Bugin

АҚШ Қытайға қарсы күш жинауда: Орталық Азия бұған қосыла ма?

АҚШ та, Қытай да әлемдік державаға айналғысы келеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ-тың жаңа келген президенті Джо Байден Трамптан кеткен қателікті жөндеу үшін Еуропа Одағы мен Орталық Азия елдерін біріктіріп, Қытайға қарсы күш ретінде жұмсауы мүмкін. Осылай делінген Platon Asia басылымы жазған талдау материалында.

Трамп әкімшілігі қытай билігінің Шыңжаң мұсылмандарын езгіге салуын геноцид деп атап, "лагерь саясатын" қатты сынаған. Трамп Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында репрессия жасаған шенеуніктерді қара тізімге кіргізіп, санкция салу туралы заңға қол қойды.

Байден командасы да қызметке кірісе салысымен Қытайға шүйлікті. АҚШ мемлекеттік хатшысы Э.Блинкин ҚХР-ның Ішкі істер министрі Ян Цзечиге қоңырау шалып "Шыңжаң, Тибет пен Гонконгте болған басып-шаншуды қатты сынайтынын әрі АҚШ-тың бұл аймақта адам құқығы мен демократиялық құндылықтарды қорғауға көшетінін" мәлімдеген. Оның айтуынша, Қытай адам құқығын аяққа таптағаны үшін АҚШ-қа жауап береді. Осы мәлімдемеден кейін Ұлыбритания, Аустралия бастаған Еуроодақ елдері Қытайға қарсы біріге бастады. Нидерланды мен Бельгияға да қытай билігінің ісі ұнамайды.

АҚШ әлемдік қауымдастықты өзіне қаратып, Қытайға қарсы қоюды ойлап отыр. АҚШ-тың ішіндегі қытай компаниялары мен азаматтарына қысым көрсетіле бастады. Конфуций институты бірінен кейін бірі жабылуда.

Американың КСРО ыдырағаннан кейін әлемде ең ірі державаға айналғаны белгілі. Қазір бұл орынға Қытай таласып жатыр. Әрі америка инвесторлары мен кәсіпкерлері Қытайдың АҚШ-тан озып кеткенін қаламайды. Сондықтан АҚШ-тың ірі кәсіпорындары мен гегемония-компаниялары елінің ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігін қорғау үшін барын салуда. Сол себепті алдағы уақытта Вашингтон билігі қытай компанияларына санкция салуды күшейтуі мүмкін. Ондай компаниялардың арасында Орталық Азияда жұмыс істейтіні де бар.

Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері де АҚШ-тың қаһарына қалмас үшін санкция шараларына бағынуға тура келеді.

"Оның үстіне, АҚШ билігі қытай экономикасына соққы жасау үшін Орталық Азия арқылы өтетін "Бір белдеу" жобасына тиісуі мүмкін. Сонда Қытай Еуропаға тауар тасымалдаудан қағылады", - деп жазады басылым.

Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. Қытай саясаткері Янь Сюэтунның Spiegel-ге берген сұхбатында Еуропаның АҚШ-тан әбден ығыры шыққанын, онымен біріккісі келмейтінін айтқан. Өйткені АҚШ Еуропаның ішкі мәселесіне араласа беріп, одақ елдерінің мазасын қашырған.

"Сондықтан Еуропа АҚШ-тан құтылу үшін Қытайды таңдап, тікелей тауар тасымалына көңіл бөлуде. ЕО осының арқасында Қытайда тауарын сатуға мүмкіндік алады", - дейді қытай саясаткері.

Ал мұндай жағдайда АҚШ Еуропаны өзіне қарату үшін Ұлы Жібек жолына килігуі әбден мүмкін. Қытай мен кәрі құрлықты байланыстырған күре қан тамырына пышақ ұру арқылы АҚШ бәрін сан соқтыруы ғажап емес.

"Байденнің командасы Трамп әкімшілігінің Еуроодақпен жауласқан ісін жуып-шаю үшін онымен достық орнатуға барынша тырысады. Байденнің ойы – Еуропамен бірігіп Қытайға қысым жасау. Сондықтан "Бір белдеу" жобасына соққы жасау үшін Орталық Азия елдерінің билігіне де қысым жасауы ықтимал", - деп жазады басылым.

Жақында АҚШ Орталық Азия маңында 1 млрд доллар инвестиция құю жөнінде Қазақстан және Өзбекстанмен келісімге келген еді. АҚШ осындай бастамалармен бірте-бірте Азияға еніп, қытайдың саяси билігіне әлсіретуге көшеді.

Сондай-ақ, Қытаймен қырғи-қабақ Үндістан мен Пәкістанды да өзіне қаратып, ту сыртынан шабуылдауы мүмкін. Қазір Ресей де Қытаймен бірігуді ойлап отырғаны белгілі. Ресейге қарсы тұру үшін де АҚШ Орталық Азияны қолдануы ықтимал. 

Қалай десек те, Америка мен Қытайдың әлемдік державаға айналу жолында түрлі айла-шарғы мен амалға барады. Бір-бірінен тайынып отырған жоқ. Екі гегемонияның арпалысында Орталық Азияның да алатын орны ерекше. Бірақ қай жағынан рөл атқаратыны әлі белгісіз.