МӘДЕНИЕТ
Баспалар арасындағы сіз білмейтін айтыс
«Айқап» пен «Қазақ». Екеуі де қазақ журналистикасының тарихында ойып тұрып орын алған, өз заманының шындығын айтып, әр оқырманның жүрегіне терең бойлай білген басылымдар. Редакторлары – М.Сералин және А.Байтұрсынов. Екеуі де елі үшін еміренген, ұлт жанашырлары болған.
Ал басылымдардың арасындағы айтыс редакторлардың бір-біріне жұлдызының қайшы болғанын білдірмейді. Бұл туралы көрнекті қалам қайраткері Бейімбет Майлиннің «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласында: «Бұл екеуінің кейбір пікірінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткені оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп мақсаттары бір еді», – деп жазуы дәлел.
Газеттегі мақалаларға көз жүгіртсек екі газеттің бір-бірін қолдап отырғанын да байқай аламыз. “Қазақ” газеті “Айқап” журналында жарияланған мақалаларға да үн қосып, қолдап отырғанымен мал шаруашылығы, отырықшылық, қала болу мәселесіне келгенде пікірталасына да барып қалады. Бұл факті де газеттің өзіндік ерекшілігін, прогресшіл рөлін танып, біле түсуімізге көмектеседі. Мысалы “Айқаптың” 1912 жылдың бесінші санында жарияланған Ахмет Жанғалиннің мақаласындағы “Қазақ халқы қала болуы тиіс емес, қала болудың соңында біз үшін көп қорқыныш сезіледі” деген пікірге Ғ.Қарашев “Айқаптың” өз бетінде жарияланған “Ахмет Жанғалинге жауап” атты мақаласымен қарсы шығады. Автор өз ойын “ Біздің ата кәсібіміз — мал өсіру. Қала бол деген сөзден мал өсірме” деген сөз шықпайды. Мал бағу біздің маңдайымызға жазылып қойған, былайғы кәсіппен тіршілік ете алмаймыз деген хакім (заң деген ұғымда) дұрыс хакім емес. Қазақ жөні келсе егінмен де, саудамен де қазақ тіршілік ете алады. Бұл заманда көшпелі, бәдәуи, надан жұрт жұрттығын, елдігін сақтап тіршілік ете алмайды” деп қорытындылайды. Осы мақаладан бастап екі басылымның арасында кереғар пікірлер туындап отырған.
«Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан? Көрнекті ғалым Б.Кенжебаевтың жазуынша, оның үш түрлі мəселе бойынша өрбитініне жоғарыда тоқталдық. Атап айтқанда жерге орналастыру, съезд шақыру жəне əліпби түзу жөнінде екі басылым басшылығы бір пікірге келе алмаған. Ол – тарихи шындық. Оны газет-журнал тігінділерінің материалдары да растайды.
Десек те біз екі газетті бөліп-жарып, мына газетте дұрыс, мына газетте бұрыс ой айтылған дей алмаймыз. Себебі екі газет те ұлттың қамы үшін жұмыс істеген. Ал арасындағы айтысқа келетін болсақ, қанша адам болса сонша ой, сонша пікір болады. Осынау үлкен басылымдарда бір-біріне кереғар пікірдің болуы –заңдылық.