МӘДЕНИЕТ

“Айқап” пен “Қазақ” басылымдары туралы шындық

“Қазақ” газеті мен “Айқап” журналы неге айтысқан?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқының көзінің қарашығы мен қос қанатындай болған “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті елдің санасының дамуына, ұлттық мәдениеттің жетілуіне зор үлесін қосқан. Қазақ баспасөзінің қос жұлдызына айналған басылымдар арасында қандай айтыс болды? 

Көптеген мәліметтерді оқып, іздену нәтижесінде: халық ойлағандай, бұл айтыс басылым редакторлары арасындағы түсініспеушілік немесе бір-біріне қарсы болғандығында емес. Иә, кейбір талқылауға тұрарлық мәселерде екі басылымның пікірталасы болғаны рас. Бірақ, ол жәй ғана пікірталас болды. Жалпы екі басылымның да мақсаттары бір еді, ол - қазақты төрге сүйреп, ағартып, кемел елге айналдыру. 

Ең алғаш, басылымдар арасында туындаған айтыс туралы пікірлерін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов пен С.Асфендияров өз еңбектерінде жазған. 

Сонымен, “Айқап” пен “Қазақ” неге айтысқан?

Бұл жөнінде “Уақыт” газетінің 1915 жылы шыққан санында Нығметолла Күзембаев “Айқап журналы хақында” деген мақаласында жазып көрсеткен. Ол басылымдар арасында талас тудырған үш мәселе дейді. Бірі - жерге орналастыру, екіншісі - съезд шақыру болса, үшінші мәселе - әліпби жөнінде болды. 

Сөзсіз, екі басылымның да мақсаты халыққа көмек беру. Бірақ, сол мақсатқа жету жолдары бөлек болған секілді. “Айқаптықтар” жерге орналастыру мәселесі жөнінде отырықшы болуды қолдаса, “Қазақ” газеті төңірегіндегілер бұл ұсынысты құптамады. Себебі, “патша үкіметінен 15 десятина алып кең-байтақ жерімді құрбан ете алмаймыз” - дейді “Қазақ” газеті. Ал, “Айқап” журналы өз кезегінде “Отырықшы болсақ, халқымыздың саны ұлғайып, балалардың білум алуға мүмкіндіктері көп болады” - деп жауап қатқан. Жалпы екі басылымның да пікірлері мен ниеттерінің дұрыс екенін аңғарамыз. Және тағы да басылым авторлары бір-біріне қаратпа мақалалар жариялауына себеп болған - басқосу өткізу және әліпби таңдау. Осы тұста журналдың 1915 жылғы №6 санында жарық көрген Шәкәрім Құдайбердіұлының «Сөз таласы» мақаласында “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінің арасындағы мұсылман құрылтайы мәселесіне қатысты өрбіген кезекті таластарды ақыл таразысына салып, сын көзімен қарады. Ақын орынсыз кекету, жөнсіз мұқату, қисынсыз мінеу сынды ар өлшемімен үйлеспейтін жағымсыз қылықтармен Алаш баласын әлеуметтік келеңсіздіктерге ұрындырып отырғанын айтады. Бәлкім, бұл айтыстардың себебі - редакторлары М.Сералин мен А.Байтұрсыновтың көзқарастарының әртүрлі болуанда болар...

Бір қуантатыны, қазақ жұртына көздің ағы мен қарасындай қызмет еткен қос басылым арасынла қанша талас-тартыс болса да, әрдайым бірінің бастамаларын бірі қолдап отырған. Бұдан біз не аңғарамыз? Қанша айтыс болса да, олар жеке бас қамынан бұрын ұлт мәселесін биік қойған. Оған дәлел Бейімбет Майлиннің «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған мақаласында: «Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп мақсаттары бір еді», – деп жазуы.