Қазақстан жаңалықтары

Қытай АҚШ-ты басып озды

Трамп Қытай экономикасын сауда соғысымен күл-талқан етемін деп армандап еді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алайда Трамптың бұл арманы орындала қоймады. Керісінше, бұдан АҚШ-тың өзі көп зардап шекті. Экономикасын күшейтіп жатқан Қытай әлемдік инвестицияны иелену бойынша алдыңғы қатарда.

БҰҰ сауда және даму конференциясының мәлімдеуінше, Қытай 2020 жылы әлемдік инвестицияның мол ағынын иеленді. Мәселен, Tesla Қытайда (Шанхай) өндірісін ұлғайтса, әйгілі PepsiCo компаниясы былтыр қытайдың жеңіл тағам брендін сатып алу үшін 705 млн доллар жұмсаған. Қалыспай ҚХР-ды бетке алғандар қатарында спорт киімін өндіруші Adidas (Германия), электронды жүйелерді басқару өндірушісі Honeywell International (АҚШ), ірі әлемдік ретейлер Walmart және шанхайлық "Диснейленд" салумен айналысып жатқан Walt Disney бар.

Қарқынды түрде өсіп келе жатқан экономикаға батыс компаниялары қаржы салуға ерекше ықыласын білдіріп отыр.

 "АҚШ-пен қатар өзге елдердің де компаниялары Қытайға инвестиция салуды жалғастыруда. Өйткені ел экономикасы пандемияға лайықты төтеп бере алды және індет кезінде де құлдырап кеткен жоқ. Оның өсімі басқа ірі экономикаларға қарағанда әлдеқайда күшті күйінде сақталып отыр", - деп пікір білдірген Rhodium Group сарапшысы Адам Лысенко.

Сауда және даму конференциясы жариялаған баяндамада 2020 жылы әлемдегі тікелей шетелдік инвестиция көлемі 42 пайызға төмендегені (1,489 трлн доллардан 859 млрд долларға), ал Қытайға салынған инвестиция 4 пайызға көбейіп (2019 жылмен салыстырғанда), 163 млрд долларды құрағаны айтылады.

БҰҰ мен Қытай коммерция министрлігі жариялаған деректерде өзгеріс бары байқалады. Ведомство 2020 жылы елге 144,37 млрд доллар инвестиция тартылғанын, соның нәтижесінде өсім 4,5 пайызға артқанын жариялады. Ұлттық валютаға ауыстырғанда тікелей шетелдік инвестиция 999,98 млрд юаньға жетіп,  6,2 пайызға артқан. Министрлік бұған "рекорд көрсеткіш" деп бағалайды.

Асыра мақтанатындай жөні бар. Себебі Қытай инвестиция тартудан тұңғыш рет АҚШ-ты артта қалдырып, көш бастап отыр. Осыған дейін күллі әлемнің инвесторлары үшін ең жайлы мекенге айналған АҚШ-та 2020 жылы шетелдік тікелей инвестиция тарту көрсеткіші 49 пайызға құлдырап, 134 млрд доллар болған.

Оқи отырыңыз

АҚШ Қытайға қарсы күш жинауда: Орталық Азия бұған қосыла ма?