Ахмет Байтұрсыновтың "Қазақтың өкпесі" атты мақаласының айшықты мәні

Оқу-білімға ұмтылу

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алаштың көрнекті қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың 1911 жылы «Айқап» журналының 2 санында «Қазақтың өкпесі» атты мақаласы жарияланған. Бүгін осы мақалаға көз жүгіртіп, айшықты мәнін қарастырайық.

Жалпылай айтатын болсақ, мақалада XX ғасыр басындағы қазақ елінің жағдайы, соның ішінде саяси-әлеуметтік мәселелері, шаруашылық жағдайы, оқу-білімге, жер және ағартушылық мәселелерге байланысты автордың ойы жазылған. Бұл сол кездегі патша үкіметі саясатының салдарынан, теріс жағынан орын алған өзекті мәселелер еді.

А.Байтұрсынов қазақ халқының соңғы кездері көңіліне қайғы кіріп, басқа келген нәубеттің қайдан, қалай келгенін білмей, әр нәрсеге өкпелеп, өздеріне көрсетілген қысым мен тосқауылға төтеп бере алмайтынына күйінеді. Негізгі түрткі жайт патша үкіметі саясаты мен отарлығында болса да, мұндағы негізгі мәселе халықтың жаңа заманға сай орныға алмағанында, ал бұл жердегі кінә халықтың өзінде екенін айшықтап айтады.

Халық сол кездегі жаңа заманда төбесін қара түн басқан санасын артта қалдыруы керек еді. «...Дүниеде теңге теңдік, кемге кемдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, елсіздің елдігін теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін?!» деп халық өзін-өзі қолға алмаса, жөнсіз өкпесінен арылып, теңдікке қол жеткізбейтінін ашық жазып, үндеу тастайды.

Яғни, Ахмет Байтұрсынов қазақтың езілген, адасқан хәлін барынша дәл көрсетті және оның ойынша бұл тығырықтан шығудың жолы надандық пен жалқаулықтан арылып, ғылым мен өнерге, ізденіске жол салу болды. Ол осы мәселеге көрегендікпен қарсы пікір айтқанымен, билік тарапынан оның білгірлік ойы өкінішке орай елеусіз қалды. Кейін 1930 жылдары ашаршылық секілді жағдайлар халықтың енді қадам басып, көтеріліп келе жатқан еңсесін езіп, үлкен тосқауыл, түрткі болды. 

Ахмет Байтұрсынов өзі айтқандай, «Әуелі газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек».

Дегенмен, «Қазақ өкпесі» атты мақаласы кейіннен халық арасында ерекше орын алып, саяси маңызы, мәні айқындалды. Бұл мақала халықтың ішкі рухын оятып, халық сауаттылығы алға жаймен қадам басып, кең өркен жая түсті.