Bugin
Қазақтың өкпесі" мақаласында көтерілген сондағы мәселе – қоғамның сауаттылық мәселесі мен жер дауы
1911 жылы "Айқап" газетінің 2-ші басылымында жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының "Қазақтың өкпесі" мақаласында қазақ халқының бірқатар өзекті мәселесі көтерілген.
Ұлт жанашыры, ағартушы, көсемсөз шеберінің халық басындағы әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді өз еңбектерінде көтеріп, халыққа сол арқылы үн тастауы болашақты ойлаған көрегенділігінен еді. Халқының қамын жеген азамат аталмыш мақаласының кіріспесін қамсыз жатқан қазақтың кері кеткен ахуалы енді ғана қазақтың көңіліне кіріп, кірбің ұялатып, уайымдата бастағанымен ашады. Халықтың артқа кеткен жағдайы, басына түскен нәубеті өзінен, өзінің іс-әрекет, пейіл-берекетінен емес, өзгенің кесірінен, өзгенің ісінен деп түсініп, барлық кінәні айнала қоғамнан іздеп, өз басына шаң жуытпайтын қазақтың өзгеге өкпешіл келетініне Ахмет Байтұрсынұлы өз мақаласында көңіл толмаушылық білдіреді.
"Қазақтың өкпесі" мақаласында көтерілген сондағы мәселе – қоғамның сауаттылық мәселесі мен жер дауы. Қазақ екі нәрсеге өкпелі екен: бірі – пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берген үкіметке өкпесі, екіншісі – қазақ жерін қазыналық етуге көнген өткендерге өкпесі. Ендігі, Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың осы екі өкпесінің қаншалықты орынды не орынсыз екенін жілік-майын шағып талдап береді.
Қазақ халқы әуелден байлық, пұл, ақша қумай, өнер-білім қуса, өз ішінде қырық пышақ болмай, тату-бірлікте болса, халық бірін-бірі кері тартпай өзге жұрттар секілді алға ұмтылса, орны толмас өкініштің талайы орын алмас еді дейді. Автор мақалада не ханы, не қарасы білімді қажетсінбей, өз басымен, өз мәселесімен әуейі болып жүріп, мұжықтарға амалсыздан қосылуға тура келгенін де тілге тиек етеді. Бұл жерде кімді кінәлап, кімге назалану керегі де анық бола түседі.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың екінші өкпесіне де сын айтады. Жердің қазыналық болуын мұңдап, өкіну – білімсіздік дейді автор. Ахаң өз жеріне шаруа қылып, егін егіп, ие болудың орнына малға, пұлға, шүберекке сатудан тартынбайтын қазақтың надандығын тағы бір сынап алады. Ертеңгі күнін ойлайтын адам, бір күнімен өмір сүрмесі анық. Ұлт зиялысы да қазақтың бір күндігіне мәз болып, қарны тойып, уайымы сейілгеніне масаттануға болмайтынын ескертеді. Жүз жылдығын ойлайтын халық әуелі өнер-білімін, тәрбиесін толықтырар. Ахаңның да "Қазақтың өкпесі" мақаласында көздеген негізгі мақсаты – ел-жұртты сауатқа шақыру, өнер-білімге баулу болатын.
«Ата жолдасы – надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айрылатын емес. Надандықтың кесапаты əр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай-ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз бəрі де надандықтың кесапаты», - деп күйіне жазған Ақаң қазақ халқының қамын жеп, надандықтың пердесін түріп, сауаттылық есігін ашуға шақырады. Мақалада көтерген негізгі мәселесі де халықты сауаттандырып, көзін ашып, көкірегін ояту болатын.
«Дүниеде теңге теңдік, кемге кемдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, елсіздің елдігін теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін?!» деген бір ауыз сөзі арқылы Ахмет Байтұрсынұлы білімнің алпауыт күшке ие екенін, жоқты барға, барды молға айналдыратын қуат көзін ашып айтады. Осы жерде надандық ұйқысында жатқан қалың қазақты білім нәрімен сусындату үшін дәл осы мақала арқылы оятып алуды өзіне міндет санаған Ахмет Байтұрсынұлы ұлт бағына туған асыл азамат екеніне тағы бір көз жеткіземіз.
Қараңғы халықтың ішіне сәуле жарығындай нұрын шашқан Ахметтің бұл мақаласы түйінді мәселенің шиеленіскен тұсын тауып, тас түйін күрмеуді шешу жолында елеулі қызмет атқарды. "Қазақтың өкпесінде" келтірілген екі өкпенің де қисынсыз екені айтылып, халық бар қиындықтың салдарын өзгеден емес, тек өзінен ғана көру керегін айтқан автор ешкімге өкпе артудың қажеті жоғын айтып мақаласын қорытындылайды. Ахмет Байтұрсынұлы аталмыш мақаласы арқылы халықтың надандығын бетіне басып, өзгелердің алдында масқаралауды емес, өз халқына шынайы жанашырлық танытып, өнер-білімге, әдебиет пен мәдениетке баулуды, сауаттылыққа шақыруды көздейді.
Ахмет Байтұрсынов: «… газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек… Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» деген. Мақаламды түйіндей келе, халықтың көзі, құлағы, тілі болған "Айқап" газетінде жарық көрген "Қазақтың өкпесі" мақаласы – келелі мәселені қозғап, халықты сауаттандыру сынды маңызды тоқтамға келіп, халыққа түрткі болған асыл мирас.