Павлодар

Көрікті мекен - Баянауыл

Баянауылдан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас" дейді қазақ. Мен үшін де туған жерім – Баянауылдың орны ерекше. Бұл мақалада сіздерге Баянауыл туралы айтпақпын.  

Баянауыл – сан ғасырлық тарихы бар, киелі де қасиетті, аңызға айналған мекен!

"Өз елін сүймеген адам еш нәрсені де сүйе алмайды" деген Байронның сөздерімен өз жұмысымды бастағым келеді. Әркімге туған жері, елі қымбат. Менің ойымша, адам баласы үшін туған өлкесінен артық еш нәрсе жоқ. Адамның патриоттық сезімінің нысаны мен қайнар көзі – Отан.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың тарихи құжатқа айналған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегіміз әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды" деп туған жердің қасиетіне ерекше тоқталады.  Әрбір адамның табан тірер туған жері болады.

Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек.

Менің туған жерім алтын арқаның құтты мекені атанып жүрген бай қазыналы, көгілдір таулы көрікті өңірлердің бірі – Баянауыл.  Дана бабамыз Асан Қайғы Баянаулаға келгенде "Ат ерін алмайтын жер екен, бір түней кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады" десе, дара әулиеміз Мәшһүр Жүсіп "Баянаула қойсайшы жердің атын" деп Қазақстанның інжу-маржаны мен мәдени рухани тірегіне айналған киелі өлкеміздің атын дәріптейді.

Егер менен сен не үшін туған өлкеңді сүйесің деп сұраса, мен мүдірместен Мұқағали атамыз айтқандай күн мен түнін, қыбырлаған жәндігіне дейін сүйемін дер едім. Өйткені Баянауылдың  табиғаты –әдемі, көрікті, сан қилы орманға толы, жусаны мен жуасы аңқыған, самал желі ескен өлке. Қыстағы қалың жамылғы қар көрпесі мен жазғы құлпырған шалғын даласын құшағыма алар едім.

Жалпы Баянауыл өңірі  – ғалымдардың, жазушылардың, ақындар мен қоғамдық қайраткерлерді тудырған. Олардың есімдері әлемге танымал. Баянауыл жері – көптеген ғалымдардың, жазушылардың, ақындардың және қоғам қайраткерлерің Отаны. Бұл даңқты Бұқар жыраудың, Шоң бидің, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы және жиырмасыншы ғасырдың басындағы композитор Жаяу Мұса Байжановтың, алғашқы қазақтан шыққан тарихшы, ағартушылардың бірі – Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтың және қазақ әдебиетінің классигі, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, тағы басқа зиялылардың туған жері.

Баянауылдан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан. Олардың арасында геолог Қаз ССР ғылым академиясының тұнғыш президенті, Лениндік және мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың орны ерекше.

Осындай ұлы  тұлғалар салған сара жолдың ізін жалғастырып, мерейін асыру үшін, бүгінде мен  Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасында білім алудамын. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Бәкір Тәжібаев жырлаған мына бір шумақтары ойыма оралады да тұрады:

Қайда жүрсем, туған жерім,

Сен есімнен шығармысың!

Жастық дәурен құрған жерім,

Көз алдымда тұрармысың!

Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап, отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Меніңше, әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиіс.