Денсаулық

Ет қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін бе?

ДДҰ-ның мәліметінше, қатерлі ісік ауруларының үштен бір бөлігі дұрыс тамақ ішпеуден

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ет пен қатерлік ісіктің қаншалықты байланысы бары туралы ғылымда түрлі зерттеулер бар. Олардың жасаған тұжырымын бір арнаға, бір ойға қорытсақ, онда етті жеуден қашқан не аз жеген адамдардың қатерлі ісікке көп шалдықпайтыны анықталған.

Мәселен, Англия, Германия елдерінде жүргізілген зерттеудің көбі  вегетариандардың қатерлі ісік ауруына шалдығуы ет өнімін тұтынатындарға қарағанда 40%-ға төмен болатынын анықтады.

Ал Гарвард университеті зерттеушілерінің айтуынша, етті күнде жейтіндердің етті аз жеуге тырысатындарға қарағанда тоқ ішек қатерлі ісігіне үш есе көбірек шалдығады.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша, егер адам күніне 50 грамм сүрленген, кептірілген, қақталған етті немесе шұжық жесе, онда асқазан рагының туындау қатері 18%-ға артады.

Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар. Ет дегенде, пісірілген, асылған етке қарағанда өңделген ет ағзаға өте зиян келеді. Өңделген етке қуырылған, арнайы өңдеуден өткен өнімдерді айтады. Мәселен, Америка Қатерлі ісікті зерттеу институтының зерттеуінше, шұжық (колбаса) сынды аса өңделген ет өнімдерін көп жегендер асқазан, тоқ ішек, ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдығуға бейім келеді. Сондай-ақ, пісірілген еттің де біршама зияны бар көрінеді. Өйткені еттің құрамында жануар майы көп. Ол ағзаға көп түссе әрі қорытылмай қалса, жыныс гормондарының бөлінісі көбейіп, ағзаның тепе-теңдігі бұзылады. Содан әйел адам омырау рагына, ер адам простотитке шалдығады.

Ал сүрленген, өңделген шұжық сынды өнімдерде канцерогендік заттар көп болады. Қурылған және грильге салып пісірілген еттің құрамында мутагендік заттар көбейіп кетеді. Бұл қатерлі ісіктің пайда болуына әкелуі мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еттің өзі емес, оны дайындау кезінде қолданылатын химиялық заттар қауіпті екенін алға тартады.

Сарапшылар өңделген еттің зиянын арақ пен темекі түтіні төндіретін қауіп деңгейімен теңестіреді.

"Етті әртүрлі әдіспен өңдеуге болады. Мысалы, етті түтінмен ыстау арқылы қақтаса, онда түтінмен бірге қауіпті ісік тудыратын заттар түсуі мүмкін", - дейді Нейробиология университетінің профессоры Роберт Пикард.

Ал қандай етті жеуге болады дегенге келсек, онда қазақстандық дәрігер Алмаз Шарманның айтуынша, суға асылған, қайнатылған, буға бұқтырылған еттің зияны аз болады. Сондықтан етті қуырып емес, асып жеуге мән берген абзалырақ. Қазіргі адамға аптасына 500 грамм ет жеткілікті. Ал оны жеген кезде ағзада май көбейіп кетпес үшін еттің майлы жерін алып тастап жеу керек.