МӘДЕНИЕТ

Бала Жамбыл: Алғыр балапан қыран болады

Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 175 жыл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ең алғашқы студенттік демалысқа шыққаным сол еді, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Бала Жамбыл» повесі қолыма түсті. Қысқы демалысым бекер кетпейтін болды деп кітапты  алуға асықтым.  «Жамбыл толғау» деген атаумен 2016 жылы жарыққа шыққан кітапта «Бала Жамбыл» повесті көш бастап тұр екен. Кітап қолыма тие салысымен, беттерін парақтап «Бала Жамбылдың» шытырманға толы жастық шағына саяхаттауды бастадым.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың Хан-Жамбыл тауының етегінде дүниеге келгенін оқыған едім, бірақ ұлы даланың алып жыршысының жол үстінде дүниеге келгенінен, үлкен көштің ақжолтайы болғанынан бейхабар екем. Ақпанның борандатқан күнінде дүние есігін ашқан Жамбылды алда көптеген қиын сынақтар күтіп тұрғанын сәби Жамбыл да, повесті оқып отырған мен де білмеген едім.

Жамбыл бабамыздың балалық шағында басынан өткен оқиғаларын оқып отырып өзім де толқып  кеткенімді байқамай қалдым. Ашықбай бидің інісі Өтепберген Жамбылды ұрлап кетіп, саудагер Нұраддиннің айласының арқасында өз ортасына оралғанда шешем ұл тапқандай қуанғанымды жасыру мүмкін емес. Повесті оқи отырып, Бала Жамбыл үшін ең қатты қорыққан сәтім жылан шағып алған кез болар.  Шапанын қақса жыр төгілген ұлы жыраудың  бір ғасырға жуық өмір сүргенін ұмытып: «Қап! Баланың біткен жері осы болды-ау! Шыныменде өліп кетер ма екен?!» деп жанымды қоярға жер таппадым. Сондағы нағашы Қанадан атасының  сыйға тартқан үшқат домбырасының үні Жамбылды өлімнен аман сақтап қалғанда таңдай қақтым. «Бұл домбыраның құдіреті ме, әлде бала Жамбылдың рухының мықтылығы ма?» деген сұрақ мені мазалауын қоймады.

«Егер ол кісі кетіп қалса, әкесі тағы да ақ тананың беліне жарбита мінгізіп, қой-қозы бақтырып қоятын шығар. Бұған енді кім күй үйретеді? Қобыз бен домбыраны кезек-кезек жалықпай кім тартады бұған? Түнде кімнің қойнына кіріп ұйықтайды? Атасы болса ертегі айтып, арқасын шор-шор алақанымен сипап жатып, әлдилеп ұйықтатар еді. Қонаққа барса, атының алдына мінгізіп, жанынан екі елі тастамай ертіп алар еді. Қариялар жиналған жер қандай, шіркін! Әңгіме дүкені дүркіреп жүре береді. Шапанының шалғайын жамылып, басын атасының тізесіне қойып тыңдай беретін. Қарттар әңгімесі кілең атақты абыз-билер мен елін жауға бермеген батырлар жөнінде ғой. Ұзын-сонар үзілмес шежіре, тәтті ертегі, аңыз... Атақты Қарасай баба, Төле би, Қабан жырау... Атасын жұрт жан-жақтан қолқалап күй тартқызар еді» деген жолдарды оқып («Жамбыл толғау», 2016 ж.,48б),  Абай үшін Зере, Шоқан үшін Айғанымның маңызы сияқты бала Жамбылдың жүрегінде Қанадан ата үлкен орын алғанына ішім жылып қалды. Шынында, қай тұлғаны алып қарасаңда, оның қалыптасу жолында атасы немесе әжесі үлкен рөл атқаратынын байқауға болады.

Мені қызықтырғаны оқиға желісі Жамбылды қалыптастырушы ретінде бой көрсеткен Бөлтірік шешен, Сүйінбай ақын, Сұраншы батыр, Сарыбай би, Тезек төре сынды көрнекті тарихи тұлғалармен байланысып, кестелі тілмен өрнектеліп жазылғаны. Мысалы, өлеңнің парқын, өнерпаздың өресін танитын Сүйінбай ақын: « Сен енді Жапаның жаман баласы емес, Сүйінбайдан бата алған ақынсың! Көтер басты!» деп көтермелеп қанаттандырса, Сұраншы батыр: «Түптің түбінде бағың жанып, барақатты ғұмыр кешеді екенсің» деп болашағын болжағанына қарап, ерекше қуаныш сезімі бойымды кернеді.

Бөлтірік шешеннің: «Көзінің оты бар көрінеді, бетінен қақпа! Бетінен қақпай өсірсең, байлауды көрмеген тайдай әлі талай думанның жұлдызы, елі қастерлер құндызы болайын деп-ақ тұр» деген ақылына құлақ аспай, қызыл бет молданың қолына апарып табыстаған бала Жамбылдың әкесі Жапаның шешіміне қынжылып, ренжідім.

«Қалайша болайын деп тұрған баланың бетінен қағуға болады?!  Ұшуға ұмтылып қанатын жаймақ болған балапанның қанатын кесіп тастағаны қалай? Біреу-міреу емес, Бөлтірік шешеннің өзі бетінен қақпа деген жоқ па?!» деген сансыз сұрақтар зығырданымды қайнатқаны рас. Бірақ соңында баласының жолына тұрмай, оны қолдағанына, әкелік мейірім-махаббатына тәнті болып, іштей құрмет білдірдім. Өмірдің сан түрлі соқпақ жолынан өтіп, өз бетінен таймай, діттеген мақсатына жеткен бала Жамбыл үшін шын тілеулес болдым.

Жамбылдың «Сорлы Нияз аға, сізді де алпыс айламен қақпанға түсірген екен-ау. Бұлқынып шығар қауқарың жоқ енді» деген сөзінен ақылы  мен байқампаздығы маған ұнады.

Нұраддин саудагердің кезінде Ашықбай биге: «Жамбылды жол-жөнекей адасып жүрген жерінен тауып алдым дей саламын. Бұл енді қатерлі өлімге бас тігу ғой түсінсеңіз. Сіз үшін ғана барайын деп отырмын нартауекел» деп бидің бар гауһар-жауһарларын сыпырып алып, былай шыққанда: «Бұл баланы Ашықбай деген атақты бидің ауылынан алып келе жатырмын, зынданда ұстамақ болып күпініп отыр екен» деп өтірікті соққандағы саудагердің әккілігін ешкім байқамағанына, ауыл адамдарының осыншалық аңғалдығына таңданған едім.

Кейін жекжат болып, сыйласқанын оқып: «Бұл айлакер саудагердің беті ашылатын күн бар ма өзі?! Қалайша бауырына басқан, жекжат көрген адамы шұбар жылан екені байқамайды?» деп қатты налыдым.  Алайда ылдым-жылдым қимылдайтын Нұраддин саудагердің Ниязды қолтықтап, құлағына әлденені  сыбырлап ертіп әкетіп бара жатқанын байқап қалып, саудагердің қара ниетін сөзсіз түсінген Жамбылдың аңғарымпаздығына көңілім толып, жайланып қалдым.

Бала Жамбылдың алғырлығын, арманына қол жеткізбей қоймайтын талпынысын, батылдығын, зеректігін, жігерлілігін өзіме үлгі еттім. Бұрынырақ осындай тарихи, тау тұлғаны жеткілікті түрде танымағыныма ішім ашып, қатты ұялдым. Ұяла тұра, Жамбыл бабамыздың әдеби бейнесін өзіндік өрнектерімей өрнектей білетін жазушы барына қуанып, шүкіршілік еттім!

Тарих сахнасында өзіндік орны бар аса көрнекті тұлғалардың толымды бейнесін санам мен жүрегімде қалыптастырған елімізде кеңінен танылған жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының жазу шеберлігіне тәнті болып, басымды идім.  Егер осындай тамаша туынды қолыма түспегенінде,бәлкім, Жамбыл бабамыз жайлы білімім оқулықта жазылған мәліметтермен шектеліп қалар ма еді, кім білсін...

Жамбылдай өлең-сөздің дүлдүлі бар дана халқымыз қандай бақытты! Ол кісілердің ұрпағы-біздер де бабалар аманатына қиянат жасамай, олардың арман-мақсатын аяқ-асты етпеуіміз керек деп санаймын.

Повесттен алған әсерім көп. Көкірек сайрап тұр. Егер бұл повесттің әр тарауынан алған әсерімді кестелеп жазсам, бір кітап болар ма еді...