Bugin
Еуропа - Қазақстанның басты инвестициялық серіктесі
2021 жылы 12 ақпанда Еуропарламент депутаттары Қазақстанға қарсы резолюция қабылдаған еді. Депутаттардың айтуынша, Қазақстан билігі адам құқығын аяққа таптап, бейбіт наразылық пен жиылысты басып-шаншып, саяси тұтқындарға күш қолданып жатыр. Қоғамдық белсенділердің кейбірі саяси қысымның кесірінен қайтыс болды. Ал бұған қазақ билігі тергеу жүргізіп, істің мән-жайын анықтауға құлық танытып отырған жоқ.
Осылай деп мәлімдеген депутаттардың бірі Виола фон Крамон-Таубадель "сол үшін Қазақстанға санкция салу керек" деп түйіндеді.
"Қазақстан басшылығын жазалаудың уақыты келді. Адам құқығы саласында санкция салудың ғаламдық режімі дайын тұр. Соны қолданайық", - деді неміс саясаткері.
Сөйтіп Қазақстанға қарсы резолюция қабылданып кетті. Алайда Нұр-Сұлтан билігі мұнымен келіспейтінін, елде адам құқығы қорғауда, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "халық үніне құлақ түруші үкімет" тұжырымы орындалып жатқанын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ билігі Еуропамен келіспейтінін ашық айтты.
Ал бұған қатысты сарапшылар не дейді екен?
Қазақстандық саясаттанушы Марат Шибутовтың айтуынша, Еуропаның Қазақстанға қарсы резолюция жариялап отырғаны бірінші рет емес. 13-14 резолюция жариялаған.
"Оның кейбірі Қазақстанға тікелей емес. Орталық Азия елдеріне қарсы бағытталған. Яғни, Еуроодақ 20 жылдың ішінде Қазақстанды бірнеше рет сынға алған. Бірақ нақты кімге санкция саларын ешқашан айтқан емес. Оның үстінде, Қазақстанға инвестиция салып, пайдалы қазбасын өндірумен айналысап жатқан активі бар еуропа компаниясы жетерлік. Ал Қазақстанның бір азаматына санкция салу – бүкіл билігімен дауласу деген сөз. Еуропа бұған бара қояды деп ойламаймын", - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, Еуропаның резолюция қабылдауына Мұхтар Әблязов пен басқа да шетелде жүрген қазақстан оппозионерлерінің лоббистік әрекеті себеп болуы мүмкін.
"Қазақстанда 2017 жылы 36 митинг болған, 2018 жылы – 32 наразылық, 2019 жылы 227 наразылық акциясы, 2020 жылы карантин кезінде 176 акция өткен. Яғни, азаматтық және саяси белсенділік артып барады. Мемлекет демократияға бара жатыр", - деп бағалайды саясаттанушы.
Ал Қазақстандағы Адам құқығы мен заңды бақылау жөніндегі халықаралық бюро басшысы Евгений Жовтис болса, басқалай пікір айтады. Оның ойынша, Еуропарламенті осы күнге дейін Қазақстанға 13 резолюция қабылдағанымен, биылғысы "елден ерекше".
"20 жылдың ішінде Еуропа Қазақстанға қарсы 13 резолюция қабылдағанымен, оның 8-і ғана нақты Қазақстанға бағытталған. Биыл резолюцияның ерекшелігі не дегенге келсек, мұның ең алдымен саяси қадам екенін ұққанымыз жөн. Яғни, қабылданған резолюцияның аз-кеміне қарамайды. Керісінше, көп болған сайын – соншалық зиян. Еуропарламент Қазақстанды сынауын жыл сайын үдетіп келеді. Биылғы сынын мүлде қатаңдатыпты. Бұдан пайда жоқ деп ойламау керек. Сыртқы саяси іске бәрібір әсерін тигізеді", - деп түсіндірді құқық қорғаушы.
Оның айтуынша, Қазақстан бұған дейінгі резолюцияны орындаған жоқ. Бұл Еуропаның ашуын туғызуы мүмкін.
"Биылғы резолюция бұрынғыдай емес, қатаң әрі зілді. Бұл Қазақстанның халықаралық имиджіне зиян келтіреді. Оның үстіне, Еуропа – Қазақстанның негізгі инвестиция тартушы аймағы. Бұдан кейін Қазақстанның Еуропамен қарым-қатынасы қиындауы мүмкін. Асыра сілтеп отырғаным жоқ. Бірақ бұл Қазақстанға сынақ", - дейді Евгений Жовтис.