерім дейтін азаматтарымыз аз емес. Сондықтан біздің қолымыздан келгенін барын істеп, тәуелсіздігімізге шүкіршілік етіп, біздің болашағымыз үшін өз жандарын құрбан еткен ата-бабаларымызға рахмет айтудан шаршамауымыз қажет. Өткен күнге шүкір деп, болашаққа жол тарту мына біздің, яғни жастардың міндеті. Себебі бізге үміт артқан үйде ата-анамыздың, көштің басындағы ел басымыздың, қолымызда жатқан еліміздің тағдыры біздің қолымызда деп ойлаймын.