МӘДЕНИЕТ
Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Талап жоқ, үміт мол халықпыз
Қапияда өткізген істердің өкінішінен туған «Айқап» газетінің тарих сахнасына шыққанына биыл 110 жыл. Қазақтың мүддесін көздейтін, оның жоғын жоқтайтын, халқымызға рухани азық бола білген журналда аянбай еңбек еткендердің бірі-Ахмет Байтұрсынұлы. «Айқаптың» алғашқы санында қазақтың «қара қазандай» өкпесін айтып, қалам тербеткен Ахмет Байтұрсынұлының мақаласын сөзге тиек етейік.
«Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады» деп басталған мақалада автор қазақтың «әркімге, әрнәрсеге, өткен-кеткенге» ренжіп, басқа түскен нәубеттің түп төркінін таба алмай дал болған халықтың жағдайын ойлап күйінеді. Осылайша А.Байтұрсынұлы қазақтың осыншама өкпесінің жөні бар-жоғын анықтамақ ниетте, сол кезеңдегі мәселенің түп тамырын қазып, ашып айтып береді.
«Қазақтың өкпесі» мақаласының айшықты мәні неде? А.Байтұрсынұлы қандай мәселелерді алға тартты? Әуелі, «Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан» деген пікірдің өзі қазақтың кертартпалығы мен надандығын бетіне былшитып басқандай. Басқа ел іші бүтінделіп, өнер-ғылымды үйренсе, біздің қазақ ішінара жау болып, берекесі кетіп, іші түтін болып жатқандығын ашына жазады. Автордың айтуынша, орыстарға жерді беріп қойған қазақтың өзі көрінеді. Береке-бірлігі қашып, халқы бытырағанда ханның өзі амал-айласы таусылып, халқымен Ресейдің қанатына кіргендігін айтады. Патша үкіметінің қанатының астына итермелеген хан емес, ұлттың бойындағы сордың үлкені-күндестік, бірін- бірі көре алмау, етектен тарту, пыш-пыш халқымызды сан рет орға жығып, өртке қамаған алауыздық екенін тіке жеткізеді.
Екіншіден, А.Байтұрсынұлы «Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік» дей келе, қазақтың әлі де болса мәселенің байыбына бармай жатып ренжитініне қапа болады. Қазақтың жері қазыналық болмаған жағдайдағы болашағын естек жұртымен тікелей байланыстырады. Малы мен жері бар болса да, өздері көрінбейтін естек жұртының түбіне жеткен-надандық пен жалқаулық. Қит етсе: « біздің қазақ-жалқау халық»- деп ақтала кететін жұрттың сол естектен қай жері кем? Осылайша, жер қазыналық болғандығы ғана ұлтарақтай жерді сақтап тұрғандығын, «басқаша жағдайда жерді естек жұрты сияқты «шай, шүберек, шекердей» болмашы дүниеге сатып кетпесіне не ғайбыл?» екендігін айтып, автор оқырманды ойландырып қояды.
Үшіншіден, қазақтың жерін пайдаланып отырған мұжықтарға алып берген патша үкіметі емес, қазақтың өзі берген көрінеді. Естектер сықылды болмашы дүниеге көзі тоймай, жер жалдап, мұжықтарды іші бауырына кіргізген қазақтың жөнсіз өкпесіне ызаланып, налиды. «Өзің қондырсаң, дұрыс та, какім қондырса, бұрыс па?» деп халықты бір сөгіп алады. Осы ретте, ойыма «Біреудің басындағы шоқты көргенше, өз басыңдағы боқты көр» деген халық мақалы бірден есіме түсті. Соңына қарай, «Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз. Үмітіміздің көбі қошқар... қасқырдың үміті сықылды: өзім жатсам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз» деген жолдар автордың көкірегінде қыж-қыж қайнап жатқан ащы запырандай зары болып сезілгендей.
Мақала соңында, қазақтың білім мен ғылымға ұмтылмайтынын, ащы да болса шындық екенін растайды. Халық ағартушысы Ы.Алтынсариннің: «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды, Айшылық ашық жерлерден, көзді ашып жұмғанша, Тездетіп хабар алғызды» деген өлең жолдары А.Байтұрсынұлының білімге бет бұрып, ғылымы дамыған елдерге қызығатынын айтып тұрғандай. Менің ойымша, көшпелі қазақ жұртының жаңаша даму жолына аса мән бермегендігіне қазақтың Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен кінәсі мен патша үкіметінің қитұрқы, озбыр саясаты себеп болды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Қазақтың өкпесі» өз заманының өзекті мәселені көтере білген құнды мақала. Ахмет Байтұрсынұлының бұл мақаласын қарап «патша үкіметінің сойылын соққан» деп айыптау қате пікір болмақ. Жалпы, А.Байтұрсынұлының қай мақаласын алып қарасақ та, елі мен жеріне, халқына жаны ашитындығын, нағыз ұлтжандылығын байқаймыз. Араға бір ғасырдан аса уақыт салып орындалған арман ұзағынан сүйіндірсін деп тілейміз!