Bugin

Айқап журналы мен Қазақ газетінің бір-біріне көзқарасы

Көшпеліліктен бас тартып, отырықшы боламыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл екі басылымды да елі десе емешегі езіліп, жұрты десе жүрегін жұлып беруден таймайтын нағыз ұлтжанды азаматтар басқарды. Біріншісінің редакторы - қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Мұхамеджан Сералин болды.

Бұл екі басылымды да елі десе емешегі езіліп, жұрты десе жүрегін жұлып беруден таймайтын нағыз ұлтжанды азаматтар басқарды. Біріншісінің редакторы - қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Мұхамеджан Сералин болды. Ал «Қазақ» газетін «ұлттың ұстазы» атанған атақты - Ахмет Байтұрсынұлы басқарды. Бірақ осы екі басылымның көзқарастары қайшы болған тұс бар.

М.Сералин 1915 жылы жарық көрген «Басқармадан» атты мақаласында «Айқап» журналын ашудағы басты мақсатын: «...Мақсатымыз дүние жиып, байымақ, пайдаланбақ емес, тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді... Журнал шығарғандағы мақсатымыз - халыққа жол көрсетпек еді», - деп білдіреді. Қайраткер «Аштық хақында», «Келешек заманымыздың қамы», «Қазақ халқының мұң-мұқтаждығы», «Қазақ жастары», «Отырықшы болған қазақтар туралы», «Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл», «Жер әңгімесі» т.б. мақалаларында қазақ қауымының жоғын жоқтап, жер, оқу-ағарту секілді басты мәселелердегі келелі ой-толғамдарын талқыға салады.

Тағы бір тұста «Айқап»: «Көшпеліліктен бас тартып, отырықшы боламыз. Отырықшы болған ел оқуға мүмкіндік алады, егін егіп, басқа да шаруа түрлерін дамытады» деп ашық пікір білдіреді. Міне, осы ұстанымдары «Қазақ» газетімен келіспеушілік туғызды. «Қазақ» газеті қазаққа 15 десятинадан жер беріп, отырықшы қылудың артында патшалық Ресейдің құйтырқы саясаты жатқандығын айтады. Олар қазаққа осынша жер беру арқылы өздеріне көбірек қалдыру жағын ойлап отырғандығын алға тартады. Оның дәлелі ретінде переселен мекемесінің бастығы Глинконың Ресейдің Мемлекеттік Думасындағы ашық мәлімдемесін мысал ретінде келтіреді. Екіншіден, қазақ жерінің көп бөлігі егін егуге қолайлы емес, ертең халықтың аштыққа ұшырауы мүмкін екендігін ескертеді.

Міне, осылайша «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы алғашқы көзқарас, ұстаным қайшылығы орын алған. Бірақ бұл қос басылым ұстанымдарындағы жалғыз қайшылық емес. Бұнымен қоса олардың басқосу (съезд) өткізуге және әліпби таңдауға келгенде де пікірлері екіге жарылған. Соның кесірінен екі басылым авторлары бір-біріне қарата көптеген мақалалар жариялаған. Алайда қазақтың сол тұстағы зиялылары жазармандарды мәмілеге келуге үгіттеген.