Сараптама
«Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі». Ахмет Байтұрсынұлы
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, түрлі тосқауылдар мен қиындықтарға кез болып келеді. Алдымен жоңғардың жемтігі болып, 100 жыл бойы жоңғарлармен соғысумен өткізсе, одан кейінгі 200 жылдан астам уақытын орыс билігінің сызып қойған шеңберінен аспай өткізді. Қарап тұрсаң, ұлтымыздың көрмеген қиындығы жоқ дерсің. Бірнеше аштықтар, түрлі соғыстар, жерін алу, құқығын шектеу секілді түрлі азапқа толы заманды өткерген.
Ұлтымыздың көрген қиындығы, патшалық Ресейдің көрсеткен озбыр саясаты сол заманда өмір сүрген, ұлтжанды азаматтарымыздың оянуына, қолдарына қару алып, алаңға шықпаса да, ақпарат айдынында ашық соғыс жариялап, барынша күрескені бесенеден белгілі. Осы сәтте жиырмасыншы ғасырдың бас кездеріне жарияланып тұрған, қазақтың тұңғыш журналы – «Айқап» журналында басылған, «ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың өкпесі» мақаласын өз сөзіме арқау етсем.
Мақала оқи отыра, авторы Ахмет ұстаздың мақаланы қаншалықты ашына жеткізгенін аңғару қиын емес. «Талап жоқ, үміт мол халықпыз. Үмітіміздің көбі қошқар, қасқырдың үміті сықылды!»- деген сөздерінен – ақ автордың қаншалықты ұлтымыздың надандығынан, аңқаулығынан, «ұйқыдағы ару» секілді әлі күнге дейін оянып, өзіне тиесіліні талап өтпеуі ашындырғанын сеземіз.
Біздің халқымыздың ата кәсібі – мал шаруашылығы. Қаншама отар малын бағамын деп жүріп, қазақ халқы білім, ғылым жайлы ойламаған. Бірақ осы сәтте – ақ өз пікіріме қарсы ой келеді. Егер шындығында да біз мал соңында жүрген, надан халық болсақ, Ыбырайлар, Шоқандар, Абайлар қайдан туады? Олардың білімді болып туылына кімдер әсер етеді деген ойға қаласың... Бірақ мақала авторы ханы да, халқы да білім мен ғылым жайлы ойланбаған, соғысып, одан қалған жерге мәз болған деп қатты сынайды. Мүмкін солай болған да шығар. Бірақ ол замандағы жағдай бізге оқу-білімге құштарлануға әсер ете білді ме? Ертеңіміз не болады деген оймен өткен шағын ғана ғұмырын, барынша ұлтын сақтауға арнамады ма? Не де болса, автордың өзіндік бір пікірі, өзіндік бір ойы бар. «Естек» деп, мәдениетті түрде, халқымыздың ең ұнамсыз жануарға теңеуінің астында – ақ бір сыр жатқан болар. Кім білсін?...
Мақаладан түйер ой, надандықты, жалқаулықты, аңғалдықты тастап, ел болуға қам жасау. Дүние – байлық ешкімге де арқау болған емес. «Байлық – бір жұттық» - деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Болашағымызды ойласақ, өнер-біліммен айналысып, ертеңімізге кірпіш қалағанымыз абзал. Мақала жазылған уақытта патшалық үкімет жерімізді тартып алып, өз құқықтарымызды шектеді. Тәттісін тартып алған баладай, жерімізден айырылдық деп өкпелемей, барға қанағат етіп, болашағымызды ойлау. Ешкімге өкпелеудің жөні жоқ. Не білімге, не өнерге қызықпасақ, кімнен қайран күтеміз? Ертең қалай күн көреміз? Бүгін тойғанымызға мәз болған біздің, ертең ашықпауымызға кім кепіл? Мақаланың мазмұны осыда.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» - демекші, қазірден бастап, білім мен ғылыммен айланысып, өнерге құштар болсақ, халқымыз ешқашан артта қалмайды деп өз сөзімді аяқтасам.