Білім және ғылым

Құпияға толы Қорған

Қазақтың кең байтақ жерінде бар құпиясын ішіне бүккен, әлі толық ашылмай, зерттеушілерін күтіп жатқан ескі қорған мен қалашық жетерлік. Менің тарихқа деген қызығушылығымды оятқан осы ескі қорғандар еді. Ауылда X-XI ғасырға жататын қорған болатын. Сол қорғанды өз бетімше зерттеп көргенмін. Зерттеу кезінде болған қызық оқиғаммен бөлісуді жөн көрдім. Оқып бағасын беріңіздер.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаз. Шілде айының орта шені болуы керек. Шіліңгір шілде болған соң, жердің апшысын қуыратындай, күн аптап ыстық. Аспанда шөкімдей бұлт көзге көрінбейді. Жан-жануар түгілі, адамдар да күннің ыстығына шыдай алмай, үйлеріне тығылып далаға аттап басқысы келмейді. Көшеде бейсауат жүрген жан көрінбейді.

    Өзім де қоңыр салқын үйден шыққым келмей, ары-бері тыпыршып жатқанмын. Мені үйден шығарған іштегі қызығушылығым мен білімге деген құштарлығым болатын. Қала берді бала кезімнен қалыптасқан бір мінезім бар еді. Ойлаған ойымды іске асырғанша жаным жай таппай мазам қашады. Ойымда көптен бері маза бермей жүрген істі орындау үшін бір күнді таңдап, шаңқай түсте шайтанарбама мініп, қолыма күрегімді алып, ауылдың сыртына қарай жолға шықтым. Бағытым ауылдан қатты қашық емес, жаяу адам сүт пісірім уақытта жетіп жығылатын қозы көш жер болатын. Аяң жүріс пен қырдың тастақ жолына ілігіп, бала кезден әрі-бері шапқылап көп жүрген, көзіңді байлап қойсаң да жаңылмайтын жаттанды соқпақ. Ой шылауында ілбіп кетіп барамын.
 
  Сол бұрынғы тастақ жол, құба төбе, жусанды дала, ақшаңқан үлкен Бөлтірік шешен кесенесі, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған ғасыр болған ескі мешіт, арық жағасын бойлай өскен қалың шеңгел мен жыңғыл. Шеңгел көлеңкесін үй іздеп бір атар қой жатыр. Байғұстар-ай! Тілдері салақтап «салқын су бар ма?» дегендей маған жаутаңдап қарайды. Осындай ми қайнатар ыстықта, қалың тері мен жүнін қалай шыдап жүр десеңші. Мейлің, қойшы оларды. Өзім де шөліркеп, ыстыққа зорға шыдап, ентігіп келемін. Мақсатым – сонау қырдың астындағы тарих тезіне тапталып, үйінді төбе болып қалған X-XII ғасырға жататын ескі Қызылқорған қалашығы. «Онда не жоғалттың?» десеңші. Басқаларға  мән бермейтін жай төбе болуы мүмкін. Ал мен үшін көкірегіме қозғау салып, тарихқа деген қызығушылығымды оятқан, қиялым мен тарих толқынына сапар шеккізген қадірлі де, қасиетті жер!

  Әупірімдеп терлеп-тепшіп ойлаған жеріме де жеттім-ау! Бірден ескі қорған ішін аралап, жөн-жосықсыз іске кіріспей, тізерлей отырып, білетін сүрелерімді қайырып, аруақтарға құран бағыштадым. Құран бағыштап болған соң ғана ат шаптырым жерді алып жатқан қалашықты түгел айналып шолып шықтым. Ол әр келген сайын істейтін әдетім болатын. Сондағы ескі қорғанның құлаған қабырғасының астына ін қазып алған сарышұнақ тышқандардың сыртқа топырақпен шығарып тастаған құмыраның сынықтарын аралап жинап шығу еді. Бұл жолы іліп аларлық ештеңе таппадым. Таппағаннан кейін әкелген күрегіммен өткен қойкезекте белгілеп кеткен орындарды қазуға кірісіп кеттім. Маған керегі құмыраның сынығы емес, олар өзімде де жетіп артылатын. Керегі жебенің ұшы немесе қанжар, найза бастары болатын. Бұрын ондай құнды жәдігер кездестірмеген едім. Оны ойыма салған, әнеу бір келген кезімде, қалашықтың төменгі жағынан қора-жай салып, мал шаруашылығымен айналысып жүрген қойшы аға болатын. Айтқаны ерте көктемде Алматы қаласынан қолында металл сезгіш құралы бар тарихшы келіп арабша жазуы бар найзаның ұшын тауып алғанын айтып, құлағымды көтеріп еліктіріп қойған болатын.

Содан қолымда құралым болмаса да, тауып қалармын деген алданыш сезіммен қазуға бел будым. Жаз айы болғандықтан топырақ борпылдақ жұмсақ екен. Қазғанда қатты қиналмадым. Үшінші рет сілтегеннен ақ күрек басы сүйекке болмаса құмыра сынығына ұрылды. Бірінші шыққаны ақшылтаң келген мал сүйегі. Келесі қазғанымда тағы да сүйек шықты. Бірақ ақ емес қызыл сүйек екен. Шамалы үрпейіп шошып қалдым. Себебі, биология пәнінен беретін мұғалімнің «адам сүйегі қызыл болады» деген сөзі есімде қалыпты. Бисмиллямды айтып бөлек орынға, басып кетпейтіндей жерге  қойдым. Ішімнен аруақтарды мазаладым ғой, жаман жер басып аруақ атып кетермін деген жаман ой келгенде, денем түршігіп қара тер бұрқ ете қалды. Қызығушылығым жеңіп қазуымды әрмен қарай үреймен жалғастырдым. Қазуға беріліп кетіп, мана төмен жақта қой бағып жүрген қойшының жаныма таяп қалғаның байқамай да қалыппын. Қазуымды доғарып қойшы ағамен амандастым. Ол кісіні бұрыннан танитын едім. Амандық саулықтан кейін әңгіме де басталып кетті.

—Не қазып жатсың інім? Бір нәрсе шығып жатыр ма өзі, келгеніңе біраз болды манадан бері байқаймын. "Ендігі іздегенің шығатын уақыт болды ғой, күн ыстықта айдалада не істеп жүрсің, жатпайсың ба үйінде?"- дегендей кекесін күлкімен маған қарап ыржияды. Мен қатты мән бере қоймаған соң күлкісі сап тиылды. Әңгімесін салмақты жүзбен жалғастырып —«Үйдегі ұлдарымды боқтаймын. Жұрттың баласы сонау алыстағы ауылдан келіп қазып жатыр. Сендер болсандар мынау қарға адым, таяқ тастар жерде тұрып қазуға ерініп, жалқаулық атасыңдар да жатасыңдар. Өзім қазайын десем жағдай жар бермейді. Жарайсың інім, біздікілер сияқты жалқауланбай қаза бер, іздегенің табылып қалар»- деп сөзбен қолтығымнан бүркеп, демеп қояды. Мен рахмет дегендей басымды болар болмас сілтей салдым. Ол кезде қазуымды тоқтатпай, жұмысқа қызу кірісіп кеткен болатынмын. Маған жүрер алдында жымысқы күлкімен «Алтын шықса бөлісеміз ғой» деп көзін қысып жымиып қояды. Мен үндемедім. Атына 1-2 қамшы салып, үзеңгі  тебініп, алысқа ұзап кеткен атар қойға қарай асығыс жүріп кетті. Артында  күрегіме сүйеніп, қалың ой жетегінде шомып қала бердім. Ол кісі қайдан білсін менің алтын іздеп жатпағанымды. Ойыма алтын түгілі, көңіліме күміс те ұя салмаған болатын. Бар іздегенім – сол темір найза, жебе ұштары. Олар маған алтыннан да қымбат, бағалы еді.

 Оны өзімнен басқа ешкім түсінбейтін шығар!