Bugin
Елді ояту үшін, тарихты ояту керек
Қазақ өнеркәсібінде орын алған өзгерістердің басым көпшілігі Ресей үкіметінің бесжылдық ұйымдастыру саясатының нәтижесінде орын алды. Бірінші бесжылдық 1928-1932 жылдарға келеді.
Бұл кездегі негізгі мақсат ауылшаруашылығын қолға алу болды. Бір жағынан өндіріс орындарын жедел дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде Қазақстанда 40-қа жуық өнеркәсіп орны салынып, қорғасын, мыс қорыту зауыттары және көмір шахталары іске қосылды. Ең басты өзгеріс – елімізде әуе көлігі пайда болды.
Ендігі кезекте Қазақстан Орыс үкіметі үшін маңызды байлық көзі болып саналды. Мемлекетті зерттеуге қатысты іс-шаралар, түрлі экспедициялар бүкіл қазақ жерінде жүргізілді. Зерттелмеген аймақ қалмады. Ондағы көзделген зат, әрине, пайдалы қазбалар. Қазақ жерінің қойнауы пайдалы қазбаларға бай екендігіне көз жеткізген Ресей үкіметі Қазақстанды – мемлекетті дамыту үшін қолданылатын объект деп санай бастады. Осылайша олар үшін маңызды шешім қабылданды.
Қазақстандағы жүргізілген саясаттың бәрі бірдей тиімді болған жоқ, тіпті пайдасынан зияны көп болды. Ресей Федерациясы Қазақстаннан айырылып қалмас үшін қолынан келгеніннің бәрін істеді, барынша тырысты. Дегенмен, тек өздерінің жеке мақсаты үшін ғана тырысты. Себебі жүргізілген саясаттың ешбірі сол кезеңдегі мәселелерді түбегейлі шешпеді.
Қанша жерден жиналыста, ауқымды жиында құпталса да шешілу керек мәселенің пайда болу себебі толық ашылмады, нақты сипаттары көрсетілмеді. Ешқандай бағдарламасыз жүрді, тек сөз жүзінде ғана орындалды. Негізгі шешімдердің барлығы дерлік іске аспады. Осындай тиімсіз саясатқа индустрияландыру, атап өтілген барлық бесжылдықтар, жеделдету, қайта құру, жылымық жылдары және тағы басқа да саясаттарды жатқызамыз. Осы саясаттардың негізінде мемлекеттегі халық жағдайы да жалпы жағдай да нашарлады, күннен күнге қиындай түсті.
Өз тарихымызға үңілетін болсақ бұның бәрін ұғынып, барлығына көз жеткізу қиын емес. Отар мемлекет болғанның өзінде біз басқа ұлттар секілді ұлттық кейпімізді жоғалтпадық. Әлемдік тұрғыда түбегейлі жоқ болып кету қаупіне қаншама рет қарсы тұрдық, мәдениетімізді орыстандыруға тырысқандарға да тойтарыс бердік, желтоқсанның ызғары мен қанды шайқастан да жеңілмедік – мұның бәрі біздің әлі күнге дейін еңсесі биік ел екендігіміздің айғағы.
Қазіргі тәуелсіз, бейбіт мемлекетте тұрып жатқандығымыз ата-бабаларымыздың арқасы. Ата-бабаларымыздың көре алмай аңсап кеткен арманынан,осыншама қантөгіс, қиындықпен келген бейбітшіліктен ендігі айырылып қалуға жол жоқ.
Осы себептен де біз егеменді елдің ұрпақтары – азаматы мен азаматшалары мемлекетіміздің гүлденуі мен тәуелсіздігі үшін барымызды салып, еңбектенуіміз керек.