Сұқбат
Сөзі райлының – жүзі шырайлы
Әл-Фараби атамыздың түсінігінде, ұстаз да – қала басшысы сияқты ел жетекшісі, халық қадірлісі. Медресе балаларды оқытып, тәрбиелесе, қала бастығы олардың ата-анасына өнеге көрсетеді, халықты ізгі қасиеттерге баулиды. Олай болса, мұның екеуі де "сегіз қырлы, бір сырлы" қай жағынан болса да, барша халықтан көш ілгері тұрған кісілер.
Сондықтан бұл екеуіне де мынадай 12 түрлі қасиет сәтті қабысып келсе нұр үстіне нұр болар еді:
1. Тәні ерекше жетілген, түрлі іс-әрекетті нәтижелі етіп орындауға ыңғайлы бейім болуы;
2. Нені болса да жақсы айырып, тез тұжырымға келе алатын;
3. Өзінің сезгенін көріп, білгенін есіне жақсы сақтай алатын;
4. Көреген ойлы, талғампаз, ақылды адам болуы;
5. Ойын анық, дәл бере алатын, көркем сөйлей алатын шешен;
6. Ілім-білімді, оқу-ғылымды жан тәнімен, ұңғыл-шұңғылын ақыл-ой жұмысының үлкен бейнетін тек ләззат санайтын адам;
7. Қайда жүрсе де өте ұстамды;
8. Өтірік-өсекті, мылжыңдықты жек көріп, шындықты, әділдікті бар ынтасымен сүйе білу;
9. Өр кеуделі, жан мен арын бірдей кіршіксіз ұстайтын адам;
10. Мал-мүліккке, дүние-жиһазға, мәнсіз ұсақ тіршілікке қызықпау;
11. Табиғатынан әділ, шынайы, шыншыл;
12. Басқаға дау, өзіне де қиянат қыңыр-қиқар болмай, әркез шешімге келе алатын байсалдығы мен батылдығы қатар жүре алатын, қорқыныш пен үрейге жол бермейтін адам.
«Тамаша! Солай емес пе? Ал осы тамашаның 12-і бірдей қасиеті менің бүгінгі бас кейіпкерімнің бойында тұнып тұр!» десем сенесіз бе? Ендеше ұстаздық жолды өз өмірінің бір бөлшегіне айналдырған, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті, гуманитарлық педагогикалық институты, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты, Сарышова Күлдірсін апайыммен сұхбаттасқан болатынмын. Сол сұхбаттан....
Қайырлы күн! Сәлем – сөздің анасы. Сәлеметсіз бе, ардақты ұстазым! Детекивті проза авторларының ішіндегі ең танымал жазушы Агата Кристи өзінің бір нақыл сөзінде «бұл өмірдегі ең үлкен бақытыңыз – бақытты балалық шағыңыз» деген екен. Осы орайда сіздің балалық шағыңыз қалай болды сол туралы әңгіме өрбітсек.
- Әңгімемді ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзімен бастағым келеді.
Сәлеметсің бе, қымбаттым!
Бақыт деген сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз да ойнап-күлгенің. –
Әрбір жанның ұмытылмас, өшпес, тәтті естеліктерінің бәрі осы балалық шақта болады. Бұл бір қайта оралғың келсе де есігін қайтара ашпайтын, періштедей пәк кездер ғой.
Сүт пісірген қазан түбіндегі қаспақты таласып-тармасып жеп алып, айран пісіп тұрған анашымның күбісіне жармасатыным, қыстың күні кішкене конькиімді аяғыма іліп алып, сиыр саууға бара жатқан апатайымның шапанының етегінен ұстап сырғанай жөнелетінім, қозы-лаққа бөтелкеден сүт беретінім, озат оқушы ретінде дружина советінің председателіне (осылай орысша аталатын) рапорт беріп тұрғанда жүрегімнің лүпілдеп кететіні – бәрі-бәрі кешегі күндей есімде.
Арамдық, қулық-сұмдық, тіпті мынау өмір туралы да бас ауыртып жатпайсың. Бар ойың даладағы ойында, анашыңның дайындаған ыстық бауырсағында, әкеңнің балам деп маңдайыңнан сипап еркелетуінде... Мен бақытты бала болып өстім.
Ғалымдардың зерттеуінше есім адамның тағдырына, болмысына оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі. Маған қызығы сіздің есіміңіз. Санаулы есімдердің қатарына кіреді. Есіміңіздің ырым-тыйымға қатысы бар ма?
- Көп балалы отбасынан шыққанмын. Отбасымызда ұл бала болмағандықтан әке-шешеміздің «құдай күлдіріп, бізге де ұл берсе екен» деген арманынан туған есім ғой. Дегенмен, менен кейін туылған тоғызыншы перзенті де қыз бала болыпты. Адам армандаудан жалықпау керек, қазір шүкір, сол 9 қыздан өсіп-өнген балаларымыздың арасында ұл балалар баршылық.
«Туған жердің ауасы да шипа, Туған жердің жуасы да тәтті» деп жатады ғой, осы туған жер сізге несімен ыстық, несімен қымбат?
- Дұрыс айтасыз, туған жердің ауасы да шипа екені рас. Мен Қазалы ауданының Бозкөл ауылында дүниеге келгенмін. Біреулер «нағыз экологияның ортасы ғой» дер. Жо-жоқ, тіпті де олай емес. «Тәрбие ауылдың іргесінен басталады» демеуші ма еді!? Адами қасиеттен ауытқымаған дала баласы ақсақалдары мен аналарына қарап өседі. Әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі көнермеген Бозкөл ауылы – оқымысты ғалымдар, ақындар, танымал журналистер шыққан қарапайым жандарға толы қызырлы өңір.
Оның дәлелі – ел танитын азаматтар осы ауылдың тумалары. Есімде қалғандарын атап айтсам: Социалистік Еңбек Ері К.Әлимаев, өздеріңіз танитын ғылым докторлары, профессор Ж.Сәдуақасұлы, Ж.Өтесінов, А.Шәріпов. Денсаулық сақтау ісінің үздіктері: профессор Ж.Абылайұлы, А.Әбдібаев, Т.Әбдіқадыров, О.Сейтжанова, Б.Сарышова, мәжіліс депутаты Б.Смағұл, Білім беру ісінің үздіктері: А.Егеубаев, Ш.Алтынбаев, Т.Сейтжанова, О.Қанатбаев, К.Сексенбаева т.б. «Кіндік қаны тамған туған жерге маңдай тер де таму керек» деген ұстанымдағы өз елімнің патриотымын. Олай болса, туған жерім осындай бауырмал адамдарымен ыстық, ұмытылмас тарихымен қымбат деп ойлаймын.
Бәріміз білеміз, ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау. Ал осы ұстаз болуды несімен қаладыңыз?
- Әрине, ұстаздық жолды таңдау оңай шаруа емес, оның артында қанша еңбек жатыр. Соған қарамастан мен өз білгенімді келесі бір тұлғаның білуіне ат салысқым келді. Жастайымнан осы қалыпта машықтандым. «Ұстаз ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын бар ынтасымен атқара білуі керек» деп В. Маяковский айтқандай елі үшін, жері үшін келешектің тізгінін ұстар білімді де тәрибелі, саналы да салмақты жанды қалыптастыру міндетім деп біліп, осы жолға өз қалауыммен келдім және бұған өкінбеймін. Студенттер қауымымен араласқан сайын, олардың білгісі келіп тұратын құштарлығын ұққан сайын шабыттанып отырамын, іздене түсемін.
Арман – жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ, бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ. Алға қойған арман-мақсаттарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
- Иә, армансыз адам, қанатсыз құспен тең дейді ғой. Осы уақытқа дейін біршама армандарым орындалды, шүкір! Дегенмен, армандауын тоқтатқан күні адам ойлап, дамуын да тоқтатады. Сондықтан менің әр күнім армандауға толы. Ол, бір жай ғана арман емес, мақсаты қойылған арман. Соның бірі де бірегейі – өз дәреже биігімде самғап, ана тілімді ерекше дәріптеп, сана көгінде сапалы біліммен сусындаған шәкірттерді тәрбиелеу.
«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген Абай атамыз. Сіз кімдердің шәкірті болдыңыз?
- Мен 1981-1986 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінде оқыдым. Х.Сүйіншәлиев, Б.Шалабаев, З.Қабдолов, Қ.Мырзалиев, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев, С.Ордалиев, Р.Бердібаев, С.Садырбаев, сол кездегі орта буын өкілдері А.Қыраубаева, З.Бейсенғалиев, Ж.Дәдебаев-сынды әдебиеттану әлемінде өз қолтаңбаларын қалдырған ірі ғалымдар мен сөздің дыбыстық құрамы мен мағынасын, шығу тегін, грамматикалық құрылымы мен синтаксистік қызметін саралай талдайтын М.Томанов, Х.Есенов, Б.Сағындықов, Т.Сайрамбаев, С.Мырзабеков, Ж.Түймебаев сияқты тілші ғалымдардың оқыған дәрістерін санамызға құйып шыңдалғанмын.
Кейін оқу бітіріп, оқытушылықпен қатар ғылым жолын таңдағанымда ғылымдағы бағытымды нұсқап, кеңес берген ғылыми жетекшім, кеше ғана 70 жасқа толып, ел құрметіне бөленіп отырған ф.ғ.д., профессор Г.Н.Смағұлованы ерекше құрметпен атағым келеді. Ұлт мәдениетінің көне мифологиялық санасы мен наным-сенімінен бастау алып, бүгінгі қоғамдық инновациялық өзгерістерге дейінге кезеңдегі халықтың қарабайыр және дәстүрлі дүниетанымынан мол ақпарат беретін фразеологизмдерді зерттеуіме мұрындық болған да осы кісі.
Біз білмейтін Күлдірсін апайдың қандай қырлары бар?
- Сіз білмейтін Күлдірсін ән айтады, би билейді, қысқа әңгіме, эссе жазумен айналысады. Көп адам ойлауы мүмкін, тек қана оқу-тоқуменен ғана шұғылданады деп, алайда менің жан дүнием позитивке толы. Әрбір дүниені жылдам үйреніп аламын, қиындық тудырған жағдайда, болмайды мынау, -деп тастай салмай, соңына жеткенше тоқтамайтын қайтпас қайсарлығым тағы бар.
Құстар қанатымен, адамдар достарымен мықты. Сыйласатын достарыңыз кімдер?
Достыққа үлкен мән беремін. Жолаушы дос емес, нағыз қияметте қол соза алатын адал достықты бағалаймын. Олардың қатарында студент кезден бір-бірімізді жарты сөзден ұғатын досым – қызымның кіндік шешесі – Елбасы мұражайының көрмелерді ұйымдастыру қызметінің басшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Н.А.Шырынбаева, Канн фестивалінің бас жүлдегері, белгілі кинорежиссер, жерлесіміз Ж.Жетіруов, ф.ғ.д., профессор А.О.Тымболова, ф.ғ.к., Жетісу университетінің доценті Г.Т.Сырлыбаева, бәріңіздің сүйікті ұстаздарыңыз Г.Ж.Баялиева бар.
Әдебиетші, қазақ тілінің маманысыз өз жаныңыздан шыққан шығармалар, өлеңдер бар ма?
Өлең жазбаймын, бірақ өлеңге шын ғашық адаммын. Естелік-эссе жазамын.
Жаңашылдыққа жаны құмар жансыз. Қазіргі таңда елде болып жатқан оқиғаға байланысты оқу үдерісі сізге кедергісін тигізіп жатқан жоқ па? Бұл «онлайн» оқыту жүйесінің қандай артықшылығы не кемшілігі бар?
Жаңалыққа жаным құмар екені рас, бір жаңалықты естісем, соны меңгеріп алмайынша тыным таппаймын. Үйренгенімді, ұққанымды өзгеге үйретуге асығамын. Ақпараттық заманның ағыны білім берудің жаңа жүйесін алып келді. Ол – қашықтан оқыту немесе онлайн білім беру. Бұл студент пен оқытушының аудиторияда емес виртуалды әлемде жолығуы. Жай ғана жолығып қоймай, білім беру заңдылықтарын сақтай отырып ақпарат алмасуы. Сол ақпараттарды қандай платформада жүзеге асырасыз десеңіз, университеттің оқу үдерісінде негізгі оқыту форматы «Платонус» ақпараттық жүйесі ғой. Баста осы жүйеде чат дәрістер мен практикалық, БАОӨЖ сабақтарын өткізсек, кейінірек оқу үдерісін сапалы да тиімді ұйымдастыру, түрлі ақпараттармен алмасу үшін ZOOM, Google Classroom.com., Telegram ақпараттық платформаларында жұмыс жасап келеміз. Шалғай елді мекендерде тұратын студенттермен электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы және Ватсап әлеуметтік желісі арқылы да байланысып отырмыз. Ал тест тапсырмаларын орындау үшін бұрыннан да пайдаланып жүрген ISpring QuizMaker бағдарламасын, дайындаған видеосабақтардың сапасын жақсарту мақсатында Movavi Video Editor бағдарламасын да меңгеріп алдық.
Сонымен, онлайн білім берудің қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар дейсіз ғой? Менің ойымша, студент қаражатын үнемдеуге септігін тигізетін сияқты: жолпұл, азық-түлік, тұрмысқа керек оны-мұныны сатып алу сияқты қажеттілікті есептемегенде, пәтерде тұратын студенттерге пәтерақысын не жатақханада тұру ақысын төлеудің қажеті жоқ. Кемшілігі «қоғамда өмір сүре отырып, қоғамнан бөлінуге болмайды» қағидасына қайшы келетіндігінде.
Өз курстастарымен еркін араласып, оқытушымен көзқарастары мен ғылыми тұжырымдары туралы ой бөліскенге не жетсін!? Бейвербалды амалдардың да атқаратын өз рөлі бар.
Сіздіңше, студенттер қазіргі таңда білім жүйесін дұрыс игере алды ма?
Жақсы сұрақ. Білімін жетілдіремін деген кез келген студенттің жағдай таңдамайтыны анық. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда берілген тапсырманы орындау үшін студенттер ұлттық кітапхана сайтынан өзіне қажетті ғылыми материалды еркін алып, сабақ барысында пайдаланып келеді. Ең бастысы, студент сабақтың смарт мақсатына сай алдына қиын, бірақ қолжетімді мақсат қойып, тапсырмаларды сәтті орындап, табысқа жетуден, шығармашылықтан өз күші мен мүмкіндіктеріне деген сенімдерінің артқандығынан өсетінін түсінсе болды. Олай болса, студент позитивті қарым-қатынасқа негізделген білім жүйесін дұрыс игере алды.
Сабақ беру процесінен басқа немен айналысасыз, бос уақытыңызда не істейсіз?
ЖОО оқытушысының жұмысы тек сабақ берумен шектелмейтіні белгілі, ғылыми бағыттағы жұмыстарды былай қойғанда, студенттердің ғылыми жұмыстарына кеңес беру, магистранттарға магистрлік диссертация бойынша бағыт беру, түрлі конференция, семинар, сұқбаттарға қатысу, мектеп бітірушілер үшін видеосабақ әзірлеу, мектеп оқушыларының олимпиадасына қатысты жұмыстарын тексеру, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу, эдвайзер-тәлімгерлік шаралар, т.б кафедраішілік тапсырмаларды орындау сияқты жауапкершілігі мол жұмыстармен айналысамыз. Бұған, күнде қайталанып отыратын, отбасылық тірліктерді де қосып қойыңыз. Сол бос уақытым болса деп армандаймын, жиі бола бермейді. Қызық көркем шығарма оқығанды, көңілді ән тыңдағанды, тәтті тағам әзірлегенді, немерелеріммен ойын ойнағанды ұнатамын.
Өзіңіз мақтан тұтар, яғни, ұстаздан шәкірт озған мақтаныштарыңыз бар ма?
Әрине бар. Ақын Толқын Қабылша, елдің ризашылығын алып жүрген Аида Абибуллаева, б.ғ.к, доцент Самалбек Қосанов, ф.ғ.к., аға оқытушы Ш.Елемесова, ф.ғ.к., аға оқытушы Гүлмира Бекмағанбетова т.б.
Қазіргі жастар қандай? Бұрынғы жастардан қандай айырмашылық бар?
Жастар туралы тек жақсы ойдамын, адами құндылықтарды сезініп, бағалай алса екен деймін. Білекті бірді, білімді мыңды жығады емес пе!? Қазіргі жастар - өз елінің мәдениеті мен өнерін, әдебиеті мен тарихын жетік білетін, бәсекеге қабілетті, бірнеше тілді меңгерген жандар. Елімізде алған білімінен бөлек шет елдерге барып, сана көкжиектерін кеңейтіп, тәжірибе алмасуда. Бұл мен үшін мақтанарлық дүние. Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың. Өте орынды айтылған. Байлық, дүние көшер, бірақ білім көшпейді...
Шет елде болдыңыз ба?
Дем алу мақсатында алыс, жақын шет елдерде болдым. Ыстықкөл (Қырғызстан), Кисловодск, Сочи, Гагра, Анталиядағы дем алыстарым мәдени орындар мен мұражайларға барумен, тауға саяхаттаумен жалғасты.
Сіздің әдемілігіңіздің, жас болып көрінуіңіздің себебі неде?
Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романында керемет бір нақыл бар: Әуелі тазартып ал іштің кірін, болмасын сыртың сұлу, ішің ірің – бұл менің басты ұстанымым. Адамның ішкі дүниесі, мінезі жаман болса, сұлу келбетіңнің құны көк тиын. «Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу», «Сөзі райлының – жүзі шырайлы», «Жаманның сөзі – түйеден түскендей», «Жылтырағанның бәрі – алтын емес», «Адамның жылтыраған сыртына емес, сұлу ішіне қызық» деген нақыл сөздер бекер айтылмаса керек. Олай болса, сұлулық бетте емес, жүректе, жан сұлулығында деп білемін. Ең бастысы, жан дүниеңнің мөлдірлігі, ешкімге қиянат жасамау, барлық адам баласын тең жақсы көру. Қысқасы, айтқым келгені – ішкі жан тазалығы сырт бейнеңді нұрландырады деген ой.
Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым, - деген екен Александр Македонский. Бүгінгі сырға толы сұхбатыңызға рақмет. Сізге тағзым етіп, өмірді жақсы өткізу туралы білім алатын, мен-мен деген шәкірттеріңіз лайым көп болсын!