Bugin

«Бұны әкем естімесінші”

Ана мен қыз бала арасындағы махаббат пен сағыныштың бір арнада тоғысқан жерінде жүрекжарды дүние туындары анық. Міне, сондай дүниенің бірі ауылдағы ана мен оқуға кеткен қызының арасынан туындаған қысқаша әңгімеге ұласты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бәрібір...бәрібір. Қыз бала боп жаратылғаннан кейін бе, жүрегіміз анаға қарай соғып тұрады екен. Себебі, ананың махаббаты – ғаламда жоқ қолжетпес қазына. Біз оны кейін түсінеміз ғой. Алланың қалауымен ертең алып шаһар Алматыға оқу, білім деп аттанатын күнім. Бұрынғыдай өзіңді чемоданыңмен бірге жатақхана табалдырығына дейін сүйреп әкелетін анаңның алып күші жоқ. Бойжеткеніңе байланысты ұмыт қалған. Керек-жарағыңды қолыңа ұстатып, «Ал, жақсы. Қаңғырмай, сабағыңды оқы» деуінің астарында қаншама «Қызым, қызым, жалғызым» деген жүрегіңді елжіретпей қоймайтын жылы сөздер тұрады. Менің анам сол жылы сөздерді жиі айта бермейтін, қатқыл мінезді, көп дүниені ішінде сақтайтын адамдар қатарынан болуы керек еді. Бірақ, жоқ.

Білесіз бе, бүгін оның түк көңіл-күйі жоқ. Жасар әрекеті мен сөйлер сөзінен мән қашқан. Күн ұясына кірер уақыт болды-ау дегенде маған келіп «Сен кетсең үйде түк қызық жоқ. Жұмыстан үйге баруға асық болмаймын. Өзіңді кетпей тұрып сағынып бастап жатырмын» демесі бар ма?! Жүрек қойнауындағы жанартаудың атқылауына себеп бола алатын осындай сөздерге ұзақ ойланып қалғаным болмаса, аса аяушылық таныта алмадым. Себебі бар. Мінездің қаттылығынан көп нәрсеге жібіп, махаббат, сезім деген түсініктерді ұғына бермейтінім бар. Кейін, кейін...

Күн орнына ай нұрын төккен уақытта тысқа шықтым. Жалғыз отырып, ертеңгі күніме ойша жоспар құра бастадым. Кенет, төбеме жай түскендей селк ете қалдым. Анамның бүгінгі сөздері миымды торауылдап алды. Аяңдап, асықпай ойландым. Әлі баламыз ғой. Алды-артымызды аңғармай, айтылған сөзге тоқталмай жүре береміз. Сөз астарын ұғынбау, жете түсінбеу балалығымыздың салдарынан шығар, сірә?!

Сөйтсем, жатырда дамып, құрсақтан шыққан мына біз алысқа кетсек анамыздың жүрегін өзімізбен бірге суырып ала кетеді екенбіз де, сары уайымға салып қояды екенбіз. Осыны ойладым да, үнсіз қалдым. Жүрегім сыздап қоя берді. Анамның сол айтқан бір-екі ауыз сөзінен бір томдық кітап түйінін түсінгендей болып, есімді әбден жиып алдым. Көз жасымды өзімнен басқа өзгеге көрсетпейтін қырсықтау мен баяғы әдетіме көшіп, тыныш жер іздеп еңкілдеп жылап алдым. Сол уақытта іңгәлап тұрып, құшағына неге кіріп кетпедім деген сұрақ өзегімді өртеді. Қанша жерден қырсық, қыңыр болсам да ол – менің анам, ол – менің қанатсыз періштем. Оның бір жылы сөзіне еріп сала беруім керек. «Сен кеткен соң қызық жоқ» деді ойлаңызшы... Яғни,оның бар қызығы да, қуанышы да мен екенмін. Менің әр басқан қадамыма балаша шаттанып, алыстан ақ тілегін жаудыртатын аяулы анамның баласына деген шексіз махаббатының иесі мына мен, өзіммін. Олай болса, алысқа кеткенімді қаламайтын, кетсем артымнан құсша ұшып келуге құмартатын мендік өмірді сыйлаушы анамның жүрегі ауырғанда менің егіліп жылауым былай тұрсын, жата кетіп аяғының астын сүюім парыз екен-ді.

Қаншама адамның анасы жоқ, қаншама адам бала сүюге ынтызар? Ал менде әлемде жоқ ана бар және мен сол әлемде жоқ ананың баласымын. Бұл ғаламда менен асқан бақытты сәби, менен асқан өміріне разы қыз баласы жоқтай. Мен дәл осы пікірді жол жүрмей тұрып түсінгенім үшін өз-өзіме іштей шексіз алғыс жаудырдым. Себебі анамның жанында өткізетін бұл бір-ақ түннің мен үшін үлкен мәнге ие екенін ұғындым.

Тыста отырып көп нәрсені ой елегінен өткізгеннен кейін, үйге кіріп анамың мойнына асылдым. Езуім жиылмай, еркелей бергім келді. Осыдан кейін, анамның қызы екенімді тағы да дәлелдей түстім. Иә, мейлі. Мен анамның қызымын. Есесіне, әлемде жоқ ананың қызымын. Тек бұны әкем естімесінші...